Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
Астана: -26 °С
Алматы: -5 °С
USD 335.38 EUR 394.07
RUB 5.67 CNY 50.67
Жаңалықтар

8 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

2017 жылғы 8 желтоқсан 06:30 634
Поделиться:
8 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2017 жылғы 8 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.

8 желтоқсан, ЖҰМА

Халықаралық суретшілер күні

Атаулы күн әлемдік ауқымдағы қоғамдық-маңызды оқиғалар күнтізбесіне 2007 жылы енгізілді. Оған «Әлем халықтары өнері» Халықаралық қауымдастығының өкілдері бастамашыл болды.

Өзбекстанның Конституциясы күні

1992 жылғы 8 желтоқсанда өткен Өзбекстан Жоғарғы Кеңесінің 11-сессиясында қабылданды.

Қырғызстанда радио және теледидар қызметкерлерінің күні

1995 жылғы 23 желтоқсанда Қырғыз Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген.

Румынияда Конституция күні

1991 жылы дәл осы күні Румыния Конституциясы түбегейлі мақұлданған референдум болды. Ол елді басқарудың республикалық формасы мен билікті үш тармаққа - заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлуді ресми түрде бекітті.

Албанияда ұлттық жастар күні

Ел парламенті 2010 жылы ресми әрі ұлттық мереке ретінде бекіткен.

Болгарияда студенттер күні

Алғаш рет мереке ретінде 1903 жылы София университетінің 15 жылдығына орай атап өтілген. 1994 жылы 8 желтоқсанда барлық студенттердің ресми мерекесі ретінде жарияланды. Бұл күні болгарлық жоғары оқу орындарында сабақ болмайды.

Панамада Аналар күні

Бұл күні панамалықтар өз аналарын құттықтап, оларға сыйлықтар  тарту етеді. 

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1991 жылы 8 желтоқсанда Минскіде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) құру туралы шешім қабылданды. 1991 жылы 21 желтоқсан күні Алматыда ТМД-ның Басты қағидалары мен мақсаттары декларациясына Беларусь, Ресей, Украина, Әзербайжан, Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Молдавия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан қол қойды. 1993 жылы ТМД-ның Жарғысы қабылданды. Мемлекет басшыларының кеңесі, Үкімет басшыларының кеңесі, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, Мемлекетаралық экономикалық кеңес, Санкт-Петербургтағы үкіметаралық ассамблеяның орталығы секілді тағы басқа органдары құрылды. ТМД-ның тұрақты жұмыс істейтін органы - Минскідегі үйлестіру кеңесі комитеті.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Инженерлік академиясы құрылды, оның президенті болып О.Жолдасбеков тағайындалды. Қазіргі күні Ұлттық инженерлік академия құрамында 20-дан астам ғылыми-өндіріс орталықтары жұмыс істейді, ол бүкіл Қазақстандағы технопарктердің құрылуы мен дамуына белсенді қатысады, оның бөлімдері мен филиалдары аймақтағы өндіруші кәсіпорындармен тығыз байланыста. Академияның ғылыми орталықтарының арасынан ғылыми-инженерлік ақпараттық-есептеуіш орталығы, «Мұнай» ғылыми-зерттеу орталығы, Қазіргі заман технологияларының институты, Экологиялық сараптама институты және басқаларын атап өтуге болады.

1993 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің және жергілікті уәкілдік органдарының депутаттарын сайлау туралы ҚР Заңы жарияланды. Оған сәйкес Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі мемлекеттік бірегей заң шығарушы және жоғары өкілдік органы ретінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің бірінші шақырылым депутаттарын, сондай-ақ облыстық, аудандық және қалалық өкілдік органдарының депутаттары сайлауын 1994 жылғы 7 наурызға белгілеу туралы қаулы қабылдады.


1993 жылы мемлекеттік биліктің барлық тармақтары мен деңгейлерінің өзара жұмыс істеуін және әкімшілік-аумақтық құрылысты қамтамасыз ету мақсатында ел Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңы қабылданды.

1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің құрылғанына 60 жыл толуына байланысты университет бас ғимараты алдында әл-Фараби ескерткіші ашылды.

1995 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы»  Жарлығы жарияланды.

1997 жылы Тегеранда (Иран Ислам Республикасы) өткен Ислам Конференциясы Ұйымының VIII саммитінде «Қазақстан Республикасының Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыру бастамасын қолдау туралы» Қарар қабылданды.

1997 жылы Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Көші-қон және демография жөніндегі агенттігі құрылды.

2006 жылы Шотландиядағы Абердин қаласында Қазақстан Консулдығы жаңа кеңсесінің ресми тұсаукесері өтті.

