Ақмола облысында жаназа асына барған 58 адам тамақтан уланды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Шортанды ауданындағы дәмханада жаназа асына барған адамдардың 60-қа жуығы тамақтан уланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Ақмола облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті баспасөз қызметінің дерегі бойынша, келеңсіз жағдай ағымдағы жылдың 6 наурызында Шортанды кентіндегі дәмханалардың бірінде орын алған.

«Жаназа асына барған адамдардың алғашында 44-і өздерін жайсыз сезініп, дәрігердің көмегіне жүгінді. Кейін науқастардың саны 58-ге жетті. Науқастардың барлығы іштері жүріп, құсу, дене қызуының көтерілуі белгілеріне шағымданған. Дәрігерлер оларға бірден жедел медициналық көмек көрсетті. Қазіргі кезде, 43 науқас үйлерінде амбулаториялық ем қабылдап жатса, қалғаны мекенжайлары бойынша ауруханаларға жатқызылды. Науқастардың жағдайы қанағаттарлық, тиісті медициналық көмек көрсетілуде», - деп түсіндірді баспасөз қызметіндегілер.

Сонымен қатар, қазіргі кезде, аталған дәмханадағы ас мәзірінің барлығынан зертханалық сынама алынып, сараптамадан өткізіліп жатқанын атап өтті.

«Алдын ала болжам бойынша, ауру жедел ішек инфекциясы немесе сальмонеллёз және сол күні асылған жылқы етінен туындауы мүмкін. Ет Егемен аулынан жеткізілгені анықталып отыр. Қазіргі кезде жалпы, сол күні асқа шақырылған адамдардың барлығының аты-жөні анықталып, тізімдері жасалуда. Аурудың нақты неден шыққаны зертханада жүргізілген сараптама қорытындысынан кейін ғана белгілі болады», - деп толықтырды баспасөз қызметіндегілер.

Соңғы жаңалықтар