Абаев отандық телеарналардың алдына басты міндеттер жүктеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы 244 радиотелевизиялық станция салынып, пайдалануға берілді. Бұл туралы бүгін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Біз жүргізген әлеуметтік сауалнамаға сәйкес жарнаманың көптігі, өңірлік контенттің болмауы, Қазақстан туралы танымдық бағдарламалардың жеткіліксіздігі және қазақстандық телевидениедегі журналистердің кәсібилігінің төмендігі халықтың көңіл толмаушылығын туындатады. Біздің телеарналар мұны барынша байыппен ой елегінен өткізіп, көрерменнің сеніміне ие болуы үшін қажетті шараларды қабылдауы тиіс. Осы орайда телевидение мен радионы дамыту бойынша жұмыстардың келесі басымдықтарына тоқталғым келеді», - деді Абаев.

Бұл ретте министр ең алдымен отандық сериалдардың шетелдік сериалдармен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттігін баса айтты.

«2017 жылы көрсетілетін сериал өнімдердің коммерциялық телеарналарда да санын арттыру жоспарлануда. Сериалдар негізінде кинопрокат қызметін жүзеге асыру үшін толықметражды кинотаспалар жасалатын болады. Екіншіден, КРІ жүйесін енгізу арқылы телерадио арна қызметкерлерінің біліктілігі мен кәсібилігі жетіле түседі. Қызметкерлерді конкурстық іріктеу жетілдіріліп, кадрлық резерв қалыптастырылады», - деді ол.

Үшіншіден, оның айтуынша, осы жылдың наурыз айында «Ел арна» телеарнасы іске қосылады. Онда тек қазақстандық көркем және деректі фильмдер, сериалдар көрсетіледі. Бұл жоба отандық кинематографияны дамытуға, жас режиссерлер мен тәуелсіз киностудияларды қолдауға және халықтың сұранысын қанағаттандыруға бағытталған.

«Төртіншіден, біз елдің шекаралық аймақтарында мемлекеттік радиоарналардың қамту аймағын және тарату сапасын арттыратын боламыз. Бесіншіден, телеарналарды HD форматына көшіру жұмыстарын жалғастырамыз. Тек содан кейін ғана біз жетекші әлемдік ресурстармен шынайы бәсекелес бола аламыз. Алтыншыдан ағымдағы жылы сандық эфирлік телетаратуды енгізу аясында 244 радиотелевизиялық станция салынып, пайдалануға беріледі. Жылдың соңына дейін Қазақстанның бірқатар облыстарында сандық таратуға толықтай көшу жоспарлануда. Ақпарат комитеті БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментімен бірлесіп, барлық осы шаралардың сапалы орындалуына бақылау жүргізуі тиіс», - деді Абаев.

Соңғы жаңалықтар