Ақмола облысында күзгі егін орағы жұмыстары 88,5 пайызға орындалды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында күзгі егін орағы жұмыстары 88,5 пайызға орындалды. Бұл туралы бүгін аймақ басшысы Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген аппарат кеңесінде айтылды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Алқалы жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кеңесті облыс әкімі ашып, жүргізіп отырды. Онда алдымен, күн тәртібіне сай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпанның баяндамасы тыңдалды. Басқарма басшысының айтуына қарағанда, осы күні облыс бойынша күзгі жиын-терім жұмыстары аяқталуға жақын көрінеді. Қазіргі кезде, облыстағы барлық егістік алқаптың 3,8 миллион гектары немесе 88,5 пайызында астық жиналды.  Гектар түсімі орташа 13 центнерден айналуда.

null  

«Облыс аумағында астық қабылдауға лицензиясы бар сыйымдылығы 3,9 миллион тоннаны құрайтын 62  кәсіпорын тартылған. Сонымен қатар, картоп және көкөністің 80 пайызы жиналды. Соңғы мәліметтерге қарағанда, 199,8 мың тонна картоп және 42 мың тонна көкөніс алынды.

Оған қоса, 91,7 мың гектар алқаптағы майлы дақылдар жиналып, соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш 180 мың тоннаға жетті. Қазіргі кезде, науқан ойдағыдай қарқынды жүргізілуде. Алдағы күндері ауа райы жайлы болса, онда қысқа мерзім ішінде, яғни, қазан айының алғашқы күндері толық аяқтау жоспарда бар. Жалпы, облыс бойынша 5,7 миллион тонна көлемінде астық алу көзделген», - деп атап өтті Мұрат Балпан.

Бүгінгі таңда, науқанға 8,6 мың астық жинау техникасы жұмылдырылған. Сондай-ақ, қажетті жанар-жағармайдың 96 пайызы қамтамасыз етілген. Қалғаны кестеге сай жеткізілуде. 

Сонымен қатар, кеңесте жылу беру маусымы да сөз болды. Бұл ретте, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Виктор Радченконың сөзіне қарағанда, осы күні қаладағы барлық әлеуметтік нысандарға жылу берілуде, ал, 1-ші қазаннан бастап,  тұрғын үйлерге жылу жіберілу жоспарланған.

Кеңесті қорытындылаған облыс басшысы барлық құзыретті органдарға егін орағын сапалы, ойдағыдай аяқтау қажеттігін айта келе, облыс аумағындағы барлық тұрғын үйлерге белгіленген мерзімінде жылу беруді тапсырды. Оған қоса, әр апта сайын облыс орталығында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесін тұрақты түрде өткізіп тұруды тапсырды. 

null  

Соңғы жаңалықтар