Академик Бурабайды ұзақ өмір сүрудің «көгілдір аймағына» айналдыруды ұсынды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық тамақтану академиясының президенті, Ұлттық ғылым академиясының академигі Төрегелді Шарманов Бурабай курортын ұзақ өмір сүрудің «көгілдір аймағы» тізіміне ене алатынына сенімді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өмір сүруге ыңғайлы және ұзақ жасауға лайықты жерлерді «көгілдір аймақ» деп атап кеткен. Әлемде төрт танымал «көгілдір аймақ» бар. Онда барлық жағдайлар жасалған. Мұндай аймақтарға бірқатар талаптар қойылады. Оған қоршаған орта, сауда жасау мүмкіндігі, білім алу және жұмыс жасауға ең ыңғайлы жағдайлар жасау кіреді. Мен біздің Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа осындай «көгілдір аймақтарға» Қазақстанда ең алдымен Бурабай лайық екендігін айттым», - деді Төрегелді Шарманов «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.

«Бірақ Қазақстанда «көгілдір аймақтарға» Алматы облысының Жетісу өңірі, елдің шығысы мен Бурабай кіре алады. Бұл жерлерді «көгілдір аймақтарға» қойылатын халықаралық талаптарға сай ету керек. Көптеген талаптар қазірдің өзінде бар - инфрақұрылым, жақсы жолдар бар, ауасы таза, қоршаған орта көрікті, астанамыз жақын орналасқан. Тағы не керек?», - деп жалғады сөзін академик.

Әлемде адамдары ұзақ жасайтын «көгілдір аймақтар» бар, олардың қатарында Италиядағы Сардиния аралы, Коста-Рикадағы Никоя түбегі, Жапонияның Окинава префектурасы және Калифорниядағы Лома Линда қауымдастығы бар. Олар саяхаттанушы әрі жазушы Дэн Бюттнердің арқасында танымал болды. Оның National Geographic журналында жарияланған «Ұзақ жасаудың құпиялары» атты мақаласынан кейін, басылым ұзақ өмір сүрудің құпиялары мен сырларын одан әрі ашу үшін оның осы аймақтарға бірнеше мәрте экспедиция ұйымдастыруына қаражат бөлген.

Соңғы жаңалықтар