Әкенің тілін алмайтын, анаға қырын қарайтын ұл-қызға қандай тоқтам бар - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей назарларыңызға «ҚазАқпарат» ХАА-нің өңірлік баспасөзге шолуын ұсынамыз.

*  *  *

«Е, мое, қуасың, ә!» немесе тілдегі түйткілдер - Оңтүстік Қазақстан газеті

«Оңтүстік Қазақстан» газеті өскелең ұрпақтың сөзіне алаңдайды. «Автобуста келе жатырмыз. Елдің назары даурыға сөйлескен екі балада. - Сен қақа барасың?- дейді шілтиген сары шикіл. -Өзің білесің ғо...Мына інім екеуміз больницаға бара жатырық. Бұл қасындағы қара баланың жауабы. - Е, мое, қуасың, ә...Больница қаяқта, сен қаяқта...».

Шындығында, бүгінгі жастардың да жасамыстың да сөзі осы болып барады. Бұл ретте автор тіршіліктегі қатынас құралының қасиеті кеміп, қадірі кете бастағанын айтады. «Бүгінгі жастар сөз қадірін, сөз парқын біле ме, ауызекі сөйлескенде «ғой» деген үш әріптік сөзді айтуға да жазуға да ерініп, «ғо» деп шолақ қайыра салатын болды. «Бара жатырық», «отырық ғо» деп «тілін тасқа қайрайды». Әлеуметтік желіні ашсаңыз мұнан да сорақылардан көз сүрінеді. Өстіп-өстіп күні ертең бәріміз де осылай сөйлеп, осылай жазып кете бермекпіз бе, сонда?» дейді автор.  Мақалада ауызекеі тіл төңірегіндегі ғана емес, терминдерге қатысты да мәселе қозғалады. Орашолақ аудармаға басқа-басқа тілшілердің де ұрынып жатқанын сынға алады.  «...біз сөз қадірін өз қадірім деп ұғатын ұлт едік. «Сөз сүйектен өтеді» дейді халқымыз. Сөздің сәнін сақтайық, мәнін мәпелейік. Мағынасын бұзбайық, салтанатын сызбайық. Абайшалап айтқанда «қайран сөзім қор болды-ау» деп өкініп жүрмесек болғаны, ағайын!» делінген мақалада.

 

Әкенің тілін алмайтын, анаға қырын қарайтын ұл-қызға қандай тыйым бар? - Өскен өңір

«Өскен өңір» газетінің жазуынша, бұрынғы бабаларымыз «бала тәрбиесіне келгенде қаталдық танытқан». Тізгін ұстар ұлы мен абыройын арттырар қызын мейлінше салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа сай тәрбиелеген. Ал қазір ше? «Әкенің тілін алмайтын, анаға қырын қарайтын ұл-қызға қандай тоқтам бар?» атты мақалада автор Мөңке бидің болашақты болжаған әйгілі толғауын келтіре отырып, тілалғыштығынан гөрі қырсықтығы, өжеттігінен гөрі жасықтығы басым балғындар мәселесіне назар бұрады. Бүгінде әке мен анаға қырын қарайтын ұл-қыздар пайда болғанын айтып, оларға қандай тоқтам жасаймыз дегенге толғанады, автор.

Толғанып қана қоймай, көпті көргендерден сыр тартады.  Пікір айтқандар «тәрбие басы - тал бесік» дегенді көлденең ұстаған екен. «Сұлтанмахмұтша айтқанда «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болатын» жастарға үлгі боларлық қасиеттерді дарытқанымыз жөн. Мағжан ақынның өзі «Мен жастарға сенемін», - деп толғанып, тебіреніп еді-ау. Елдің ертеңгі егесі де, шегесі де, тірегі де жастар екенін ұмытпайық» деп аяқтайды автор мақаланы.

 

Көктемірді шайнаған көкжал  -  Дидар газеті

Шығыс Қазақстан облысының «Дидар» газеті  түз тағысы қасқыр туралы қызықты әңгімені оқырманға ұсыныпты. Тақырыпқа тұздық ретінде қасқырмен «күрескендердің» айтқандарын түсіріпті. «Былтыр желтоқсан айында осы Айнабұлақ телімі төңірегіндегі жазықта қаннен-қаперсіз жайылып жатқан отарға тағы да үш-төрт қасқыр қатар шапты. Жан-жаққа бытырай қашып жүрген қойларды анадайдан көлікте келе жатып көріп қалған бойы «Ниваның» жүрісін үдетіп, айдап отырып, отарға жеттім. Қырға қарай ыта жөнелген үшеуінің соңынан «Нивамен» қуып бердім. Қолымдағы оқтаулы мылтығымның оғы шаршаңқырай бастаған соңғысының санына тиген екен. Сонда да тоқтамай бүлкілдей қашып бара жатты. Нивамен қуып жетіп, тағы бір рет атуға оқтала бергенім сол еді, арлан қасқыр тұра қалып, тура көлікке қарай атылды. Сол жолы қалш-қалш етіп, қайта-қайта «Ниваға» атылған жаралы арланның азу тістері көліктің темір шанағына дейін ойып, тесіп жібергенін жерге түскен соң бірақ көрдім» - дейді қасқырлардың қайсарлығына тағы да таңғалғандығын айтқан Бақыт Хамитов. Шындығында көлікке шабуылдайтын қасқырлар туралы әңгіме айтылады. Бірақ дәл осылай зулатып келе жатқан көлікке атылып, оның көктеміріне тісін батыру оқиғасы болмаған шығар, сірә.

