Адамдар ортақ мақсат жолында біріксе, көп іс тындыра алады - Рада Хайрушева

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес «100 жаңа есім» жобасына Батыс Қазақстан облысынан ұсынылған жанның бірі - «Аялаған алақан» қоғамдық қайырымдылық қорының жетекшісі Рада Хайрушевамен «ҚазАқпарат» тілшісі әңгімелескен еді.

-Рада, алдымен өз өмірің туралы әңгімелеп берсең?

-Менің өмірімнің замандастарымнан көп ерекшелігі жоқ. Орал қаласында дүниеге келдім, отбасында жалғыз баламын. Анам заңгер болса, өмір бойы темір жол саласында қызмет еткен әкем қазір құрметті демалысында. Кішкентайымнан ата-анам елге жақсылық жасаудың қандай екендігін, мейірімділіктің үлгісін көрсетіп келеді. Үйімізге қонақ көп келетін, олар мұқтаж жандарға қолұшын созудан жалықпайтын. Ауылдан қалаға оқуға келген тума-туыстың балалары біздің үйде тұратын. Мектепке дейін әжемнің бауырында болдым. Ол кісі мені ерекше жақсы көретін. Өзі 36 жасында жеті баламен жесір қалып, бәрін жалғыз өзі жеткізе білді. Әжеміз бауырмалдылыққа, бір-бірімізге көмектесуге үйретті. Менің қайырымдылыққа бет бұруым сондай ізгі жандардың тәрбиесі болар деп ойлаймын.

Оралдағы №17 орта мектепті үздік бітіргеннен кейін еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын да сондай бағаға тәмамдап, заңгер мамандығын игердім. Одан кейін Қазақстан ақпараттық технологиялар және басқару институтын қаржы және несие мамандығы бойынша оқып бітірдім. Оған қоса Астанадағы «Тұран» университетінің мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша магистрантымын. Он жеті жасымнан заң агенттігінде, сосын шетелдік фирмада жұмыс жасадым. 2005-2017 жылдары «Қазына кредит» шағын несие ұйымы» ЖШС заң бөлімінің басшысы болдым. 2017 жылдан халықаралық құқық қорғау орталығының кәсіби медиаторымын. Бұдан басқа қоғамдық және қайырымдылық қызметпен айналысамын. Орал қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы аналар кеңесі төрайымының орынбасары, сондай-ақ «Аялаған алақан» қоғамдық қайырымдылық қорының жетекшісімін.
null 
null 

-Қайырымдылық шараларын қай кезден бастап едің?

-Біреуге жақсылық жасау үшін ерекше қабілеттің керегі жоқ. Ең бастысы, жүрек жылуы қажет. Өз басым қайырымдылықпен 2012 жылдан бастадым. Тұрмыс құрып, өмірге егіз ұл әкелгеннен кейін облыстық перинаталдық орталықта жаттым. Сол кезде анасы бас тартып, перзентханада қалдырған жазықсыз сәбилерді көрдім. Сондай-ақ алыс ауылдардан келген әйелдерде қарапайым гигиена құралдары болмады, мен қолда барыммен бөлістім. Перзентханадан шыққаннан кейін барлық қажетті заттарды жинастырып, сонда жатқан аналар мен сәбилерге қайта келдім. Бұл игілікті іске басқалар қосылып, бір мақсатқа біріккен «Қол ұшы» атты еріктілер командасын құрдым. Міне, содан бері бес жыл бойы 500-ден астам түрлі шаралар ұйымдастырылып, жетім, мүгедек, мұқтаж балаларға, көп балалы отбасыларға, қарттар мен балалар үйлеріне тек сыйлық, киім-кешек, азық-түлік тарту етіп қана қоймай концерттер қойылды, мерекелік кештер өткізілді.

Өзім жетекшілік ететін «Аялаған алақан» қайырымдылық қорының негізгі қызметі  жас таланттарды, соның ішінде жетімдерді оқытып, қабілетін ұштауға, мамандықтарын дұрыс таңдау үшін кәсіби бағдар жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Шеберлік дәрістерін беріп, балалармен қала кәсіпорын-мекемелерінде болып, түрлі саладағы жандардың қызметімен танысамыз. Әрине, басты мақсат - олардың бойына адами қасиеттерді сіңіру, мейірімділікке, бір-бірін сыйлай білуге жетелеу. Адамдар ортақ мақсат жолында біріксе, көп іс тындыра алады. Мысалы, жетім, көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін тегін ұйымдастырылған ағылшын тілі курстары соның айқын дәлелі бола алады. Астанадағы Хэлибери мектебі тіл үйрету үшін әдістемелік құралдармен қамтыса, қаладағы оқу орталықтарының бірінің оқытушылары тегін дәріс береді. Шотландиялық Кенни Скеа демалыс кезінде балалардың тілін сындыруға жәрдемдессе, кәсіпкер Юрий Ткалун тегін орын тауып берді. Сол секілді «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінде де курстар ұйымдастырылып, онда сән салондарының шеберлері маникюрге, дизайнға үйретеді. Шаштаразға, сурет түсіре білуге баулып жүргендер де баршылық.

null 

-Осы кезге дейін қандай табыстарға қол жеткіздіңіз, алдағы жоспарларыңыз қандай?

-Қайырымдылық қызметіне қосқан үлесім үшін Қазақстан Президентінің, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының сол кездегі орынбасары Ералы Тоғжанов, облыс әкімі Алтай Көлгіновтің алғысхаттарымен марапатталдым. Өткен жылы оныншы мәрте өткізілген қоғамдық ұлттық «Алтын жүрек» сыйлығының «Жетім балаларға көрсеткен көмегі үшін» аталымы бойынша лауреаты атандым.  Он жыл ішінде мұндай атаққа облыстан қол жеткізген мен ғана екенмін. Бұл мақтаншылық емес, қайта маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан қайырымдылық істерінің жалғаса беретіні анық.

Жеке хоббиім жөнінде айтсам, әкемнің өлең жазатын өнері бар, жинағын шығарды. Мен оны коллекциялаймын. Композиторлар ән шығарады. Болашақта әкем үшін өңірдегі өнер жұлдыздарының қатысуымен шығармашылық кешін өткізгім келеді. Басқа да арман-мақсаттарым бар. Ең бастысы, мен Отанымды, ата-бабамның қасиетті ізі қалған туған жерімді жақсы көремін. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес қолға алынып жатқан жаңа жобаларға да өз үлесімді қосқым келеді. Сөз соңында қайырымдылық шараларына белсене қатысып келе жатқан барлық мүдделес адамдарға ризашылығымды білдіргім келеді.
null 
null 

Соңғы жаңалықтар