Ақмоладағы кәсіпорындардың экспорттық әлеуеті зор - Ержан Ашықбаев

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысындағы кәсіпорындардың экспорттық әлеуеті зор. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауындағы міндеттерді халыққа түсіндіру мақсатында Көкшетау қаласындағы бірқатар өндіріс орындарында болған ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ержан Ашықбаев алдымен Көкшетаудағы полиэтилен қаптарын шығаратын «Асыл арман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Алғашында «Новопэк» кейін, «Асыл арман» болып атауы өзгертілген серіктестік Көкшетаудағы іргелі кәсіпорындардың бірі саналады. Кәсіпорынның өндіріс бойынша директоры Әнуарбек Омарбековтың сөзінше, бүгінгі таңда кәсіпорын полиэтилен, полипропилен және кальций карбонатынан жоғары сапалы әрі мемлекеттік және халықаралық стандарттарға сай түрлі қапшықтар шығаруды жолға қойған.

Кәсіпорында 500 келіден екі тоннаға дейін сусымалы жүк таситын 120 миллион дана қаптар мен «Биг-бэг» контейнерлері тігілуде. Дайын өнім негізінен елімізге, одан қалды Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдеріне экспортқа шығарылады.

«Соңғы жылдары елімізде шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан көңіл бөлінуі және Еуразиялық экономикалық одақтың дүниеге келуі бұл біздің іскерлік белсенділігімізге үлкен қолдау болып, өндірісіміздің экономикалық жағынан өркендеуіне үлкен үлес қосып отыр. Бүгінгі күні кәсіпорынымызда 700-ге жуық біліктілігі жоғары мамандар жұмыс істейді. Фабрика айына он миллионнан астам беріктілігі жоғары қаптар мен жүз мыңға жуық «Биг-бег» контейнерлерін шығарады. Өнім Қазақстаннан басқа ТМД елдері, Қытай және өзге де шетелдерде үлкен сұранысқа ие. Қазақстанның өзге облыстарынан тігіншілер вахталық әдіс бойынша келіп жұмыс істейді. Оларға арнап тоғыз қабатты жатахана салып жатырмыз. Келешекте өндірісті ұлғайтып, жұмысшылар санын 2 мың адамға дейін жеткізу жоспарда бар», - дейді өндіріс бойынша директоры Әнуарбек Омарбеков.

Кәсіпорын жұмысымен танысқан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақмола облысындағы кәсіпорындардың экспорттық әлеуеті зор екенін атап өтті.

«Бүгінгі сапарымыздың мақсаты - Елбасының халыққа арнаған Жолдауын насихаттау болса, енді бір жағынан бұл құжатта алға қойылған міндеттердің өңірлерде қалай жүзеге асырылып жатқанын көзбен көру еді. Әсіресе, экспортпен айналысатын кәсіпорындардың жағдайымен жақын танысып, сыртқы саудада жаңа нарыққа шығуына, көрші және Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сауда байланыстарын нығайтуға атсалысу. Бұл жағынан алғанда Ақмола облысындағы кәсіпорындардың біразы бәсекелестікке сай жұмыс істеп жатқандығы қуантады. Бүгін көріп отырғанымыздай Ресейдегі қант қаптарының төртен үш бөлігін шығаратын кәсіпорынның алар асуы алда», - деді Ержан Ашықбаев.

Сонымен қатар, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары ауыл шаруашылығы мен коммуналдық техникаларды құрастыратын «Қазақстан агроөнеркәсіптік инновациялық корпорациясы» және керамикалық кірпіштер шығаратын және «Енки» кірпіш зауытының өндіріс цехтарында да болды.

Соңғы жаңалықтар