2007 жылы Алматыда қоғам қайраткері Болатхан Тайжанға ескерткіш орнатылды. Ескерткіштің авторы - Тимур Сүлейменов. Болатхан Тайжан (1941-2006) танымал дипломат, Қазақстан Республикасы сыртқы экономикалық байланыстар министрінің бірінші орынбасары, Мысыр, Марокко, Тунис Алжир, Иордания, Сирия, Ливия, Малайзия елдеріндегі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі, «Ұлт тағдыры - Ел тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалыстың төрағасы қызметтерін атқарған. КСРО Журналистер одағының мүшесі.

2009 жылы Осакада (Жапония) Қазақстан Республикасы Құрметті консулдығының ашылу рәсімі болып өтті. Құрметті консул болып әлемге танымал «Тошиба» корпорациясының вице-президенті Широ Кавашита тағайындалды. Консулдықтың ашылу салтанатына Жапонияның ресми тұлғалары, ірі компаниялардың басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Елшілік аумағында Қазақстан туралы фотокөрме ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының Осакадағы Құрметті консулдығының басты міндеті - екі елдің арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту.

2010 жылы Павлодарда «Жеңіс» атты қазақ тілін үйрететін жаңа электронды кітап шықты.

2010 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізінің оңтүстік қиығында құрылыс жұмыстары басталды.

2011 жылы Мемлекетаралық авиациялық комитет (МАК) пен ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Алматы қаласы аэродромының ИКАО-ның ІІІВ санатына сәйкестігі жөнінде сертификатты «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ-на табыстады

2011 жылы Елбасы - ҚР Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев  Астанадағы генерал С. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің жаңа кешенін ашты.

2012 жылы Астана қаласының Керей, Жәнібек хандар көшесінде орналасқан «Тілеп - қобыз сарайы» жаңа концерттік залы салтанатты түрде елорда тұрғындары мен қонақтарына есігін ашты.

 Қазақтық ұлттық музыка аспабы қобыз бен ұлы қобызшы Тілеп Аспантайұлына арналған бірегей концерттік залдың негізін қалаған - қобызшының бесінші ұрпағы Сапар Ысқақов.

2012 жылы Қарағандыда автокөліктерді тіркеу және жүргізуші куәлігін беру қызметтері көрсетілетін алғашқы мамандандырылған ХҚКО  ашылды. 

2014 жылы Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР ЖОО-лары тарихында алғашқы медициналық диагностикалық орталық жұмысын ашты.

Орталықта университет студенттері мен профессорлық-оқытушылық құрамын скринингтік тексеру жүргізіледі. Диагностика қояды, кеңес береді. Студенттерге қызмет тегін.

Орталық жұмысында пайдаланылған «U-Health» телемедицина жүйесі диагностика жүргізуге, телекоммуникациялық жабдық көмегімен онлайн режімде кеңес беру үшін «Кангнам Северанс» клиникасының мамандарына науқастардың деректерін беруге мүмкіндік береді.

2015 жылы Астананың Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры Мәскеуде XIII халықаралық театр фестивалінде «Алтын батыр» бас жүлдесін алды.

Қазақ театры фестивальде орыс драматургі Валентина Ежованың «Бұлбұл түні» туындысының желісі бойынша «Тыраулап ұшқан тырналар» атты лирикалық драмасын қойды. Ол өз жұмысын Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арнады.

2015 жылы Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің V Съезінің материалдарынан жиналған кітап-альбом жарық көрді. Онда халықаралық саясат, дінаралық қатынастар және мәдениеттердің өзара ықпалдастығы мәселелері қамтылған. 

2015 жылы Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпы отырысында Қазақстанның бастамасымен Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация бекітілді. Түрлі құрлықтар мен өңірлік топтар атынан өкілдік еткен 35 мемлекет - тиісті қарардың тең авторы.

2016 жылы Астанада ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. «Спорт» аталымы бойынша сыйлықтар Рио-2016 Олимпиадасының жүлдегерлері Дмитрий Баландин мен Әділбек Ниязымбетовке тапсырылды.

2016 жылы Еуропалық комиссия барлық қазақстандық авиакомпанияларды қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейтін ұшырылымдардың қауіпсіздігі бойынша «қара тізімнен» алып тастады.

2016 жылы «Henrico Schools» с америкалық туденттері қазақ тілінде «Үш қоңыр» әнін орындады. Әннің авторлары - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен композитор Алтынбек Қоразбаев.

ЕСІМДЕР


8 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 75  жыл бұрын
(1942) жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері МҰХАНБЕТҚАЛИҰЛЫ Қажығали дүниеге келді. 

