Ақмола облысында Ақан серінің 175 жылдығы этно-күнмен атап өтілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Ақан серінің 175 жылдығына арналған «Мәңгілік әуені» атты этно-күн өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірдің Ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

«Бастапқыда Ақан серінің мерейтойын мұражайда өткізуді жоспарладық. Кейін іс-шараны ауқымы кеңейе түсті. 2013 жылы Ақан серінің ғашығы Ақтотының артынан ерген ұрпақтары мұражайға біраз әшекей бұйымдар өткізген болатын. Бұл жәдігерлер Ақан сері экспозициясын толықтыра түсті»,-дейді Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Күміс Қасымбаева.

Шара Ақан сері атындағы ауылға барудан басталды. Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының ғалымдары, зерттеушілері мен қоғам қайраткерлері ақын рухына тағзым етіп, оның шығармашылығын зерттеудегі тәжірибелерімен және деректерімен бөлісті.

Этно-күннің ең қызықты оқиғаларының бірі шараға Ақтотыдан тараған ұрпақтың бірі - Орынбасар Төкенованың қатысуы болды. Ол Ақан сері мен өз апасының арасындағы махаббатты әңгімелеп берді. Олардың сезімдерінің символы болған - Ақан серінің Ақтотыға сыйлаған сақинасы қазір облыстық мұражайда сақтаулы.

Іс-шараның келесі бөлімі Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма-театрында жалғасты. Мұнда «Ақан серінің адалбақаны» фильмі мен Ғабит Мүсірепов 1941 жылы жазып кеткен  «Ақан сері-Ақтоты» спектаклі сахналанды.

М. Жұмабаев атындағы облыстық кітапханада  ақынның шығармашылығынан сыр шертетін кітап көрмесі өтті. Өнер және әдебиет мұражайы Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Балуан Шолақ сынды тұлғалар ұстаған музыкалық аспаптар мен олардың жеке заттарының көрмесін ұйымдастырды.

Облыстық филармония әншілері «Балқадиша», «Құлагер», «Маңмаңгер», «Көжендет», «Сырымбет» сияқты туындыларды орындады.

Этно-күн Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайында ежелгі қазақ зергерлік бұйымдары мен ұлттық киімдерінің көрсетілімімен өз мәресіне жетті.

«Ақан серінің бойындағы серілік эстетикалық талғамға құрылған. Ол қылаң атқа мінсе ақшыл, ашық түсті киім, баран атқа мінсе қоңырқай немесе қою түсті киімдер киетін болған. Ол ұстаған дүниенің барлығы күміспен әшекейленгенін байқауға болады»,-дейді Күміс Қасымбаева.

Соңғы жаңалықтар