Абаев футболшыларымыз АПЛ-дан кем емес ойын көрсетсе, «Қазспортқа» 32 камера алып беруге уәде етті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан футболшылары ағылшын премьер лигасындай ойын өрнегін көрсетсе «Қазспортқа» 32 камера алып беруге дайынбыз. Бұл туралы бүгін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің алқа отырысында ведомство басшысы Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетерлігі, отырыс барысында «Қазақстан» РТРК» АҚ басқармасының төрағасы Кемелбек Ойшыбаев «Қазспорт» телеарнасы үшін еліміздің өңірлерде өтетін  футбол ойындарын көрсету проблема болып отырғандығын, яғни, жылжымалы-телевизиялық станса  жетіспейтіндігін айтқан еді.

«Мысалы сенбі-жексенбі күндері Қазақстан бойынша әр облыста футбол ойындары өтеді. Алматы мен Астананы 16 камералық ЖТС-ты қолданып сапалы көрсете  аламыз. Ал жергілікті жерлерде өтіп жатқан футболдарды көрсету қиын. Бар-жоғы 4 камера ғана қоямыз. Ал негізінде футбол көрсету талаптарына сәйкес кемінде 12 немесе 16 камера қолданылуы керек. Мәселен, Ағылшын премьер-лигасы ойындарында 32 камера қолданылады», - деді ол.

Сонымен қатар телеарна басшысы қараша айында Қызылордада өтетін ганболдан Азия чемпионатын «Қазспорт» телеарнасы көрсете алмайтындығын атап өтті. Оған дәл сол уақытта Алматы мен Астанада шаралар жоспарланғанын айтты.

«Сондықтан ЖТС жібере алмайтын болғандықтан біз оны көрсетпейміз деп жоспарлап отырмыз. Себебі гандболды 4 камерамен көрсетсек сапасы өте төмен болады. Сондықтан «Қазспорттың көрсетілімін дамыту үшін бізге ЖТС мәселесін шешіп берсеңіз үлкен қолдау болар еді», - деді ол министр Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа қарата.

«Қазспортқа футбол ойындарын көрсету үшін 16 камера жетпейді 32 камера қажет десеңіз, біз оны қолдауға дайынбыз. Бірақ біздің  футболшыларымыз Ағылшын премьер-лигасы сияқты ойнаса», - деп жауап берді министр.

Соңғы жаңалықтар