Ақмола облысында әкімдік қызметкері есірткі тұтынып, көлік жүргізген

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Ақмола облысында Әдеп кеңесі екі мемлекеттік қызметшіге қатысты тәртіптік істі қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішсі Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметі бойынша, Әдеп кеңесінде Жақсы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы К. Ахамбаев пен Қорғалжын ауданындағы Кеңбидайық селолық округінің әкімі Б.Имановтың тәртіптік істері қаралды. Онда анықталғандай, 23 сәуір күні есірткіге масайған күйде қызметтік көлігін жүргізіп келе жатқан К.Ахамбаевты Есіл аудандық ІІБ жол-патрульдік полициясының қызметкерлері ұстаған.

«Медициналық тексеріс кезінде оның марихуана шеккені анықталды. Осыған байланысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары Жақсы аудандық сотының қарауына жолданды. Соттың қаулысы бойынша К.Ахамбаев кінәлі деп танылып, оған 3 жыл көлік басқару құқығынан айыру түрінде әкімшілік жаза тағайындалды», - деп түсіндірілген хабарламада.

Әдеп кеңесінің мүшелері Жақсы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы К. Ахамбаевтың ісін қарай келе, оны қызметінен босату туралы шешім шығарды.

Ал, Қорғалжын ауданындағы Кеңбидайық селолық округінің әкімі Б.Имановтың ауыл тұрғынына жер телімін ұсыну туралы шешім шығару арқылы ҚР Жер кодексі талаптарын бұзғаны анықталды. Ол өзінің әрекеті арқылы «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 50-бабы, 1-бөлігі 4-тармағында қарастырылған құқықбұзушылыққа жол берген.

Оған Әдеп кеңесінің мүшелері «қызметіне толық лайық еместігі туралы ескерту» түрінде тәртіптік жаза тағайындады.

Соңғы жаңалықтар