Ақмолада мүгедек жолаушы таксисті тонап кетті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында такси жүргізушісінің ақшасын үптеп кеткен мүгедек ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ІІД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, ағымдағы жылғы 15 тамызында Бурабай ІІБ кезекшілік бөліміне 62 жастағы такси жүргізушісі арызданған. Арызданушының сөзінше, көлігімен жүріп келе жатқан оны жол шетінде тұрған бейтаныс мүгедек ер адам тоқтатқан. Кейін ер адамды отырғызып алып діттеген жеріне тегін жеткізіп салмақ болған.  Алайда, жүргізуші жол бойындағы жанар-жағар май құю стансасына аялдап, көлігінен шығады. Сол сәтті күткендей жолаушы жүргізушінің әмияны мен ұялы телефонын жымқырып үлгереді.  62 жастағы такси жүргізушісі оны байқамай күдіктіні айтқан жеріне жеткізіп салады. Кейін үйіне барғанында өзінің тоналғанын бірақ біледі. Зардап шегуші бірден полицияға хабарлайды. Шығын көлемі 205 000 теңгені құрады.

«Жедел іздестіру шарасы барысында тәртіп сақшылары Щучинск қаласының 38 жастағы тұрғынын анықтап, қолға түсірді», - деді полицейлер.

 Қазіргі кезде күдікті қылмысын мойындады, оның үстінен ҚР ҚК 188-бабының 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстары жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар