Ақмола облысында «ГАЗель» мен трактор соқтығысып, 3 адам қаза тапты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атбасар-Державинск тас жолында ірі жол апаты тіркеліп, оның салдарынан үш адам мерт болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Ақмола облысы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жол апаты 16 шілде күні Атбасар - Державинск жолында, Жақсы ауданының Қима ауылына жақын маңда болған. Полиция қызметкерлерінің анықтауынша, «ГАЗель» маркалы автокөліктің 50 жастағы жүргізушісі жылдамдық режимін сақтамай, алда тіркемемен шөп тиеп әкетіп бара жатқан «МТЗ 80» тракторына соқтығысқан.

Жол апатынан Арқалық қаласының үш тұрғыны қаза тапқан: олар - 1951 және 1960 жылғы ер адам мен 53 жастағы әйел. Сонымен бірге, әр түрлі жарақаттармен 9 адам (оның ішінде біреуі бала) ауруханаға жеткізілген. Барлық зардап шегушілер Арқалық қаласы мен Қостанай облысының Жангелді ауданының тұрғындары болып шықты.

Аталған жол-көлік оқиғасына байланысты полиция ҚР ҚК 345-бабы бойынша соталды тергеу амалдарын бастап, бірқатар сараптама жұмыстары тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар