Ақмола облысында 3,1 млн гектар алқапқа цифрландыру жүйесі енгізілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 3,1 миллион гектар егістік алқапқа цифрландыру жүйесі енгізілді. Бұл туралы көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы талқыланған жиында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асқарбек Үйсімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетілгеніндей, төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру және оны жетілдіру алға қойылған жаңа міндеттердің маңызды құрамдас бөлігі саналады. Ауыл шаруашылығын цифрландыруда барынша мол экономикалық тиімділікке жол ашатын егіншіліктің нақты немесе дәлдік тұтқаларын қолдануға екпін түсірілетін болады. Бұл орайда цифрландырудың жекелеген элементтері облыстың алдыңғы қатарлы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында қазірдің өзінде қолданылуда. Олардың қатарында «Родина» АФ» ЖШС, «Белағаш» ЖШС, «Журавлевка 1» ЖШС, «Мәншүк АЭ» АФ ЖШС, «Фермер 2020» ЖШС, «Заречное» ЖШС, «Дихан плюс» АФ ЖШС, «Жер-1» ЖШС, «Свободное» ЖШС, «Викторовское» ЖШС және басқа көптеген кәсіпорындар бар.

Облыс бойынша тұқым себу және астық жинау жұмыстарының көлемін есепке ала отырып, егіншіліктің нақты жүйесін қолданудан түсетін экономикалық тиімділік ондаған миллиард теңгені құрауы мүмкін. Егіншіліктің дәлдік жүйесінде электронды алқап құрылымы негізге алынатын спутниктік және компьютерлік технология қолданылады.

«Бүгінгі күні 1389 шаруашылық 5,7 миллион гектар алқаптың 3,1 миллион гектарын цифрландыру жүйесіне енгізді, бұл бүкіл алқаптың 53,5 пайызы. Бұл жұмыстарды барлық жерде 1 маусымға дейін аяқтау керек, өйткені егін жинау жұмыстарына арналған дизель отыны тауар өндірушілерге бекітілген ауыл шаруашылығы дақылдарының электрондық картасына сәйкес бөлінеді. Алқаптарды цифрландыру шаруашылықтардағы жағдайға нақты баға беруге, ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіру технологиясын оңтайландыруға, жанар-жағармайдың, тұқым мен зиянкестерден сақтану құралдарының шығынын тоқтатуға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді», деп атап өтті А.Үйсімбаев.

Соңғы жаңалықтар