Әкімдіктердің кемшілігі жекешелендіруге кедергі жасайды - Бақыт Сұлтанов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында жекешелендіру мәселелері қаралды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бүгінде жекешелендіру аясында бәсекелестік күшейе түсті. Бір аукционға 4-5 сатып алушы қатысады. Бұрын аталған көрсеткіш үш адамнан аспайтын. Дегенмен, осы салада тәртіп бұзушылықтар аз емес. Мәселен, сатушылар заң бойынша белгіленген 20 күндік интервалды сақтамайды. Соның салдарынан кәсіпорындар сатылмай жатады. «Өткен жылы қазан-қараша айларында «Маңғыстау Агросервис» ЖШС бойынша екі-ақ сауда-саттық өткен болатын. Алайда жылдың соңына дейін аталған нысан үшінші аукционға шығарылған жоқ. Заң бойынша ондай кәсіпорындарды әрбір 20 күннен кейін саудаға шығарып отыру қажет», - дейді Б.Сұлтанов.

Министрдің сөзіне қарағанда, кейбір әкімдіктер жекеменшік кәсіпорындардағы мемлекеттің үлесін бөліп тастайды да, аукционға шығарады. Содан аталған нысандар дұрыс сатылмайды. «Ондай тәртіп бұзушылықтар Қостанай, Жамбыл, Маңғыстау облыстары мен Алматы қаласында тіркелген. Негізі, заңды тұлғалардың еншісіндегі акциялардың үлесін бөлуді тек «Самұрық-Қазына» активтеріне қатысты пайдалануға болады. Себебі ондай шараның арқасында қосымша инвесторларды тартуға мүмкіндік бар», - деп атап көрсетті министр Сұлтанов.

Бұдан бөлек, нысандарды бағалау жұмыстары ұзаққа созылады. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында «Қалқымалы өткел» ЖШС-ны бағалау шаралары төрт ай бойы атқарылды.

Айта кетейік, отырыс барысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жекешелендіруден түскен қыруар қаржыны Ұлттық қорға уақытында аударуды тапсырды.  Ал ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мүлікті түгендеуден кейін жаңа кәсіпорындардың саңырауқұлақтай қаптап кететіні үшін сөгіс естіді.  Сондай-ақ, Үкімет басшысы жекешелендіру туралы толық ақпаратты, соның ішінде осы салада баяу жұмыс жасап жатқан облыстарды ашық көрсетуді тапсырды. 

 

 

Соңғы жаңалықтар