Адам алғыс алып өтуі керек - Сапарбаев

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері күні өтті. Қариялар мен мүгедектерге қызмет көрсететін адамдар марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде аптасына екі рет, төрт сағатын бір қария мен мүгедекке арнап, 8-10 адамға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлер марапатталды. Олар үй жинайды, қарияларды жуындырып, киімдерін жуады. Ас әзірлеп, кейде коммуналдық төлемдерін төлейді. Алғашқы медициналық көмек көрсетіп, ем-жасайды. Әлеуметтік қызметкерлерді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтады.

«Әрбір адам өмірге келгеннен кейін оның бойында ең бірінші ізеттілік, мейірімділік, қамқорлық болуы керек. Өңірде, Қазақстанда қорғауды, қолдауды қажет ететін адамдар бар. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қаржылық қиындықтарға қарамастан әлеуметтік қолдауды арттыруды, мұқтаж жандарға көмектесуді тапсырды. Өңірде 2 мыңға жуық қызметкер бар, олар 290 мың адамға көмек көрсетеді. Қариялар, мұқтаж жандар бірінші Сіздерді күтеді. Олардың әлеуметтік қызметкерлерден басқа қолдайтын, көмек көрсететін адамы да жоқ. Кейбірі орнынан тұра алмайды, жүре алмайды. Қазақта «Адам өмірде алғыс алып өтуі керек» деген сөз бар. Алғыс алсаң жаман болмайсың. Ол адамдар Сіздерге тек алғыс айтады, тілеулес»,- деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.

Бүгін барлығы 400-ден астам әлеуметтік сала қызметкерлері мен қамқоршылар концерттік бағдарламаны тамашалады. Ардагерлер мен үздік қызметкерлер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен облыс әкімдігінің медалін, құрмет грамотасын, алғыс хаттар мен сыйлықтар алды. Сонымен қатар, Ақтөбе облыстық мәслихаты, облыстағы басқармалар 40-тан астам қызметкерлерге арнайы сый жасады.

Соңғы жаңалықтар