Ақмола облысында 80 компания экспортпен айналысады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 80 компания экспорт бағытында жұмыс істейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, еліміз дүниежүзі бойынша астық экспорттаушы 50 мемлекеттің қатарында. Ақмола облысы еліміздегі аграрлы өңір саналады. Республикадағы астықтың төрттен бірі Ақмола облысында өндіріледі. Жыл сайын 2-2,5 миллион тонна астық экспортқа шығарылады.

2018 жылдың қаңтар айында Ресей, Қытай, Орта Азия, Еуропа, Таяу Шығыс елдерінің нарығына ақмолалық диқандар 300 мыңнан астам тонна астық жөнелткен.

Ақмолалықтар өндіретін мал азығына көрші елдерден сұраныс жоғары. 2017 жылы Ресей, Иран, Өзбекстан жəне Қытай еліне 130 миллионнан астам тонна мал азығы жеткізілді.

Облыста өз брендтерін сыртқы нарыққа шығаратын, экспорт бағытында жұмыс істейтін 80 компания бар. Негізінен өнімнің көп бөлігі көрші Ресей, Қытай жəне Өзбекстан елдеріне экспортталады.

Оның ішінде Ресей нарығына ет өнімдерін шығаратын танымал «Баккара», «KazBeef» және «Курочка Ряба» тəрізді компаниялары мен сүт өнімін шығаратын «Родина» агрофирмасы болса, Қытайға «Атбасар» мен «Бота-2015» серіктестіктері ұн, ет өнімдерін жеткізеді.

Ал  «Қазгер құс» серіктестігі Орталық Азия жəне Таяу Шығыс елдерінің нарығына жұмыртқа сатуда.

"Ақмола облысының азық-түлік бренді еліміздің табиғи сапалы өнім шығаратындығы туралы оң көзқарас қалыптастырады", - деп түсіндірді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Димаш Таласбаев. 

Соңғы жаңалықтар