Ақмола облысында Бурабай курортының жазғы маусымға дайындығы пысықталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Бурабай курортының жазғы маусымға дайындығы пысықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңір басшысының туризм жөніндегі кеңесшісі Марат Иғалиге сілтеме жасап.

Аймақ басшысы Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен жиында 2018 жылдың жазында өткізу жоспарланған шаралар пысықталды. Өткен жылы Бурабай курорты аумағында серификаттаудан өткен 3 нысан тіркелді. Соңғы айларда облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес туристер үшін қызмет және сервистің сапасын арттыру мақсатында отель иелеріне жұлдызды арттыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.  

«Осының нәтижесінде бүгінгі таңда 13 нысан сертификаттаудан өтті. Тағы 6 отель санат алу үшін қажетті құжаттарын әзірлеуде. Жаз маусымы басталғанша сертификат алған қонақ үйлердің санын 26-ға дейін жеткізу жоспарда бар», деп жазды М.Иғали өз парақшасында.

Осы ретте, Мәлік Мырзалин Ақмола облысының қонақ үй нарығын дамыту және қызмет көрсету сапасын басқару механизмін қалыптастыруда өңірдің туристік саясаты қонақ үйлерге сертификат беруді одан әрі ширатуға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.

Аймақ басшысы тиісті мемлекеттік органдарға туристердің қонып, демалатын орындарында қауіпсіздік шарасын қамтамасыз етуді тапсырды.  Сонымен қатар жақында Кемеревода болған қайғылы оқиға тәрізді келеңсіздіктерге жол бермеуге шақырды. Осы мақсатта курортты аймақта кез келген турист қоңырау шалып, көмек және ақпарат сұрай алатындай бірыңғай байланыс нөмірін енгізуді тапсырды.  Оған қоса, Бурабай курортты аймағында қосымша жол және ақпарат белгілерін орнату жоспарланған.

Бурабай ауданы әкіміне курортты аймақта туристер үшін сапалы дәретханалар орнатуды, тазалық пен қоғамдық тәртіпті бақылауда ұстау міндетін жүктеді. Жақында кемпинг және автотұрақ алаңдары ашылуы тиіс.

Жиын соңында аймақ басшысы Бурабай курортында өтетін шараларды жазғы маусым басталғанша жұртшылыққа таныстыруды жүктеді.

Соңғы жаңалықтар