Ақмола облысының 2 ауданында төтенше жағдай жарияланды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының 2 ауданында ақтүтек боранның салдарын жою бойынша төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі əкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, 2018 жылдың 11 қаңтарында болған бораннан Ерейментау ауданында 3 мектеп пен Балалар шығармашылық үйінің шатырлары көкке ұшса, 4 ауыл жарықсыз қалды. Қазіргі кезде, табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен ғимараттар тексеріліп, жөндеу жұмыстарына бөлінетін қаржының көлемі анықталды. Сондай-ақ жарықсыз қалған елдімекендерге электр энергиясы сол күні қайта қосылды.

Ал Аршалы ауданында 5 мектептің шатыры бүлінсе, 1 мектептің шатыры толық жұлынып түсті. Бұл ғимараттарға да келтірілген шығын көлемі зерттеліп, ағымдағы жөндеу жұмыстарына қажетті қаржы көлемі анықталды. Барлық білім ордаларында қар уақытылы тазартылып, сабақ процесіне кедергі келтірілген жоқ.

Осыған байланысты Аршалы жəне Ерейментау аудандарының әкімдері табиғи сипаттағы жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады. Залал келтірілген нысандарды жөндеуге ақша қаражаты төтенше жағдайлар резервінен бөлінетін болады.

Сондай-ақ айта кетейік, Ақкөл ауданында "ҚазАвтожол" ҰҚ-ның жөндеу шеберханасы ғимаратының шатыры бүлінді. Оны кəсіпорын өз қаражаты есебінен қалпына келтіретін болады.

Целиноград ауданында электр жарығының өшіп қалуы бойынша 25 жағдай орын алды. Сол күні түнгі 22:00 дейін жарық қайта қосылды.

Соңғы жаңалықтар