Ақмола облысында 181 мың тонна құс еті өндірілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - 2017 жылы Ақмола облысында жұмыртқа өндірісі 793,6 миллион данаға жетті. Құс етінің өндірісі 181 мың тонна немесе  2016 жылмен салыстырғанда 135 пайызды құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан бөлінген қолдаудың арқасында облыста құс шаруашылығы саласы қарқынды дамуда.

Біржан сал ауданындағы «ҚазГерҚұс» ЖШС жұмыртқа өндірісін жылына 312 миллион данаға дейін жеткізді. Бурабай ауданында жылдық қуаты 100 миллион дана жұмыртқа шығаратын кәсіпорын құрылды. Былтыр жылдық қуаты 68 миллион дана жұмыртқа өндіретін  «Целиноград құс фабрикасы» ЖШС кәсіпорны іске қосылды.

Сондай-ақ, «Капитал Проджект ЛТД» ЖШС (жылдық қуаты 20 мың тонна құс еті) және «Астрахан құсы» ЖШС (жылдық қуаты 3 мың тонна құс еті) кәсіпорындары құрылды.

 «Құс шаруашылығы өніміне әлемдік нарықта сұраныстың артуына байланысты Ақмола облысының Бұланды ауданында еліміздегі ең ірі құс фабрикасы «Макинск құс фабрикасы» ЖШС құрылысы жүргізілуде. Фабриканың қуаты жылына 60 мың тонна құс етін өндіруге мүмкіндік береді. Алғашқы кезеңін жылына 4 мың тонна құс етін өндіретін кәсіпорынын ағымдағы жылы іске қосу көзделген. Ал толық қуатына 2020 жылы шығу жоспарланған.

Осындай нәтижелі жұмыстардың арқасында облыс 2020 жылдары құс етін өндіру көрсеткішін жылдық қуаты бойынша 80 мың тоннаға дейін жеткізуді  межелеп отыр. Бұл импортты алмастырып, экспорттық әлеуеті арттырады», - деп көрсетілген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар