Ауа райы
Астана 0 °С
Алматы 6 °С
валюта бағамы
USD 330.29
EUR 387.27
RUB 5.56
CNY 49.80

Ақмола облыстық сотының жаңа төрағасы таныстырылды

Ақмола облыстық сотының жаңа төрағасы таныстырылды
2017 жылғы 20 маусым 15:40 1148

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облыстық сотында өңір соттарының 2017 жылғы 5 айдағы сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындысы шығарылды.

Іс-шараға Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева, Ақмола облысы әкімінің орынбасары  Егор Каппель, мемлекеттік органдардың өңірдегі басшылары, жергілікті сот алқаларының төрағалары мен судьялары, Соттар әкімшілігінің басшысы мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кеңеске қатысушылар өмірден мезгілсіз өткен облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының бұрынғы төрайымы Жанна Бердіғұлованы бір минут үнсіздікпен еске алды. А.Қыдырбаева оны еске ала келе: «Бұл - орны толмас ауыр қаза. Өзінің 20 жылдың судьялық қызметінде Жанна Қайратқызы сот жүйесінің дамуына елеулі үлес қосты. Жұмысқа адалдығымен және өзіне тән кәсібилігімен ол жас судьялар мен мамандарға үлгі бола білді. Ол судьялар қауымдастығының жадында кәсіби маман, білікті басшы, парасатты әрі әділ судья ретінде қалды», - деді.  

Кеңесті аша келе, Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы өңірдегі судьялар қауымына облыстық соттың жаңа төрағасы  Әміров Досжан Сарманқұлұлын таныстырды.

А.Қыдырбаева Досжан Сарманқұлұлының сот жүйесіндегі 28 жылдық жұмыс тәжірибесі, соның ішінде 17 жылдық басшылық лауазымдағы өтілі, кәсібилігі мен білімі сот төрелігін сапалы жүзеге асыруға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және азаматтардың соттарға деген сенімін арттыруға бағытталатындығына сенім білдірді.  

Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы бұрын осы соттың төрағасы қызметін атқарып, Алматы қалалық сотының төрағасы болып тағайындалған Нұрғазы Әбдіқановқа кәсіби жұмысы үшін алғысын білдірді.

А.Қыдырбаева жаңадан тағайындалғандарды таныстырды. Солардың қатарында бұрын Ақмола облыстық сотының судьясы қызметін атқарып, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы лауазымына тағайындалған Раджаб Даминов, Ақмола облыстық сотының судьясы Нұрсұлтан Рахымберлин, Есіл аудандық сотының жаңа төрағасы Қазыбек Әбішев, Көкшетау қалалық сотының жаңа төрағасы Ринат Шақуанов, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының жаңа төрағасы Айсұлу Жұматова бар.    

Облыс әкімінің міндетін атқарушы Егор Каппель құттықтау сөзін сөйледі.

Бұдан әрі облыс соттарының 2017 жылғы 5 айдағы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындысы шығарылды. Облыстық сот алқаларының төрағалары Ерлан Жанәділов пен Раджаб Даминов сөз сөйлеп, атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. Судьялық әдеп жөніндегі комиссияның қызметі туралы оның төрағасы Светлана Рахметова баяндама жасады. 

Кеңестің қорытындысын шығара келе, А.Қыдырбаева 2016 жылды Қазақстан сот жүйесі дамуының жаңа кезеңінің басталуына балап, оның қорытындысы бойынша сот төрелігін жүзеге асыру көрсеткіштерінің айтарлықтай жақсарғанын атап өтті. Осы үрдіс 2017 жылы жалғасын тапқанына айрықша мән берілді.

Ағымдағы жылдың 5 айында республика бойынша дауларды шешудің баламалы тәсілдерін қолдана отырып аяқталған істер саны 42%-ға, медиацияны қолдану 82 %-ға артты. Осындай ахуал қылмыстық істерге қатысты сот төрелігін жүзеге асыру бойынша да байқалуда.

А.Қыдырбаева атап өткендей, жаңа процестік қағидалар мен құқықтық институттар, судьяларды іріктеу мен мансаптық ілгерілету жүйесі тексерістен өтіп, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қаралған, сондай-ақ дауды шешудің баламалы тәсілдерін қолдана отырып аяқталған, медиация арқылы шешімін тапқан істер саны шамамен 3 есеге артты. Прокурордың қатысуымен қаралған істер саны төрт есеге азайды. «Сот кабинеті» арқылы а.ж. 5 айдың ішінде 316 693 өтініш (барлық жүгінулердің 90%) берілді, электронды желі арқылы 151 245 әкімшілік материал келіп түсті. Атқарушылық іс жүргізу органдарына 195 969 атқару парағы жіберілді.

А.Қыдырбаева: «Соттар ыңғайлы ғимараттарда орналасқан, судьялардың баспана мәселесі шешімін табуда. Судьяларға Жоғарғы Соттың бюджеті есебінен қомақты көмек көрсетілуде, соның ішінде Жарқайың аудандық соты ғимаратының құрылысына айтарлық қаражат бөлінді», - дей келе, жергілікті билікке өңір соттарына көрсеткен көмегі үшін алғысын жеткізді.

Ақмола облысы соттарының жұмысындағы кемшілік ретінде Егіндікөл және Қорғалжың аудандары соттарындағы медиацияны қолдану қарқынының төмендігі, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша 7 шешімнің күшін жою фактілері, сондай-ақ қылмыстық және азаматтық істерді қарау барысында орын алған қателіктер айтылды.  

А.Қыдырбаева өңірдегі судьялар корпусының алдына сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсарту, тұрғындар үшін құқықтық түсіндіру жұмысын дұрыс жүргізу міндетін жүктеді.

«Мемлекет басшысы біздер орындауға тиіс нақты міндеттерді айқындап берді. Басымдықтар белгілі. Ең бастысы - азаматтардың соттарға деген сенімі, ал сенімге сот төрелігін сапалы жүзеге асыру, мінсіз мінез-құлық және өзіңнің кәсіби деңгейіңді арттыру бойынша үздіксіз жұмыс істеу арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Сонда ғана біз қабылдап жатқан шаралар тиімді әрі нәтижелі болады», - деді А.Қыдырбаева.

Досжан Сарманқұлұлы Әміров 1962 жылы дүниеге келген. 

1988 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

1988-1989 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық адвокаттар алқасында тағылымдамадан өткен.

1989-1990 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев және Ленин аудандық соттарының судьясы.

1990-1999 жылдары - Солтүстік Қазақстан облыстық сотының мүшесі.

1999-2002 жылдары - Қарағанды облысы Теміртау қалалық сотының төрағасы.

2002-2007 жылдары - Солтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы. 

2007-2011 жылдары - Астана қаласы және Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқаларының төрағасы.

2011-2015 жылдары - Маңғыстау облыстық сотының төрағасы.

2015 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы қызметін атқарып келді. 

Басты сөздер: Ақмола облысы, Сот, Тағайындау,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер