Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
Астана: -20 °С
Алматы: -9 °С
USD 329.41 EUR 403.92
RUB 5.84 CNY 51.23
Жаңалықтар

Абылай ханның күйшілік өнері - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

2017 жылғы 30 желтоқсан 11:52 1402
Поделиться:
Абылай ханның күйшілік өнері - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Моңғолиялық  малшы қыстауына сарлықтың ескерткішін тұрғызды -  ulgiinews.mn

Абылай ханның күйшілік өнері - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу 

Моңғолияның Баян-өлгей аймағындағы Алтай сұмынының малшысы Б.Төмөрчулуун қыстауына сарлықтың (қодас) мүсін ескерткішін тұрғызды, деп хабарлайды ulgiinews сайты.

«Алтай сұмынының Қызылқия өңірінің малшысы Б.Төмөрчулуун 1990 жылғы жекешелендіруден кейін мал өсіріп, сарлық сиырының санын 1000 ға жеткізген. Жақында өз қаражатымен «1000 сиыр фестивалін» ұйымдастырып, сарлық сиырдың құрметіне арнап  қыстауына аталмыш мүсін ескерткішті тұрғызған. Б.Төмөрчулуун - сарлық сиырын өсіруден аймағымыз бойынша алда келе жатқан малшы. Осы еңбегі үшін оған 2010 жылы «Мемлекеттік жақсы малшы» атағы берілген болатын. Қазіргі күні аймақта 155,6 мың басты сиыр түлігі бар болса, оның 79 пайызын сарлық құрайды», - деп жазады аталған сайт.

Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNK): Абылай хан туралы тарихи эссе - қазақ халқын танудың айнасы

Абылай ханның күйшілік өнері - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу 

Қытайлық kazakcnr.com сайтында белгілі тарихшы Жақып Мырзақанның Қытайда жарық көрген «Абылай хан» атты тарихи эссе кітабы туралы жазылған, талдау мақала жарық көрді.

Қазақ тарихына қатысты өзекті тақырыпты қаузаған мақаланың авторы Нұрлан Сәрсенбаевтың жазуынша, Қытайдағы қандастарымыз қазақ ұлтының тарихында ерекше еңбегімен бағаланған, белгілі тарихи тұлғалар туралы баяндаған, «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар» атауымен 12 кітапты Бейжіңдегі Ұлттар баспасында жарыққа шығарған. Осы тарихи эсселерге белгілі тарих ғалымы, жазушы Жақып Мырзақан алғы сөз жазып, бас редактор міндетін атқарған. Бұл кітаптар ұлттық тарихымыздың құнды мұрасына айналды. Сондай-ақ, осы кітаптардың ішінде Жақып Мырзақанның қазақ тарихында орны ерекше, ірі тұлға туралы жазған «Абылай хан» атты эссе кітабы да бар екен.

«...Төл тарихымызды көздің қарашығындай аялап, тарих атты ұлан-ғайыр асыл арнаның суыртпағын суырып, ұлтымыз мәдениетінің дамуына кесек үлес қосқан көрнекті жазушы, белгілі тарихшы Жақып Мырзақанның «Қазақтар», «Тарихи этнографиялық зерттеулер», «Қазақ халқы және оның салт-санасы» сияқты бірнеше шоқтығы биік айтулы кітаптары тарих атты асыл арнамыздың бостығын толтырды. Оның «Абылай хан» атты тарихи эссесі ұлы тұлға Абылайды әрі сол замандағы аты аңызға айналған арыстарды жүйелі зерттеу мен тануда өзіне тән соны соқақпен келген, тіпті жалпы қазақ тарихын тануға қосылған құнды Еңбек. «Абылай хан» атты бұл еңбектің тамыры тереңде жатыр, өйткені Абылайды тану, зерттеу, қорытынды шығаруда тарихи дәйектерге ой жүгіртіп, ақиқатты іздеп табудың машақатты барысы екендігі даусыз. Ұлы тарихи тұлға Абылайдың өмірі мен ерліктері тұтас Абылай жасаған ірі тарихи оқиғалар мен оның замандас хан-сұлтан, көсем, шешендері және халықтың қас батырларының өмірімен сабақтасып жатады. Автор 18 ғасырда өмір сүрген қазақтың әйгілі ханы Абылай өмірі жайында қыруар тарихи материалдар мен аңыз-әңгіме, шежірелерден жанды пайдаланып, қауызын тастап, дәнін алып, салыстырып, дәлелдеу арқылы байыпты да, байсалды ғылыми таныммен дербес, жаңа көзқарастарды ортаға қоя білді. Абылай өмірін тану жайында жан-жақты дәлел келтіріп, тамаша тарихи ірі тұлға Абылай образын тереңдей ашып береді. Мұндай көркем тілмен жазылған тарихи эссені жүйелі, ғылыми толыққанды етіп жазу тек үлкен оқымысты, сұңғыла, ойшыл Жақып Мырзақандай ғалым ағаларымыздың қолынан ғана келсе керек», - деп жазады автор.

