Адамдардың алғысы полиция қызметкеріне рух береді - Юрий Хон

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген Юрий Хон қанша адамға көмек көрсеткенін, қанша қылмыскерді тұтқындағанын есептеген емес. Ол алдымен медицина қызметкері болуды қалап, кейін өжет мінезіне тән полиция саласын таңдады. Екі баланың әкесі өзінің қызметтік жолы мен өмірлік ұстанымдары туралы ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.

Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметі табиғатты қорғау полициясының бөлім бастығы Юрий Хон Қарағанды облысының Қаражал қаласында дүниеге келген. Әкесі Борис Хон ҚР Атом саласының еңбегі сіңген қызметкері, энергетик болды. Ал анасы кәсіподақта жұмыс істеді. Бала кезден сүйіспеншілік пен мейірімділікті бойға дарыта білген Юрий Хон жұмыстан қашпады. Адал еңбек адамды шыңдап, жігерлендіретінін әкесі мен анасынан көріп үйренді, солай ержетті. Ал әжесі үнемі қазақ халқына алғыс айтып, қиын кезде бауырына басқан елге ризашылығын білдіріп отырады екен.

«Әжем қазақ жеріне алғаш келген жылдарын жиі айтып отыратын. Қазақ халқы депортацияланған корей халқына бір үзім нанын бөліп беріп, үйіне паналатты. Бұл біздің өткеніміз, тарихымыз. Ал кейін біздің отбасы Қызылорда облысы, Шиелі ауданына қоныс аударды. Сол жерде өсіп, мектеп бітірдім. Куәлікті қолға алған бойда Томск медициналық училищесіне құжат тапсырып, адам өміріне араша болуды қаладым. Кейін Отан алдындағы борышымды өтеу парыз деп әскер қатарына алындым. Азаматтық борышымды өтеген соң Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтына құжат тапсырып, сол жерде жұбайым Ақмаралмен таныстым. Үйлендім, медициналық оқуды емес, отбасымды ойлап, жұмыс істеуге шешім қабылдадым. Сол кезде ішкі істер органында жұмыс істеген ағам Вячеслав Ким менің табандылығым мен өжеттігімді көріп, полиция қызметкері болуға кеңес берді. Міне, содан бері 20 жылдан астам уақыт өтті», - деді Юрий Хон.

Юрий мен Ақмарал Хонның екі баласы бар. Үлкені Сеулде заңгерлік мамандықты меңгеріп, Ақтөбе облыстық адвокаттар кеңесінде тәжірибеден өтті. Ал кішкентайы Инсан екі жаста. Зерек бала сандарды қазақ, орыс, ағылшын тілінде айтып, үш тілдің әліпбиін меңгеріп жүр. Екі баланың әкесі Юрий Хон көбіне жұмыста жүреді. Әсіресе, мейрам күндері тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. 

«Еңбек жолымды патрульдік полиция қызметкері болып бастадым. Жұмыс қиын әрі жауапты. Күндіз-түні далада жүріп, қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылаймыз. Кезекшілік кезінде келесі көшеде, бәлкім келесі үйде менің көмегіме мұқтаж адам болуы мүмкін деп елеңдеп, өте сақ жүремін. Бұл полиция қызметкері үшін керек қасиет. Себебі, біз дер кезінде оқиға орнына жетіп, көмек беруіміз керек. Сонымен қатар, полиция қызметкері спортпен шұғылдануы тиіс. Мен каратэ, кикбоксинг секілді жекпе-жек түрлерімен айналысамын. Заңдарды оқып, меңгеріп, күдіктілерді ұстау әдісін үйрену, аса қауіпті аймақтарды анықтау, жедел ұстау шарасын жүргізу біздің міндетіміз. Жұмыс істеп жүрген жылдары қарақшылық, тонау, ұрлық, бұзақылық, есірткі заттарын заңсыз тасымалдау, суық қаруды заңсыз алып жүру, автокөлікті айдап кету оқиғалары тіркелді. Сонымен қатар, Ақтөбе облысы Темір ауданы, Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен, Шетпедегі арнайы операцияларға қатыстым. Мен адам өмірін құтқаруды ең үлкен жетістіктерім деп айта аламын. Оларды оттан, судан, құмның арасынан алып шығып, алғыс алдым. Адамдардың алғысы полиция қызметкеріне рух береді», - деді Юрий Хон.
null

Полиция қызметкері «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына еніп, екінші кезеңге өткенін кеш білген. Ірі кәсіпорын жетекшісі, меценат, ғылыми жоба жетекшісі емес, қарапайым полиция қызметкерінің қатарға енгені оны таңқалдырды әрі ерекше қуанышқа бөледі. Ол еңбегінің еленіп, күн мен түнді талғамайтын жұмысының атаусыз қалмағанына ризашылығын білдірді.

 «Адамдарға көмектесу, құрқару, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бұл біздің күнделікті жұмысымыз. Бір оқиға ерекше есімді қалды. Қыс айында учаскелік инспектор Александр Бакшановпен бірге кезекшілікке шығып, Елек өзенінің жағасын бақылауға алған болатынбыз. Сол кезде екі адам арнайы орынға суға түсіп жүрді, біреуі өзенді кесіп өтпек болды. Суға түсіп жүрген адамдарға таңдаған жердің қауіпті екенін ескертіп, кейін шегіндік. Сол кезде біреуі мұзға құлап, суға түсіп кетті. Оны құтқарып, көлікке мінгізіп алдық. Тағы бір дауыс шығып, айқай естілді. Өзенді кесіп өтпек болған адам суға түсіп кетіп, жанталасып жатыр екен. Мен бірден жүгіріп, мұздың шытынығанан көрдім. Әкемнің кеңесі еске түсіп, бірден еңбектеуге көштім. Мұзға жармасып айқайлап жатқан адамды сабырға шақырып, су бетінде қалқып тұру қажет екенін айттым. Ол су астына кетіп қалды. Сол кезде мен мұзды ойып, оның күртесінен ұстап, тартып, жағаға шығардым. Екеуімізге көмек келіп, көлікке отырды. Кейін оны үйіне жеткізіп салдық. Бір күн өткен соң телефон шалып,  «Бауырым, рахмет. Сен менің өмірімді сақтап қалдың» деп айтты. Кеудемді қуаныш кернеді», - деді ол.

Юрий Хон Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге де барды. Мемлекет басшысы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енген әр сала мамандарымен тілдесіп, әрқайсысымен жеке сөйлесті, болашақ жоспарын білді. Бұл жолда полиция қызметкері Юрий Хонның мақсаты айқын, бағыты анық. Ол жұмысын әрі қарай жалғастырып, елдің тыныштығын күзетпек. Құқық қорғаушы әр адам өз саласының нағыз маманы болғанда ғана ел дамиды, болашағы жарқын болады деген сенімде.

Соңғы жаңалықтар