Әкімдіктер мен Ұлттық компаниялар ЭКСПО-ның қандай технологияларын таңдап алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы облыс әкімдіктері мен Ұлттық компаниялар «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің 55 технологиясын жүзеге асырғалы жатыр. Әкімдіктер мен компаниялардың қандай жобаларды таңдап алғаны туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика министрлігі жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры Айнұр Соспанова айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Әкімдіктер 40, ұлттық компаниялар 15 технологияны таңдап алды. Мұнай мен газ саласында 7 технология іріктеліп, қазақстандық кәсіпорындарға енгізілгелі жатыр. Нақтырақ айтқанда, Қостанай облысының әкімдігі немістің «СГК-510 газаналитикалық құрылғысын» 2018 жылы енгізуді жоспарлап отыр. Аталған технологияны енгізудің арқасында газды тұтынуда әкімдік жылына 40 миллион теңгені үнемдей алады. Қазіргі уақытта аталған жоба бойынша ЖСҚ мемлекеттік сараптамасына берілген», - дейді Айнұр Соспанова.

Энергетика министрлігі өкілінің айтуына қарағанда, «Ембімұнайэнерго» АҚ бүгінгі күні General Electrik компаниясының «6F.01 газ трубиналарын» енгізуді көздесе, Қостанай облысының әкімдігі энергетика саласында қуаттылығы 2,5 МвТ-тық турбоагрегаттардың жобасына арнап жобалық-сметалық құжаттамаға байқау жариялаған.

«СҚО әкімдігі 2018 жылы «Мобильді телефондарды тегін қуаттау автономды станциясын» тұрғызу үшін қытайлық технологияны енгізбек. Бұл таңдау электр энергиясын тұтыну шығынын азайтып, қоршаған ортаға келтірілетін зиянды заттардың мөлшерін қысқартады. Қазіргі уақытта әкімдік қытайлық Shenzhen компаниясымен құрылғыны Қазақстанға жеткізу бойынша келісімге қол жеткізіп отыр. Өз кезегінде «ҚазТрансОйл» АҚ 2018 жылы словакиялық «энергияүнемдеуші экокапсула» мен австриялық «Sundrops» мобильді күн электростанциясы» жобасын жүзеге асырмақ», - дейді ҚР ЭМ өкілі.

Ал Қарағанды облысының әкімдігі мен Финляндияның «SetClean Teach», «Қарағанды ЭКО-сервис» ЖШС қоқыстарды өңдеу үшін үш жақты келісімге отырған. Сонымен бірге, бүгінге дейін Қарағанды қаласында қоқыс өңдеуші зауытты салу жобасы мақұлданып отыр. Келісім аясында финдік технологияны 2018 жылы Қарағандыға жеткізу жоспарланған.

Айта кетсек, ҚР Энергетика министрлігі ЭКСПО көрмесінің халықаралық павильондарында ұсынылған жаңа технологияларды Қазақстанда қолдану мүмкіндігін қарастырып жатыр. Министрлік бүгінге дейін көрмеде таныстырылған 105 шетелдік технология мен 28 отандық технологияның тізімін жасаған. Аталған тізім ұлттық және жеке компанияларға, сонымен бірге облыс әкімдіктеріне жолданған. 

Соңғы жаңалықтар