Ақмола облысының 2018-2020 жылдарға арналған бюджеті бекітілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің қатысуымен алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың 17-ші сессиясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сессияда алдымен өңірдегі әлеуметтік басты мәселелерді шешудегі 2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджетке назар аударылды. Алдағы үш жылдағы бюджеттің параметрлері туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Мəлғаждаров түсіндіріп айтып берді.

«2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет өңірдің 2018-2022 жылдардағы əлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде əзірленді. Оның ішінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайын ел халқына арнаған Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған.

Жаңа бюджетте білім, денсаулық, әлеуметтік, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, ауызсумен қамтамасыз ету, агронеркəсіптік кешенді дамыту сияқты салалық жəне мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру қарастырылған. Бюджет шығынының негізгі бөлігі əлеуметтік саланы дамытуға бағытталған. Бюджет көлемі облыстың дамуы мен азаматтардың əлеуметтік деңгейін сақтай отырып, бюджет саласы мен экономикалық тиімділікті арттыру арқылы іс жүзіндегі міндеттерді толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Бауыржан Мəлғаждаров.

Жарыссөзге шыққан облыстық мəслихат депутаттары Серік Аяғанов жəне Максим Божко өткен жылғы бюджет қорытындысын жан-жақты саралай келе, жаңа бюджеттің азаматтар алдында барлық міндеттемелерді сақтай отырып, облыстың экономикалық өсуіне тұрақты жағдай жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бұдан кейін өңірде қылмысқа және құқықбұзушылыққа қарсы күрес бағытындағы атқарып жатқан жұмыстары жөнінде жергілікті полиция қызметінің бастығы Серік Баймұқанов баяндап берді. Ол өз сөзінде былтырғы жылдың сəйкес кезеңімен салыстырғанда жалпы, қылмыстың саны 1,5 мыңға азайғанын, өңірде қоғамдық тәртіп сақтау бойынша жағдай тұрақты екенін жеткізді.

Сонымен қатар, сессияда депутаттар Ақмола облысы бойынша қоршаған ортаға төленетін эмиссия мөлшерлемесін арттыру, Целиноград ауданының əкімшілік-аумақтық құрылымдағы өзгерістері туралы шешімді бірауыздан қолдады. Сессияда аймақ басшысы өзіне сенім білдірген депутаттарға алғысын білдіре келе, әр мәселеге конструктивті шешім қабылданғанын атап өтті.

«Өздеріңіз байқап отырғандай алдағы 3 жылда бюджет шығыны артып отыр. Мұның барлығы Елбасының алға қойған міндеттері мен тұрғындардың əл-ауқатын жақсартуға бағытталған», - деп сөзін қорытындылады облыс әкімі.

Сессия соңында өңіріміздің, жалпы еліміздің білім саласын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген Сағынтай Елубаевқа облысымыздың құрметті азаматы атағы берілді.

Соңғы жаңалықтар