Аталған мақалада тарихи еңбек жан-жақты талданған. Авторы кітапта жазылған тарихи оқиғаларға шолу жасап, оның құндылығын, тарихи шындығын, маңызын сарапқа салады. Ал мақала соңында Абылайдың күйшілік өнері туралы кітапта баян етілген құнды дәйектер ұсынылған.

«...Кітаптың ең соңғы «Абылайдан қалған іздер» атты тарауында Абылайдың ақ туы, Абылай жолы, Абылайдың әділдігі сөз болады. Сонымен бірге «Абылай айтыпты» деген шешендік сөздері, Абылайдың өз халқының ән-күй құмарлығын бойына ұялатқан санаулы күйшілердің бірі екендігі бұтарлап айтылады. Абылайдың «Ақ толқын», «Қайран елім», «Ала байрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Қоржын қақпай», «Сары бура», «Шаңдақ жорық» т.б. күйлері халқымыз музыкасының дамуына қосылған үлкен үлес екенін жан-жақты бейнелейді. Мен бұл шағын мақалада «Абылай хан» атты тарихи эссе туралы өз көзқарасымды баяндап өттім. Бұл кітап туралы жүйелі зерттеу жүргізіп, баға жазу әлі бірнеше ғылыми мақаланың жүгі болса керек», - деп қортынды жасайды.

Абылай ханның күйшілік өнері - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу 

Қазақстан Қытайға газ экспортын арттырады - «Фарс» ақпарат агенттігі

Абылай ханның күйшілік өнері - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу 

Қазақстанның Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев Қазақстан Қытайға газ экспортын арттыруға шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды parstoday ақпарат агенттігі.

«Fars» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қазақстанның Энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның Қытайға газ экспортын жылына 10 миллиард текше метрге дейін арттыратынын мәлімдеп: «Түрікменстаннан басталып, Өзбекстан және Қазақстан арқылы Қытайға өтетін транзиттік газ құбыр жолы іске қосылып, келешекте ол 55 миллиард текше метр газды Қытайға тасымалдау мүмкіндігіне ие болады. Қазіргі таңда аталмыш көлемнің 10 миллиард текше метрі Өзбекстанға, 5 миллиард текше метрі Қазақстанға тиесілі» деді.

Ирандық ақпарат агенттігі сондай-ақ Қазақстан Республикасының Энергетика министрінің орынбасары Қазақстан газын әрі қарай Түрікменстан, Ауғанстан, Пәкістан және Үндістан елдеріне экспорттау бағдарламаларына да тоқталғанын атап өткен.

Қазақтың мақтанышына айналған Мұстафа Өзтүріктің дара өмір жолы - ТРТ

Абылай ханның күйшілік өнері - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу 

Түркия Телерадио порталында әлемге әйгілі спорт шебері, Қазақстанда таэквандо мектебінің негізін қалаушы Мұстафа Өзтүрік туралы  мақала жарық көрді.

Мақала авторы, тарих ғылымының докторы Әбдіуақап Қараның жазуынша, Қазақ десе ішкен асын жерге қоятын, ұлтжанды, дарынды біртуар азамат Мұстафа Өзтүрік Қазақстан тәуелсіздік алмас бұрын атамекенімен байланысқа шығып, онда таэквондо спортының әлемдік деңгейге көтерілуіне барын салған. Сондықтан әлем таэквондо ұйымының ресми сайтында ол қазақ батыры деп сипатталады.

Абылай ханның күйшілік өнері - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу 

«...Мұстафаның атасы Төлебай ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Шығыс Түркістанда шешендігі, қазақ-қытай тілдеріне жетіктігі және біліктілігімен танымал болған тұлға. Төлебайдың зайыбы Жәнгүдай - кезінде Шығыс Түркістан қазақтары арасында атақты палуан және зор күш иесі Қайысбай палуанның қызы. Міне Мұстафадағы палуандық күші осы нағашы атасынан өткен деседі. Ал Төлебай мен Жәнгүдайдың ұлы және Мұстафа Өзтүріктің әкесі, Түркия қазақтары арасында Кәбен атымен танымал Әбдірахман Төлебайұлы. Ол Түркия қазақтарының көшін бастаған жетекші, палуан және домбыраны жақсы шертетін өнерпаз болған. Кәбеннің зайыбы, Мұстафаның анасы Рәзие де кезінде асқан сұлу және әнші кісі болған. Мұстафадағы ән мен өнерге деген талант осындай ата-анадан келген болу керек. Мұстафа 1980 жылдары «Жұлдыздарды тілейсің бе?» деген ән жазған және 1987 жылы «Алтай» атты фильмнің сценариін жазып, басты рөлде ойнаған. Демек Мұстафа тек спорт шебері емес, сонымен қатар талантты өнер адамы да болған. Мұстафа Өзтүрік Ыстанбұлдағы орта мектепті бітіргеннен кейін, Тайваньдағы эксперименталды университетті және сол елдегі Халықаралық қатынастар университетінің журналистика факультетін қоса бітірді. Осы елде жүріп, Кореяның көне спорт өнері таэквондоны үйренді. Ол жерде таэквондо спортынан 6-шы дан дәрежесін иеленді. Сонымен қатар халықаралық жаттықтырушы мамандығын  алды», - деп жазады автор.