Айша бибінің өсиеті - Жаңақорған тынысы

«Жаңақорған тынысы» газеті «Айша бибі өсиеті» деген атпен қыз-келіншектерге қажетті кеңестерді ұсынған екен. Махаббаттың символы саналатын Айша бибіден қалған өсиетті қазір қалың жұрт біле бермейді. Сондықтан бұндай дүниеге де назар аударып отырған маңызды екені анық. «Аяғы ауыр келіншек кез келген уақытта шомылмау керек. Ай толғанда ғана міндетті түрде шомылу керек. Себебі, іштегі сәби әр айда шапан киеді, яғни бұл қан алмасады деген ұғымды білдіреді. Аяғы ауыр келіншек ретсіз шомыла берсе, іштегі сәби көріксіз болуы мүмкін» делінген екен Айша бибі өсиетінде. 

  

Көңілінен шықпақ болып еді, жазаланды - Ақ-Жайық газеті

Ақ-Жайық газетінің жазуынша, Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты құқық бұзушының заңсыз әрекетіне тосқауыл қойыпты. Атап айтқанда, Қылмыстық атқару жүйесі комитет департаментінің пробация есебінде бақылауда тұрған құқық бұзушы осы комитеттің аға инспекторының ұялы телефонының балансын толтырыпты. Сосын инспекторға «Бұл сізге деген шын ниетіммен» мәтінде хабарлама жіберген екен. Әйтсе де, әлгі инспектор құқық бұзушының бұл ниетін бағаламапты. Сосын бұл факті туралы арызданған.

Нәтижесінде бақылауда жүрген қылмыскерге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «заңсыз материалдық сыйақы» беруiне орай іс қозғалған. Сот онсыз да бақылауда тұрған құқық бұзушыға 200 АЕК (453 800 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттепті.

Моңғолия әуе күштерінің негізін қалаған қазақ генералы - Менің өлкем газеті

Шығыс Қазақстан облысынан шығатын «Менің өлкем» газеті  Зайсан өңірінің тумасы Моңғолия авиациясының бас қолбасшысы болған Мүдәріс Зайсанов туралы мақала жариялады. Моңғол елі авиациясының негізін қалауға атсалысқан генерал-майорды  қандастарымыз ұлықтай Жайсанап атаған екен. Газет генералдың немере інісі болып келетін Қанат Даштуанұлының аузынан тарихи тұлға туралы естелікті басып отыр.

Батыр жайлы естелікте оның шыққан тегі мен өмір белестері туралы айтылады. Жайсанап генерал 1939 жылға дейін Орынбордағы ұшқыштар дайындайтын училищеде қызмет атқарады. Бірақ 1939 жылдың басында, Моңғолияның шығыс шекарасында туындаған күрделі жағдайға байланысты Моңғол үкіметі оны кері шақырып алып, бір жыл бұрын құрылған Әуе күштері полкінің командирі етіп тағайындайды екен. 1939 жылы Қиыр Шығыстағы Халкин-гол өзенінде Совет-моңғол қарулы күштері бірлесіп, жапон басқыншыларына соққы береді. Осы соғыста полк бастаған полковник ерекше ерлік танытады. Жер жағдайын жетік біліп, жел бағытын дөп есептейтін, әскери өнерге өте шебер, өнегелі ұстаз Зайсановтың қол астындағы адамдар «Қызыл ту» орденімен марапатталған. Яғни, «Қызыл Ту» орденінің Моңғолиядағы тұңғыш иегері де осы Зайсанов болды.

Сұрапыл соғыс жылдары, яғни 1942 жылы Мүдәріс Зайсанов Моңғолия Үкіметі басшысының бұйрығымен Әуе қарулы күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды. Ал 1944 жылы оған авиация генерал-майоры шені берілді. 1943-44 жылдары ол Қытайдың Гоминьдань әскеріне қарсы соғысады. 1945 жылы Совет-моңғолдың біріккен әскери күштері Халхин-голда Жапон басқыншыларын талқандайды. Осы соғыста да Зайсанов басқарған Моңғолия Әуе қарулы күштері ерекше көзге түседі. Бірде Зайсанов: «Жапондардан «Супер» маркалы - 49 ұшақ, «Дюблестник» типтегі - 11 ұшақты қолға түсірдік. Рапорт беруші генерал-майор М.Зайсанов» деп жазбаша рапорт берген екен.

Зайсановтың ерлігі Кеңес Одағы тарапынан да аса жоғары бағаланған. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін 1945 жылы Совет Одағының Жоғары Кеңесі Президиумының жарлығымен Моңғолияның маршалы Чойбалсан бастаған 21 адам ордендермен марапатталды. Мүдәріс Зайсановқа «Қызыл жұлдыз» ордені берілді. 

Соңғы жаңалықтар