Әділбек Ниязымбетов: «Бір тойым болатыны сөзсіз менің»...

None
None
АСТАНА. ҚазАҚпарат - Талай шаршы алаңның көрігін қыздырып, сын сағаттарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген боксшыларымыздың бірі Әділбек Ниязымбетов екені баршамызға белгілі.

Қатарынан екі Олимпиада ойындарында күміс жүлдені қанжығасына байлаған бауырымызды бүгінде ел «қазақтың Күмісбегі» деп еркелетіп жүр. Елінің айбынын асырған азаматты елі де ерекше қадір тұтатыны анық. Бүгін сол «Күмісбегімізді» әңгімеге тартып, соңғы жаңалықтарымен бөлісіп оқырман назарына ұсынғанды жөн санадық.

- Әділбек, соңғы Ташкентте өткен «Сарықұрлық» біріншілігі мен Астана төрінде өткен дәстүрлі халықаралық ҚР Президенті кубоында сізді жанкүйерлер шаршы алаңнан көре алмады. Қазір қайда, немен айналысып жатырсыз?

- Иә, жанкүйерлерім сағынып қалған болар. Ол жарыстарға жарақатыма байланысты қатыса алмадым. Қазір ем-дом қабылдап жатырмын. Денсаулық қалпына келгеннен кейін жанкүйерлермен қайта қауышатын боламын.

- Сіздер денсаулықтарыңыз сыр бергенде өз еріктеріңізбен жарыстардан бас тартасыздар ма, әлде дәрігерлердің көмегіне жүгінесіздер ме?

- Әрине, дәрігерлердің көмегіне жүгінеміз. Әр маусым сайын толық тексерістен өтеміз. Ұлттық құрамаға жауапты өз дәрігерлеріміз бар. Солардың кеңесіне көп жүгінеміз. Себебі, біз қабылдауға болатын, болмайтын дәрілер болады. Кейде қатты суықтап, тымауратып қалатын кездер болады. Ондай кезде дәріханаға барып өз бетімізбен дәрі алып ішуімізге болмайды. Кейбір допинг деген сондай себептерден де болуы мүмкін. Сондықтан, өз дәрігеріміздің нұсқауы бойынша емделеміз.

- Алда әлем біріншілігі жақындап келеді. Бұйырса, сол біріншіліктен сізді көре аламыз ба?

- Өкінішке қарай, ол біріншіліктен де көре алмайсыздар. Мен емделе жүріп құрамада жаттығуымды жалғастыра беремін. Ал негізгі жарыстарға келесі жылдың басынан қосылсам деген жоспарым бар. Егер, бас бапкеріміз Мырзағали Құланұлы (Айтжанов - авт.) кез-келген уақытта шаршы алаңға шығуға тапсырма берсе қарсы емеспін. Дайынмын.

- Сіз Рио Олимпиадасынан кейін шаңырақ көтеремін деп бір айтып қалып едіңіз. Тойға қашан барамыз?

- Қазақтың даңқты ақыны Төлеген Айбергеновтің: «Бір тойым болатыны сөзсіз менің, Дәл қай күні екенін айта алмаймын. Бірақ... бірақ... Ешкімді де билетпей қайтармаймын» деп жырлағаны сияқты мен де дәл қай күні той болатынын айта алмаймын. Бірақ, тойым болған күні келген қонақтарымның ешқайсысын билетпей қайтармаймын.

- Мүмкін, «келінге» сырға салып қойған боларсыз?

- Жоқ, әлі ешкімнің құлағына сырға сала қойған жоқпын.

- Сіздей сері жігіттерге қыздар таласып жүрген болар...

- Ондай әрекетке тек ақымақ қыздар барады. Ақылды, ибалы, иманды қыздар ешқашан ондайға бармайды. Олар өз салауатын ұстайды. Мен де, қанша жерден Олимпиада жүлдегері болсам да, адамдық қасиетімді жоғалтқым келмейді. Сондықтан «жұлдыздық» ауру дегенді білмеймін. Мүмкін біреулер мені «жұлдыз» көретін шығар. Бірақ, мен кәдімгі Әділбекпін.

- Осыдан бірер күн бұрын жергілікті әкімдік сізге үй сыйлағанын естідік...

- Иә, елім еңбегімді бағалап жатыр. Осындай еңбегіңді бағалап, еркелете білетін еліміз барына Аллаға шүкір. Бірінші Аллаға, екінші халқыма Рахмет.

- Сіздердің Олимпиададағы жетістіктеріңізден кейін мемлекет қомақты қаржылай сыйақы тағайындады. Ал өзіңіз қандай қайырымдылық шараларына қатыстыңыз?

- Негізі, қазақта «садақа шығару», «жетім-жесірге көмектесу», «мұқтаж жандарға қолұшын беру» деген жақсы қасиеттері бар. Бұл қасиеттер қанымызға ананың сүтімен сіңген. Өз басым қанша қайырымдылық жасасам да біреуге «мен бұйттім, сүйттім» деп жарнамалағым келмейді. Әйтпесе, Маңғыстау өңірінде тоққа соғылып, күйіп қалған жас балаға қаржылай көп көмектестім. Олимпиададан кейін өз ауылымда жағдайы төмен 32 отбасыға да қаржалай көмек қолымды создым. Басқа да көптеген ұйымдардың ұйымдастыруымен өткен қайырымдылық шараларына қатыстым. Оның барлығын жіпке тізген маржандай айтудың керегі жоқ.

- Мұндай қайырымдылық шарасына өз еркіңізбен барасыз ба, әлде...

- Негізінен өзім барамын. Егер біреу көмекке шын мұқтаж болып жатса, неге көмектесе салмасқа.

- Ал сізге арнайы жағдайын айтып, «маған осындай көлемде ақша, не дүние керек еді, көмектесіп жіберіңізші» деп алдыңызға келетін адамдар болды ма?

- Әрине, ондайлар өте көп. Біз де мемлекет сыйақы берді екен деп кім келсе соған шаша беруіміз керек пе?! Кейбір адамдар оңай жолмен ақша тапқысы келеді. Бұл дұрыс емес. Бізге мемлекет жай бере салған жоқ қой. Ол сыйақылар - біздің төрт жыл үй бетін көрмей, жасаған жаттығуымыздың, төгілген маңдай теріміздің жемісі. Ол ақша бізге оңай жолмен келсе, неге елдің бәрі Олимпиада чемпионы болып кетпейді. Жақында бір әйел кісі телефоныма «Алты балам бар, өзім де, күйеуім де жұмыссызбыз. Маған ақшалай көмек керек» деп жазып жіберіпті. Бұл дұрыс емес. Күйеуі не үшін алты бала тудырды, неге енді өзі жұмыссыз жатыр? Өзі істесін, бақсын балаларын. Егер жолдасы белгілі бір себептермен «қайтып» кеткен жалғыз басты ана болса, не болмаса баласы бір ауыр дертке шалдығып, шын көмек керек болса неге көмектеспеске. Ондай жандарға қолұшымды аямас едім. Мен мұндай жағдайдың бірін ғана мысал ретінде айтып отырмын. Кейде қол-аяғы балғадай жігіттер де кездеседі. Ол кезде өзің ұяласын...

- Енді әңгімемізді қайта негізгі тақырыбымызға бұрып, алдағы жоспарларыңызбен аяқтасақ...

- Дәл қазір айта қоятындай жоспар жоқ. Ең бастысы, жақсы тынығып, денсаулығымды қалпына келтіріп, жаттығуымды ойдағыдай жалғастыру. Әркез бабымда жүрсем, шаршы алаңға да кез-келген уақытта дайынмын деген сөз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар