Ақ Жайықта ақын Есенғали Раушановтың кеші өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат -  Бүгін облыстық қазақ драма театрында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Есенғали Раушановтың «Еркем, Жайық...» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Биыл алпыс жасқа толған ақынды мерейтойымен облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтап, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аталмыш кештің ұйымдастырылғанын жеткізді. «Ақ Жайық өңірінің ерекшелігін барша қазақ елі жақсы біледі. Күй атасы Құрманғазы мен Дина, алты алашқа ән оздырған Мұхит, оның бер жағында Жұбан, Қадыр сынды қазақ әдебиетінің қабырғалы өкілдерінің қатары сиреген емес. Осындай бай өңірге арнайы келген Есенғали Раушановтың да қазақ поэзиясындағы орны ерекше. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бағыты өнер мен мәдениет болса, мұның бәрі біздің өсіп-өркендеуіміздің көрінісі деуге болады. Экономика ел дамуының бір қанаты болса, руханият - екінші қанаты. Бір-бірінсіз дамуы мүмкін емес», - деді өңір басшысы.
null

«Бесігін әнмен тербеп, жоқтауын жырмен айтатын қазақтың сөз өнерінің орны айрықша. Қайта жаңғырған дәуірде қазақтың мықты ақындарының бірі, өзгелермен шатастыруға болмайтын, көпшіліктің ішінен дара даусымен танылған ерек талант иесі Есенғали Раушанов десек, еш артық емес. Есенғалидың жырларынан даланың ботасынан аруанасына дейінгі табиғи мінезді танып, білуге болады. Арудың бұрымындай әдемі өрілетін қазақтың қара өлеңімен-ақ ұлттық рухты биік көтеріп келе жатқан ақын. Оның сонау Желтоқсан көтерілісі кезінде дүниені дүр сілкіндірген «Қара бауыр қасқалдақ» атты өлеңінің өзі неге тұрады!? Жас ұрпақ осындай рухты жырларды оқып өсуі керек», - деді ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева.
null

Кеште сондай-ақ жазушы-баспагер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов Есенғали Раушановтың 10-сыныпта жазған топтама өлеңдеріне кезінде ұлы ақындарымыздың бірі Жұмекен Нәжімеденовтің басын шайқап, тамсанғанын айтып, оның сөздік қорының молдығына қазақ әдебиетінің корифейлері Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынова таңғалып отыратынын жеткізді.
null

«Есенғали жырларынан ұлы жыраулардың ұлық сарыны анық сезіледі. Осыдан алты жүз жыл бұрын Қарға бойлы Қазтуған жыраудың Еділ мен Жайық бойынан бармағын қарс-қарс шайнап, қалай кеткені елдің жадынан өше қойған жоқ. Шылбырын сүйретіп, шынжырын үзіп кеткен Қазтуғанның, міне, сол жыры араға ғасырлар салып, Есенғалидың көкмойнақ тұлпарын мініп, Есенғали болып қайта оралды», - деді ақын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты Светқали Нұржанов.

Шығармашылық кеште ақынның өлеңдері оқылып, сөздеріне жазылған әндер орындалды.

«Ақын ел алдына шығып, өлең оқығанда, халықты үйретемін демеуі керек. Қайта одан үйренемін деуі керек. Сондықтан мені қолдайтын жұртшылықтың бәріне басымды иемін», - деді ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Есенғали Раушанов. 
nullnull

Соңғы жаңалықтар