Ақмола облысында қылмыскер әйелді екі сәбиімен бірге өртеп жіберген

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Жақсы ауданында 3 адамның өмірін қиған қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотына сілтеме жасап.

Аталған соттың кеңсе меңгерушісі Магдалина Билялованың мәліметі бойынша, облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты С.Петренкоға қатысты қылмыстық істі қарады.

«Бұл оқиға өткен жылдың күзінде болған еді. Жақсы ауданына қарасты ауылдардың бірінде тұратын С.Петренко еш жерде жұмыс істемейтін. Арақ ішіп, жұрттың мазасын алатын оның үстінен учаскелік инспекторға бірнеше шағым түскен. Дегенмен де, жәй басбұзарлығы үшін оны жауапқа тарту мүмкін емес еді. Арақ ішіп, көрінгенмен шатысуға бейім тұратын оның бұл әрекетінің ақыры жақсылыққа ұрындырмайтынын учаскелік инспектор ескертіп айтқан да. Бірақ, санасын арақ улаған азамат құқық қызметкерінің ескертуінен қорытынды шығармады», деді  Магдалина Билялова.

Оқиға былай өрбіген: Арақ ішкен адамға дос та, таныс та көп. Күздің салқын бір кешінде С.Петренко күйеуі жоқ жесір келіншек А.Иванованың үйінде арақ ішіп отырады. Емізулі баласы бар келіншек екі кештің арасында шақырусыз келген қонаққа кет әрі демей, ол әкелген арағын қосыла ішеді. Арақ басқа шауып, көп ұзамай келіншек мас болып, үстел басында ұйқыға кетеді. Осыны пайдаланған еркек оны жатын бөлмеге апарып, жыныстық қатынасқа түседі. Біраздан кейін ұйқысынан оянған келіншек жағдайды түсініп, «мен ертең зорлағандығың туралы учаскелік инспекторға шағымданамын» дейді. Бұны естігенде Петренко қылмысының ізін жасыру үшін келіншекті өлтіру қажет деген ойға келеді. Содан ол асүйге барып, нан турайтын пышақты алады. Жатын бөлмеде диванда отырған келіншектің жанына келіп, жүрек тұсынан бірнеше рет пышақ салады. Әйел алған жарақаттарынан сол арада көз жұмған.

Бұдан кейін, қылмыстың ізін жасыруды ойлаған ол үйдің есігін сыртынан жауып, есікке өрт қояды. Үйде 2015 және 2016 жылы туған сәбилердің жатқанын біле тұра осындай әрекетке барған Петренко оттың жанып, үйдің өртене бастағанына көз жеткізген соң ғана оқиға орнынан қарасын батырады.

«Бұл өрт Иванованың үйін түгел жалмап, көршілердің қосалқы жайларын да шарпыды. Кейін сарапшылардың мәліметінен белгілі болғандай, өрт 5 миллион теңге көлемінде шығын келтірген. Қанша қылмыс ізін жасырдым десе де, Петренко жазадан қашып құтыла алмады.  Оның кешкілік үй иесі - келіншекпен бірге арақ ішіп отырғанын көрген адамдар болып шықты.

Сот үш бірдей адамның өліміне себеп болған С.Петренконы айыпты деп тауып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Сот шешімі заңды күшіне енді», - деді М.Билялова

Соңғы жаңалықтар