Ақмола облысында кооперацияларға біріккен шаруашылықтар 25 мыңға жеткізіледі

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 2018 жылдың жоспарында қосымша тағы 28 ауыл шаруашылығы кооперативін құру және кооперацияларға біріккен жекеменшік шаруашылықтардың санын 25 мыңға дейін жеткізу көзделген. 

Осылайша, Мемлекет басшысының 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру бағытындағы  тапсырмасын облыста ойдағыдай жүзеге асыру мүмкіндігі бар. Бұл туралы Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы талқыланған облыс активінде айтылды.

Активте аймақ басшысы Мəлік Мырзалин атап өткендей, өңір әлеуетінің жоғары болуы облысты және елорданы сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге, «Қазақстанда жасалған» брендті республикадан тыс жерлерде жылжытуға мүмкіндік береді.

Астана қаласында «AQMOL» сауда желісі құрылды және ауқымы кеңейе түсуде (2017 жылы жаңа 3 павильон  ашылды, 2018 жылы тағы 7-еуін ашу жоспарланған), онда  елорда тұрғындарына сапалы әрі арзан азық-түлік өнімдері ұсынылып отыр.

Қазіргі таңда, облыста азық-түлік өнімдері бойынша өңірлік брендпен шамамен 80 экспортшы компания жұмыс істейді.

Ет өнімдері бойынша брендтер - «Бакара» (Қорғалжын ауданындағы «Астана Агро Продукт» ЖШС), мраморлы сиыр еті «KazBeef» (Бурабай ауданындағы «KazBeef» ЖШС), «Курочка Ряба» (Целиноград ауданындағы «Capital Projects LTD»), «Зорькин Луг», «Садовое» сауда брендімен сүт өнімдері (Зеренді ауданындағы «Милк Проджект» ЖШС) Ресейдің өңірлеріне экспортталады.

«ҚазГер құс» компаниясының (Біржан сал ауданы) өнімдері Орталық Азия (Тәжікстан, Түрікменстан) және Таяу Шығыс, (Пәкістан) Сауд Аравиясы әмірліктерінің нарығына жеткізіледі.

«Атбасар» брендімен ұн (Атбасар ауданындағы «Inter Trade» ЖШС) және «Бота-2015» ЖШС-нің (Бурабай ауданы) өсімдік майы Қытай Халық Республикасына саудаға шығарылады.

«Жақын уақытта елімізде ұлттық брендтердің тізімін қалыптастыру жоспарланған, сондықтан, мен өзіміздің ірі тауарөндірушілерді аталған тізімнен көріну үшін белсенді жұмыс істеуге шақырамын.

Ауыл шаруашылығы саласындағы өндірісте ауа райы жағдайының әсер етуін азайту мақсатында ағын суларды пайдалану арқылы жайылымдарды суландыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Осы мақсатта 2017-2025 жылдарға арналған ағын суларды реттеу, жинау және сақтау бойынша жоспар жүзеге асырыла бастады. Осының шеңберінде облыс бойынша 11 шара қарастырылған. Оның ішінде ең ірісі Целиноград ауанындағы құны 670 миллион теңге «Алва» жайылма суландыру жүйесін қалпына келтіру болып табылады.

Астана қаласы, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында баламалы сумен қамтамасыз ету үшін Үкімет тарапынан Бұзылық су қоймасының құрылысын жүргізу мәселесі қолдау тапты (сыйымдылығы 1 миллиард текше метрден астам). Бұл қосымша 25 гектардан астам жайылма жерлерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді», - деді аймақ басшысы.

Соңғы жаңалықтар