Адвокатураға прогрессивті өзгерістер енгізіліп жатыр - Серік Ақылбай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы адвокатура саласына жасалып жатқан өзгерістер бұл саланы демократияландырып, халыққа жақындата түсу үшін жасалып жатыр. Қазақстан Заңгерлер одағы төрағасының міндетін атқарушы Серік Ақылбай Қазақстан заңгерлер одағының екінші съезінде осылай пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Мен егер тікелей айтатын болсам, адвокаттардың жаңа заң жобасына қарсы шығатын ешқандай құқығы жоқ. Егемендік алғалы бері сот, прокуратура, тергеу жүйесінің барлығы өзгерді. Мысалы, прокурорлар 5 жылдан артық отырмайды. Соттар да солай. Ал соттардың тәртіптік коллегиясына тек қана соттар емес, қоғамнан да, жоғарғы сот кеңесінде прокуратураның да, әділет министрлігінің де өкілдері отырады. Қоғамдық өкіл ретінде талай коллегияға қатыстым. Ал адвокатурада бұл жұмыс тек қана өзінің ішінде қайнап жатыр. Олардың тәртіптік мәселелесін адвокаттар ғана қарайды. Олардың төрағаларының ішінде 30 жыл бойы отырғандары бар», - дейді Серік Ақылбай «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» жаңа заң жобасы туралы.

Оның айтуынша, адвокатурада бұл әбден қатып қалған дүние. Соны ретке келтіру үшін заң жобасы ұсынылып жатыр.

«Адвокатураны демократияландыру, құқық беру, айыпталушылармен олардың құқықтарын теңестіру үшін жасалып жатыр. Яғни, бұл өте прогрессивті, алға жылжытушы заң. Тағы бір жағын қарасаңыздар, адвокаттар коллегиясына кіру үшін 800 мың теңгеге дейін алғашқы жарна төлеу керек. Оны кез келген азаматтың қалтасы көтере бермейді. Оқуды үздік бітіргендер адвокат бола алмай жүр. Себебі, ақшасы жоқ. Одан басқа болашақ адвокаттар сынақтан өту үшін тағы шығындалады да, айналып келгенде 1 миллион теңгедей ақша керек болады», - дейді ол.

Сондай-ақ, Серік Ақылбай Қазақстанда 4000 мың адамға бір ғана адвокаттан келетінін айтады.

«Бұл ТМД елдері ішіндегі ең төмен көрсеткіш. Дамыған елдерде 200 адамға бір адвокаттан келеді. Сондықтан адвокатура саласын демократияландырып, халыққа жақындата түсу үшін бұның бәрі жасалып жатыр. Ең бастысы бұл өзгеріс халықтың құқығын дұрыс қорғау үшін әзірленді. Сондықтан бұл заңға тек қана өзінің маңындағы мансабын қорғау үшін күш салып жатқандар ғана қарсы шығып жатыр», - деп түйді Серік Ақылбай. 

Соңғы жаңалықтар