Ақмола облысында қағаз шығаратын зауыт салынуы мүмкін

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Ақмола облысында қағаз шығаратын зауыт салу жоспарлануда. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің Қытай Халық Республикасының Гонконг қаласына жұмыс сапарының аясында инвестициялық бағыттағы компаниялар тобының жетекшісі, Қытайдың сыртқы сауда кеңесінің вице-президенті Дэвид Чоумен өткен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі əкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар бидайдың сабанын кешенді өңдеумен айналысатын жоғары технологиялы зауыт құрылысын салудың нақты мүмкіндіктерін талқылады.

«Бұл зауыт іске қосылған жағдайда жылына 15 мың тонна биомасса, 34 мың тонна целлюлоза, 45 мың тонна биоотын, 11 миллион текше метр биогаз, 2 миллион тонна органикалық сұйық тыңайтқыш өндіретін болады. Бұл өнім облысымыздың ауыл шаруашылығы құрылымдарының сұранысын толық қанағаттандырады. Салынатын инвестиция көлемі 300 миллион доллар болады деп күтілуде. Кәсіпорын қоршаған ортаға залал келтірмейді. Жобаны жүзеге асыру арқылы 600 отандасымыз жаңа жұмыспен қамтылар еді», - деп атап өтті облыс әкімі Мәлік Мырзалин.

Сонымен қатар, сапар барысында Ақмола облысының делегациясы Гонконг сауда қауымдастығы миссиясымен және Қытайдың оңтүстік провинциясының бизнес өкілдерімен кездесті.

Өз кезегінде қытайлық кәсіпкерлер қазақстандық өнімдерге, оның ішінде «Көкшетау минералды сулары» АҚ өндірген TURAN суына қызығушылық танытты. Гонконг пен елдің оңтүстік провинциясы - Гуандунда 100 миллиондай халық тұрады.

Тараптар маркетингтік талдау жүргізіп, қазақстандық өнімді сатудың бірлескен стратегиясын жасауға уағдаласты.

Соңғы жаңалықтар