Абдулла Гүл: Назарбаев әлемдік саясаттағы тепе-теңдікті сақтай білді

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат - Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл Нұрсұлтан Назарбаевтың президент өкілеттігінің кейбір тармақтарын  бөлісуі - үлкен саясаткердің қадамы деп атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Бүгін Анкара қаласында Қазақстан мен Түркияның дипломатиялық қатынастарының 25 жылдығына байланысты конференция өтті. Жиында Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, екі елдің өзара ынтымақтастығына тоқталды.

«Қазақстан мен Түркияның тығыз қарым-қатынасы тек екіжақты байланыстың күшеюіне ғана емес, бүкіл аймақтың қауіпсіздігіне қызмет етеді», - деді Қазақстан Елшісі.

Жиынға мәртебелі меймандар қатысты. Атап айтқанда, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның кеңесшісі Ялчын Топчы, Түркияның бұрынғы Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек және Түркияның 90 жылдардағы Сыртқы Істер министрі Хикмет Четин мен елдің 11-ші президенті Абдулла Гүл қатысты.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген экс-президент Абдулла Гүл екі елдің қатынасындағы Назарбаевтың рөліне ерекше мән берді.     

«Түркі елдерінің ішінде Қазақстанның орны айрықша. Нұрсұлтан Назарбаевтың ең үлкен еңбегі - алпауыт елдермен көрші бола тұра, өз шекарасын шегендеуі. Бір жағында Ресей, бір жағында Қытай сынды елдердің ортасында отырып, өз шекарасын белгілеп алуы - зор табыс. Сонымен қатар, Тәуелсіз Қазақстанның болашақта жиі алдынан шығар мәселенің бірі - ядролық қаруы еді. Ядролық қару мәселесінде де Қазақстан өз еркімен бас тартып, дұрыс шешім қабылдады. Қазақстанда үлкен этникалық топтар бар, соларға құрмет көрсете отырып, өзінің дәстүрін жас буын санасына сіңіре білді. Назарбаевтың реалист саясаткер екенін бас айтқым келіп отыр. Ол Ақмоланы Астанаға айналдырды. Мен президент болып тұрғанымда Қазақстанға бірнеше рет бардым. Назарбаев та менің ресми қонағым болды. Өткен шақта бір-бірімізден алыстап кеткен олқылықтардың орнын толтыру үшін жұмыла жұмыс жасадық. Назарбаевтың ерекше табысы - мықты ішкі саясатты қалыптастыруы және әлемдік алпауыттар арасында тепе-теңдікті сақтауға негізделген сыртқы саясаты», - деді Абдулла Гүл. 

Түркияның бұрынғы басшысы сөзінде Елбасымен оңаша сұхбаттасатынын еске түсірді.

«Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. Қазақстанның әлемдік деңгейдегі үдерістерге бейбітшілік ұстанымымен үлес қосуы өз тыныштығына жол ашты. Аймақтық бейбітшілікке қосқан үлесі -  тағы бір үлкен табысы. Біздің өзара сұхбатымыз кейде президенттік қалыптан шығып, дін, оқу, ахлақ (мораль-ред) мәселесінде өрбитін. 2009 жылы Түрік кеңесінің құрылуы да - Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі. Түрік кеңесінің сол басқосуында мен Назарбаевты «Түркі әлемінің ақсақалы» деп атадым. Оған өзге түркі елдерінің басшылары бірауыздан қолдау білдірді. Шын мәнінде Назарбаев түркі әлемінің көшбасшысы», - деді Абдулла Гүл.

Салтанатты жиында  Қазақстанның Түркиядағы Төтенше  және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы Хикмет Четин, Намык Кемал Зейбек, Халык Ипек, Халил Акынджы, Али Акбаш, Якуп Өмероғлу, Күршат Зорлуға «Қазақстан дипломатиялық қызметіне 25 жыл» естелік медальдарын тапсырды.

 

Соңғы жаңалықтар