Ақмола облысында мембағдарламаның арқасында 16,7 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Ақмола облысында мемлекеттік бағдарламаның шарапатымен 16,7 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Бұл туралы облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының өңірде жүзеге асырылуы, сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларының барысы талқыланған әкімдік мәжілісінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәжіліске облыстық мәслихат хатшысы Дулат Нұрмолдин, облыс әкімінің орынбасарлары, қала, аудан әкімдері, мекемелер мен басқармалардың басшылары, ұлттық компаниялар филиалдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанованың баяндамасы тыңдалды.

Басқарма басшысы өз сөзінде Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес қолға алынған нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру үшін 4979,7 миллион теңге қаржы бөлінгенін атап өтті. Үш бағыт бойынша бөлінген қаржының 3556,5 миллион теңгесі игерілген. Бағдарлама аясында облыс бойынша барлығы 16727 адам жұмысқа орналасса, оның 74,7 пайызы тұрақты жұмыс орындары. Елбасы Жолдауы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында адамдарды еңбек нарығындағы сұранысқа ие жұмысшы және кәсіптік-техникалық мамандықтар бойынша оқыту міндеті қойылғаны мәлім.

Бұл ретте бағдарламаның «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіби біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» аты бірінші бағыты бойынша 1190 адам 18 техникалық және кәсіби оқыту орнында 26 мамандық бойынша білім алып жатыр. Қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау бойынша 293 мобильдік топ құрылған. Сонымен қатар, жұмысшы кадрларға еңбек нарығында сұранысқа ие 57 мамандық бойынша қысқа мерзімді кәсіптік білім беретін 25 колледж және 7 оқу орталығы анықталды. Жыл басынан бері еңбек нарығындағы сұранысқа ие түрлі мамандықтар бойынша 4759 адам қысқа мерзімді курстарға жолданды.

Бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» атты екінші бағыты аясында несие беру арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қарастырылған. Бұл бағыт бойынша бөлінген 2805,2 миллион теңге қаржының 73,3 пайызы игерілген. Оның ішінде облыс бойынша ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 407 адамға 1,8 миллиард теңге көлемінде несие берілді. Бұған қоса, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 938 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланып, қазіргі таңда оқыту кестесіне сәйкес бес ауданда алты топ бойынша (Зеренді, Атбасар, Ерейментау, Шортанды және Бұланды) пилоттық режимде оқытудың екінші кезеңі басталды.

Бағдарламаның «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» атты үшінші бағыты аясында жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу қарастырылуда. Бұл бағытта 495 адамды әлеуметтік жұмыс орындарына жолдау жоспарланса, ол қазірдің өзінде 619 адам болып орындалды. Сол секілді 652 жас маман жастар тәжірибесіне жолданды. Сондай-ақ ақылы қоғамдық жұмыстарға 2408 адамды жіберу жоспарланса, бүгінгі күнде дейін 2705 адам тартылды. Есепті баяндамада айтылғандай жаңа бағдарламаны жүзеге асыру барысында жыл соңына қарай жалпы жұмыссыздық деңгейі біршама азаятынына толық негіз бар.

Бағдарламаның екінші бағыты бойынша жарыссөзге шыққан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Жақсылықов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан, сондай-ақ, бұл бағытта баяу жұмыс жүргізіліп жатқан Ақкөл жəне Бурабай аудандарының əкімдері сылбырлықтың себебін түсіндірді.

Мәжілісте күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Серік Баймұқанов баяндап берді.

Оның айтуына қарағанда, жергілікті полиция қызметі қоғамның мұқтаждықтарын қамтамасыз ету және оның береке-бірлікте тұрақты дамуы секілді негізгі бағыттарын қамтиды. Жыл басынан бері облыс бойынша жүргізілген қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларының нәтижесінде қылмыстың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай кеміген. Мәселен, былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде 11998 қылмыс тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 10415-ті құрады.

Осы орайда, мəжілісті қорытындылаған облыс әкімі Мəлік Мырзалин тиісті ведомстволардың басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жыл соңына дейін жоспарланған шараларды толық жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарды ширатуды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар