Ақмола облысында 214 оқушы «Алтын белгіге» үміткер

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында  мектеп бітіруші 214 оқушы "Алтын белгіге" үміткер. Бұл туралы аймақ басшысы Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткен əкімдік мəжілісінде айтылды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.

Мəжілісте ҰБТ жаңа форматы бойынша тестілеу өткізуге дайындық мәселесі пысықталды.

Облыстық білім басқармасының басшысы, Балым Ізбасарованың айтуынша, биыл өңірдегі жалпы білім беру ұйымдарын 4331 түлек бітіріп, оның 3166 ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Ал 214 үміткер «Алтын белгіге» тілек білдіріп отырса, 97 түлек үздік аттестат алуға ниетті.

«Биыл түлектердің тестілеуі Ақмола облысы бойынша, 11 тестілеу бекетінде өткізіледі, оның 8-і облыс аумағында орналасса, 3-і Астанада болады. Сондай-ақ осы жылғы ҰБТ-ның ерекшелігі барлық түлекке түсіндірілген, бұл тұрғыда түрлі семинарлар, ата-аналармен кездесу ұйымдастырылды»,-деп атап өтті Б. Ізбасарова.

Бұл тұрғыда облыс әкімі, әсіресе шалғай елді мекендерде тұратын түлектердің ҰБТ тапсыру уақытында қажетті барлық жағдайды жасауды тапсырды. Яғни олардың келіп-кетуі, жатын орны, тамағы, ата-аналардың күту орнында ешқандай олқылық болмай, жоғары ұйымдастырушылықпен өткізуді жүктеді.

Бұдан басқа көрші елдердің ЖОО түсуге ниет танытқан түлектермен, оқу тәмамдағаннан кейін аймаққа оралып жұмыс жасау туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуді де міндеттеді.

Еске сала кетейік, биыл түлектер ҰБТ-ның жаңа форматы бойынша емтихан тапсырады. Яғни мектеп емтиханын тапсырады, содан кейін ЖОО оқуға түсуге ниет еткендер ҰБТ-дан өтеді.

Осы күні облыс әкімдігінің мәжілісінде, су қоймаларындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай және орман өртін алдын-алу шаралары да талқыланды. 

Соңғы жаңалықтар