Ақмолалық дәрігерлер министрге: Онконауқастар көрші облыстарда тексерілуге мәжбүр

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жұмыс сапарымен жүрген ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Көкшетау қаласындағы онкология ауруханасында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Денсаулық сақтау министрі онкологиялық аурухананың палаталарын аралап көріп, оның материалдық-техникалық базасымен танысты.

Аурухананың бас дәрігер орынбасары Татьяна Зиновьеваның айтуына қарағанда, өңірде онкология дертіне шалдыққандардың саны 1800 адамнан асады. Қазіргі кезде, облыс орталығында жалғыз онкологиялық диспансер жұмыс істейді. Амбулаторлық және стационарлық науқастар осындағы бір ғана диагностикалық аппаратта тексерілуде. Тіпті, кейбір науқастар амалсыздан толық тексерістен өту үшін көрші облыстарға баруға мәжбүр.

Сонымен қатар министрге биыл жазда Көкшетау қаласында жаңа онкологиялық емхананың құрылысы басталатыны жеткізілді.

«Жаңа емхананың ашылуы бұл дертті алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде науқастардың өмірін ұзартуға септігін тигізеді», - деді Татьяна Зиновьева.

Айта кетейік, бұл жобаны жүзеге асыру өңір тұрғындарына сапалы, жоғары  деңгейде медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Ғимарат  4 қабаттан тұратын болады. Кешен заманауи медициналық құралдармен жабдықталады. Осының арқасында онкологиялық ауруларды алдын ала анықтауға және осы дерттен көз жұматын адамдардың санын азайтуға қол жеткізілмек.

Сапар барысында Е.Біртанов Щучье қаласындағы Бурабай аудандық аурханасына барып, медициналық қызмет көрсету жұмыстарымен танысты. 

Соңғы жаңалықтар