Агроөнеркәсіп бағдарламасы: Бір жылдың нәтижесі қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметтің бүгінгі отырысында 2017-2021 жылдарға арналған Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасының өткен жылғы нәтижесі қаралды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниевтің айтуынша, осы саладағы өнім өндіру көлемі бір жылдың ішінде 7,9 процентке ұлғайып, 4 трлн теңгені құрады. "Жалпы, мемлекеттік бағдарлама аясында 2017 жылы 7 нысаналы индикаторға қол жеткізу жоспарланған болатын. Оның ішінде 6 индикатор орындалды. Азық-түлік тауарлары мен көтерме сауданың нақты көлем индексі бойынша бір нысаналы индикаторға қол жеткізілмеді", - дейді А.Евниев.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, егістік алқаптарының құрылымын әртараптандыру шаралары жалғасуда. 2016 жылмен салыстырғанда майлы дақылдар алқабы 444 мың гектарға, соның ішінде қант қызылшасы 6,3 мың гектарға, дәнді бұршақты дақылдар алқабы 274 мың гектарға, бұдан бөлек, арпа, жүгері, қарақұмық, күріш пен мақтаның алқаптары ұлғайды. Ал бидай алқаптары 467 мың гектарға қысқарды. "Мал шаруашылығы саласында өнім өндіру көлемі 3,9 процентке артты. Соның ішінде ет - 6 процентке, сүт - 3 процентке, жұмыртқа өндіру 7 процентке өсті. Мал басы орташа есеппен 5 процентке көбейді. Бұл ретте асыл тұқымды ірі қара малдың үлесі 11 процентке дейін артты. 2010 жылда аталған көрсеткіш 7,7 процент болған. Алайда құс еті, шошқа еті және құрама жем бойынша тиісті көрсеткіштерге қол жеткізілмеді", - деп атап көрсетті А.Евниев.

Ресми мәліметке сәйкес, былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 12,5 процентке өсті. Соның ішінде қайта өңделген өнімнің үлесі аз емес. Дегенмен, өсімдік майы мен сиыр етінің экспорты бойынша жоспар орындалмады. Мәселен, өткен жылы 117 млн доллардың өсімдік майы шетелге сатылады деген жоспар болған. Алайда нақты сатылған өнімнің көлемі 92 млн долларды құрады. Себебі өсімдік майының экспорттық бағасы 11 процентке төмендеді. Соның өзінде былтыр 113 мың тонна өсімдік майы экспортталды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге артық. Ал экспортқа шығарылған сиыр етінің жалпы сомасы жоспардан екі есе төмен - 24 млн доллармен шектелді. Оның да өзіндік себептері бар. "Біріншіден, ірі қара мал етінің қолайсыз баға коньюктурасы. Мәселен, Ресей нарығында бір келі сиыр етінің бағасы 210-220 рубльді құрайды. Жеткізу шығындарын есептемесек, бұл теңгеге шаққанда 1200-1300 теңгенің маңайында. Ал Қазақстанның ішкі өткізу бағасы 1500 теңгені құрайды. Екіншіден, Атырау облысында нодулярлы дерматиттің тіркелуіне Ресей тарапынан арнайы талаптар енгізілген болатын", - деді А.Евниев.

Айта кетейік, бүгін ауыл шаруашылығы министрлігі "саны бар, сапасы жоқ" кооперативтердің көбейіп кеткенін де мәлімдеді. "Бүгінде 851 кооперативтің ішінде тек 491-і ғана қажетті теxникамен жабдықталып, ағымдағы жылда өнім өндіруге дайын. Ал 360 кооперативте тиісті құрал-жабдықтар болмай шықты. Өкінішке қарай, жағдайды "саны бар, сапасы жоқ" деп айтуға тура келеді", - деді вице-министр Арман Евниев.

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзаxметов аталған пікірмен келіспейтінін жеткізді. "Жаңа министрліктің баяндамасында "саны бар, сапасы жоқ" деген пікір айтылды. Меніңше, бұл жерде ондай пікірді ойланып барып айтқан дұрыс сияқты. Өйткені кооперативтерді құру ол дүкенен сатып алатын бір зат емес. Алдымен оның бәрін қағаз жүзінде рәсімдеу керек. Рәсімдегеннен кейін өтінім беріледі. Өтінім берілгеннен кейін ол қондырғыларды дайындау үшін кемінде үш-төрт ай керек", - деді А.Мырзаxметов. 

Соңғы жаңалықтар