Ақтөбе облысы Байғанин ауданында туған. 1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік бітірген. Одан кейін Ақтөбе облыстық радио және телевидение комитетінде, облыстық «Коммунизм жолы» газетінде, «Қазақстан» баспасында, «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде редактор, аға редактор, аға әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, «Жаңа фильм» журналының бас редакторы болған. Кейінгі жылдары ҚР Президенті аппаратында, Парламентте, «Таңшолпан» журналында қызмет істеген. Р.Акутагаева, С.Моэм, П.Мэриме, Ги де Мопассан, Д.Фонвизин, С.Чубек, Л.Хонвано, Дж.Одинаев, Х.Абдуллин, т.б. жазушылардың жекелеген әңгімелерін және түрікмен жазушысы Т.Жұмагелдиновтің «Егес» атты кітабын, орыс жазушысы А.Скалонның «Бақыттың алтайы түлкісі» атты әңгімелер мен повестер жинағын қазақ тіліне аударған. Өзінің де бірқатар әңгімелері шетелдерде жарияланған ұжымдық жинақтарға енген. «Сырым батыр» атты романының алғашқы тарауларын әдеби журналдарда жариялады. «Сырым Датұлы» жинағын құрастырып, алғы сөзі мен түсініктемелерін жазған. 2003 жылы ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған медальмен марапатталған, Байғанин ауданының Құрметті азаматы.


8 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 57 жыл бұрын (1960) Ақмола облысы Целиноград ауданының әкімі ТӘТКЕЕВ Малғаждар Саттарұлы дүниеге келген.

Көкшетау облысында туған. КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін аяқтады (1983). Заң ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолы: ішкі істер органдарының қызметкері (1983-1997); қаржы (салық) полициясы органдарының қызметкері (1997-2009); Қазақстан Республикасының экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Экономикалық және қаржы қылмыстарын ашу жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, бақылау-талдау басқармасының бастығы (03.2009-08.2009); Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) департаментінің бастығы (2009-2010); Қарағанды облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) департаментінің бастығы (2010-2012); «Ақмола облысы Жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің бастығы (2012-2013); Ақмола облысы Зеренді ауданының әкімі (2013-2014).

Қазіргі лауазымын 2014 жылдан бері атқарып келеді.

«Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Казақстан Республикасы прокуратурасына 20 жыл», «Мінсіз қызметі үшін», ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен; «Милиция озаты», «ІІМ-де мінсіз қызметі үшін», «Қазақстан Республикасының қаржы полициясына 15 жыл», «Қазақстан полициясына 20 жыл» төсбелгілерімен марапатталған.

  


8 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 56
жыл бұрын (1961) Батыс Қазақстан облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты МҰҚАЕВ Ерболат Рахметұлы дүниеге келді. 

Гурьев педагогика институтын, БЛКЖО ОК жанындағы Мәскеу Жоғары комсомол мектебін, Батыс Қазақстан инженерлік-технология университетін бітірген. Физика пәнінің мұғалімі, саясаттанушы, экономист. Орал қаласы әкімінің орынбасары. Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы болып қызмет атқарған. «Құрмет» орденімен, екі медальмен марапатталған.

2008 жылдан бері қазіргі қызметінде. 2014 жылы қайта сайланған.

 


8 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 51 жыл
бұрын (1966) ҚР Жоғарғы сот судьясы МЫРЗАКЕ Ғалымжан Жарылқасынұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысының Қаратау ауылында туған. 1995 жылы «Автомобилдер және автомобиль шаруашылығы» Қазақ политехникалық институтутын, 1997 жылы «Туран» университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. 1984 жылдан 1999 жылға дейін «Қаратау» өндірістік бірлестігінің энергоцех слесарі, «Қаратау» өндірістік бірлестігінің слесарь-жөндеушісі, Көпбағдарлы «Оян» кооперативінің жүргізуші-механигі, Жамбыл облысының ІІД ОПО ППЧ-18 өрт сөндірушісі, Жамбыл облысының ІІД ОПО ППЧ-18 қарауыл бастығы, Жамбыл облысы бойынша Кеден басқармасының инспекторы, Қаратау қалалық прокурорының қоғамдық көмекшісі, Жамбыл облысының Талас аудандық прокурорының аға көмекшісі қызметтерінде болды. 1999-2002 жылдары Астана қаласының Алматы аудандық сотының судьясы, 2002-2005 жылдары Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы, 2005-2010 жылдары Қостанай облыстық сотының азаматтық істер бойынша алқа төрағасы,  2010-2012 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының кассациялық сот алқасының төрағасы болды.

2012 жылдың шілдесінен Қостанай облыстық сотының төрағасы болды. Қазіргі қызметінде 2015 жылдың желтоқсан айынан.

 

 


Басты сөздер: Күнтізбе,
Бөлісіңіз:
Пікір қалдыру
Онлайн қызметкерлер
Редактор
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059
Мұрағат