Ақмолалық ардагерлер Жолдау мен конституциялық реформаларды талқылады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Ақмола облыстық Ардагерлер кеңесінің активі Елбасының Жолдауы мен конституциялық реформалар жобасын, сондай-ақ ардагерлер ұйымдарының өткен жылғы жұмыс қорытындылары мен алдағы жоспарларын талқылады, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі. 

Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов өз сөзінде ардагерлерді Мемлекет басшысының ұсынысымен қабылданған 1 наурыз - Алғыс күнімен құттықтады. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова Қазақстан Республикасы Президенті ұсынған конституциялық реформалар жобасы туралы жан-жақты баяндап берді. Билік тармақтарын бөлуге қатысты Еңбекшілдер аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Василий Устянцев пен Ерейментау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Әбдин де өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұлдың айтуынша, бүгінгі күні облыста 109 990 зейнеткер бар. Яғни, ардагерлер ұйымы аймағымыздағы ең ірі қоғамдық ұйым болып саналады. 

2016 жылы еліміз бойынша аталып өткен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мерейтойынан ардагерлер де тыс қалған жоқ. Барлық өңірлерде ардагерлер ұйымдары тәуелсіздігіміздің торқалы тойына арнап түрлі шаралар өткізді. Ардагерлерді әлеуметтік жағынан қолдауға әрдайым жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінеді. Өткен жылы 105 303 зейнеткер түрлі әлеуметтік көмектер алған. 1002 ардагер шипажайларға тегін жолдама алып, денсаулықтарын түзеп қайтты.

Ардагерлер мәдени-спорттық шаралардан да сырт қалмайды. Шахмат-дойбы жарысы өткізіліп, үздік шыққандар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Тағы бір атап өтерлігі, өткен жылы Көкшетауда тұңғыш рет ардагерлер қазақтың ұлттық ойыны - асық ату жарысын өткізді. Биылғы жылы өткізілетін шаралардың барлығы ардагерлер ұйымының құрылуының 30 жылдық мерейлі датасына арналмақ. 

Соңғы жаңалықтар