«Абай жолы» романын ағылшын тіліне аударғым келеді - 8 тілді еркін меңгерген ғалым Қуаныш Жұмабек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Болашақта Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын қазақ тілінен тікелей ағылшын тіліне аударғым келеді, дейді қазақ ертегілерін ағылшын тіліне аударған, 8 тілді еркін меңгерген жас ғалым Қуаныш Жұмабек ҚазАқпарат тілшісімен болған сұхбатта.

Бүгін Алматыда ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында Қуаныш Жұмабектің қазақ ертегілері арқылы ағылшын тілін үйрететін «Let's Learn to Speak English» атты ерекше оқулығы мен Ержан Жұмабектің түрік тіліне аударылған «Sonsuzluk Şûlesi» атты кітабының тұсаукесері өтті. Шара аясында оқулық авторымен сұхбаттасудың сәті түсті.

- Қуаныш Жұмабекұлы, жас ғалым ретінде қазақ аудиториясы үшін әзірлеген ағылшын тілінің оқулығын таныстырып жатырсыз, бұл еңбек несімен ерекше?

- Тіл оқытқанда қазақ тілінің ерекшелігіне мән беру керек болды. Ағылшын тілін үйренемін деп ең бірінші талап қылғанымда кітаптардың барлығы орысша екенін көріп қынжылдым. Сол кезде оқулық әзірлеуді мақсат тұттым. Бүгін таныстырып отырған «Let's Learn to Speak English» кітабы қазақ аудиториясын ағылшын грамматикасына оқыту мақсатында әзірленді. Орысша шыққан оқулықтарды да қарадым. Бұл кітапта мысалдарды Қазақстанға қатысты етіп бердім. Жер-су аттарын да қазақ тілінен алдым. Кітаптың екінші бөлімінде қазақ ертегілерін ағылшын тіліне аударып, екі тілде бердім. Өйткені, ертегі - ұлттың болашағы. Біздің ертегілерде қиял-ғажайып кейіпкерлер бар.

Мысалы, мен Малайзияда білім алдым. Онда ағылшын тілін оқығанда тек малайларға қатысты мысалдармен оқисың.

Оқулық 1000 данамен шықты. Оқулықты оқу бағдарламасына енгізу туралы ұсыныспен ҚР Білім және ғылым министрлігіне шыққанбыз. Әзірге жауап жоқ. «Өнер» баспасына беріп қойғанбыз. Екі жыл бұрын бергенбіз, әлі жауабы жоқ. Түркияда бір жылдың ішінде шығардық. Оқулық Түркияда Нийде қаласында басылып шықты. Кітаптағы ертегілердің ұлттық бояуын бұзбай ағылшын тіліне аударып шықтым. Голливудтағы Зомбиді білетін балаларымыз өзіміздің ертегілердегі қаһармандарды тануы қажет. 

- Бүгін оқулықпен қатар, ақын Ержан Жұмабектің де түрік тіліне аударылған кітабын таныстырдыңыз, кітапты өзіңіз аударып шықтыңыз ба?

- Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты, «Серпер» жастар сыйлығының иегері, PhD доктор, ақын Ержан Жұмабектің 2012 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен шыққан «Шексіздік шұғыласы» атты өлеңдер жинағын «Sonsuzluk Şûlesi» деген атаумен биыл Түркия Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен түрік тіліне аударып, кітап етіп шығардық. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында бұл жұмыс атқарылды. «100 оқулықты» қазақ тіліне аударып жатса, біздің де оқырмандарды әлемге таныстыру міндет етіп қойылған. Сол мақсатта аудардық. Ақын Құл-Керім Елемес ағамыздың «Шырағым-ай» кітабын ағылшын тіліне аударып шыққанмын. Баспаға енді береміз.  
null

-Тағы қандай қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын шет тіліне аудармақсыз?

- Болашақта Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын ағылшын тіліне аударуға ниет қылып қойдым. «Абай жолын» ағылшын тіліне орыстар аударған екен, Абайдың топырағын баспаған адам ұлттық бояуын қанық бере алмасы анық. Мен қазақ тілінің маманымын, Абайдың топырағында туып, өстім. Ағылшын тілін еркін білемін. Екі тілді еркін білетін адам аударуы керек деп есептеймін. Сонымен қатар түріктер Намык Кемал деген ақындарын қазақ тіліне аудару туралы ұсыныс жасады. Оны да қолға алмақ ниеттеміз.

-Сұхбаттасқаныңызға рахмет.

Соңғы жаңалықтар