Аталған мақалада жазылған деректер бойынша, Мұстафа Өзтүрік Қазақстан мен Түркия арасында алғашқы ресми байланыстардың орнатылуына мұрындық болған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Өзтүрікті және оның қасындағы Түркияның екі үлкен газетінің тілшілері Ердоған Салғырбойы мен Ирфан Сезерді қабылдайды. Қазақстан жетекшісі сол тілшілер арқылы Түркия Президенті Тұрғыт Өзалға сәлем жолдап, оны Қазақстанға шақырады. Кейін Тұрғыт Өзал Мұстафаға телефон соғып, Түркия-Қазақстан байланыстарына үлес қосқаны үшін алғысын білдірген.

Абылай ханның күйшілік өнері - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу 

«Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Мұстафа Өзтүрік Алматыға келіп, таэквондо мектебін ашты. Көптеген шәкірт тәрбиеледі. Қазақстан таэквондо федерациясының құрылуына мұрындық болды. Өкінішке орай, Қазақтың есіл азаматы белгісіз жағдайда 1995 жылы 15 наурыз күні қазаға ұшырап, денесі Ыстанбұлда (Түркия), әкесі жатқан бейітке жерленді. Алайда тәуелсіз Қазақстанда жоғары адами қасиеттерімен танымал болған Мұстафа Өзтүрікті қазақ халқы ешқашан жадынан шығарған жоқ. 2000 жылы Алматы қаласында Мұстафа Өзтүрік атына көше беріліп, ескерткіш белгі қойылды. 2004 жылы Мұстафа Өзтүріктің 50 жасқа толған мерейтойы қарсаңында Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында ескерткіші ашылды. Ал 2014 жылы Қазақстанның елордасы Астана және мәдени астанасы Алматы қалаларында Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдығы да, Қазақстан-Түркия достығы да тойланды. Еліне, халқына қызмет еткен Мұстафа Өзтүрік сынды азаматтар ешқашан ұмытылмақ емес. Ол туған халқының жүрегінде мәңгі жасамақ», - деп жазады тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры  Әбдіуақап Қара.

Қытай билігі қазақтың ұлттық ат спортын дамытуды қолға алды - «Жэньминь жибао» (People Daily)

Абылай ханның күйшілік өнері - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу 

Қытай астанасында ат спортын қолдау, дамыту мақсатын көздеген Шыңжаң ат спорты қоғамының ресми құрылу салтанаты өтті, деп хабарлайды kazakh.people.com сайты.

«Шыңжаң ат спорты қоғамы - ҚХР Шыңжаң өлкелік спорт бас қоғамына қарасты арнаулы спорттық қоғам. Бұл қоғам ат спортын жақсы көретін және ат спортына жанкүйер болып, оны дамыту жолында еңбек етіп, қолдау көрсететін топтар мен жеке тұлғалардың ерекше ұсынысымен құрылған. Соңғы жылдары ат спорты клубы Шыңжаңда қарқынды дамып келеді. Түрлі қаржы көздерінің қолдау белсенділігінің артуына орай ат спорты клубтарының, бәйге алаңдарының жағдайы жақсарған. Шыңжаңда шамамен 890 мың жылқы бар. Ұзақ жылдардан бері, бәйге, қыз қуу және көкпар секілді қазақтың ұлттық спорт ойындары көпшіліктің ұнатып көретін ойындарына айналған. Ал мемлекеттік дәрежедегі аламан бәйге он жылдан бері үзіліссіз өткізіліп келеді. Шыңжаңдағы ат спорт түрі ұлттық дәстүрлі сипатқа ие», - деп жазады сайтта.


Басты сөздер: БАҚ, Қандастар,
Бөлісіңіз:

Автор:

Бақытжол Кәкеш

Онлайн қызметкерлер
Редактор
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
Редактор
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
Мұрағат