Ақмола облысында тікұшақты қондыру кезінде 3 экипаж мүшесі зардап шекті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында тікұшақты қондыру кезінде 3 экипаж мүшесі зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, төтенше жағдай қыркүйектің 22-де түнде орын алған. Ақкөл ауданы аумағында Ми-2 тік ұшағын қондыру кезінде әуе көлігі жерге қатты қонып, борттан өрт шыққан. Осының салдарынан тікұшақ ішінде болған экипаж мүшелері 1969 жылы туған борт командирі Александр Маньков, борт механигі 1956 жылғы Геннадий Балуев және тағы бір экипаж мүшесі 1969 жылғы Думан Байбусинов зардап шеккен.

«Зардап шеккендер жедел түнгі сағат 02:50 шамасында Ақккөл аудандық ауруханасына жеткізілді. Тікұшақ экипажының командирі Александр Маньков пен Думан Байбусинов жеңіл-желпі зардап шекті. Бұл екеуі дәрігерлер қараған соң үйлеріне жіберілді. Ал, борт механигі Геннадий Балуевтың денесін 40-50 пайыз күйік шалған. Қазіргі кезде, ол алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң Астанадағы ауруханаға жөнелтілді», - деп түсіндірді баспасөз қызметіндегілер.

Ресми мәліметтерге қарағанда Ми-2 тікұшағы «Тянь-Шань» әуе компаниясына тиесілі.
Сондай-ақ, тікұшақ мүшелері Алматы облысының тұрғындары. Ақмола облысындағы дала өрттерін сөндіруге келген. Қазіргі кезде, төтенше жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр.

Соңғы жаңалықтар