8 қараша күні қандай маңызды шаралар өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі оқырман қауымға 8 қараша күні өтетін маңызды шаралар легін таныстырады.

Астанада 8 қараша күні сағат 10.00-де ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысы басталады.

Сағат 10.00-де «Дәлелді медицина бойынша Қазақстан ғылыми-тәжірибелік форумы» («Kazakhstan Evidence-Based Medicine Executive forum») болады. Онда қазақстандық денсаулық сақтау мамандарының халықаралық деректер базасына, дәлелді медицинадағы қазіргі заманғы жасалымдар мен жаңа ақпараттарға қолжетімділігінің мүмкіндіктері сөз болады. Шараны халықаралық  Elsevier компаниясының қолдауымен денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы ұйымдастырып отыр.

Форумға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы, Elsevier компаниясы және медицина жұртшылығы өкілдері қатыспақшы. Шара электронды денсаулық сақтау республикалық орталығы базасында, Иманов көшесі, 13-үй, 4-қабатта өтеді.

Сағат 14.00-де «Park Inn by Radisson Astana» отелінде «Қазақстандағы қылмыстық процесті жаңғыртудың көкейкесті мәселелері» атты дөңгелек үстел отырысы өтеді.

Сағат 15.00-де Астана қаласы оқушылар сарайында ресейлік «Росатом» мемкорпорациясының және атом қуаты бойынша ақпараттық орталығының қатысуымен Ақтау қаласында БН-350 жылдам нейтрондағы әлемдегі бірінші өнеркәсіптік реактордың шығарылуының 45 жылдығына арналған шара өтеді. Бұл шара 1972 жылы 29 қарашада Шевченко (қазір Ақтау) қаласында болған. Бұл - жылдам нейтрондағы бірінші кеңестік АЭС. Шара барысында «МАЭК-Казатомпром» РУ БН-350-ді пайдаланудан шығару жөніндегі бөлім бастығы Валерий Варанкин сөз алып, реактор құрылысының тарихы, оның Қазақстан үшін маңызы туралы әңгімелеп бермек.

Сағат 15.00-де «Нұр Отан» партиясы астаналық филиалы орталық аппараты ғимаратында (Д.Қонаев көшесі, 12/1, 4-қабат) республика ардагерлерін толғандырып отырған мәселелер жөнінде баспасөз мәслихаты болмақ. Соның ішінде тәжік-ауған шекарасында, Таулы Қарабахтағы әскери іс-қимылдарға қатысқандарға, Ирактағы Қазбат бейбітшіл күштеріне жаңа мәртебе беру мәселесі талқыланбақ.

Алматы қаласында 8 қараша күні сағат 10.00-де Қазақстан қор биржасы өткен айдағы биржа нарығы жұмысы қорытындыларына арналған дәстүрлі айсайынғы медиа-брифинг өткізеді.

Сағат 10.00-де ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институты философия ғылымдарының докторы, профессор А.Г.Косиченконың 70 жылдығына арналған «Қазіргі заманғы зайырлы мемлекеттегі дін» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізеді. Зайырлы мемлекеттегі дін мәселелерін талқылайтын жиынды институт директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор А.Бижанов ашпақ.

Сағат 10.00-де EF Education First халықаралық мектебінің баспасөз мәслихаты өтпек. Онда түрлі елдердегі ересек тұрғындардың ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалайтын дүние жүзіндегі ірі рейтинг -  EF English Proficiency Index (EF EPI) таныстырылмақ. Мұндай зерттеуді EF Education First жыл сайын жүргізеді және 80 елдің миллионнан астам тұрғынын қамтиды. Оған Қазақстан да қатысқан. Шараның өтетін орны: EF Kazakhstan, Алматы, Наурызбай батыр көшесі, 31, Премиум, 7-қабат.

Сағат 10.00-де WebofScienceCoreCollection ақпарат көзінің 2014-2016 жылдардағы деректері бойынша жариялану белсенділігіндегі жоғары көрсеткіштері үшін тәуелсіз «Ғылым көшбасшысы» сыйлығын жылсайынғы тапсыру рәсімі өтеді. ClarivateAnalytics компаниясымен бірлесіп мемлекеттік-техникалық сараптама ұлттық орталығы ұйымдастырып отырған шара Бөгенбай батыр көшесі, 221, мәжіліс залында болмақ.

Сағат 16.30-да Бірінші Президент қорында белгілі режиссер Олег Беляловтың «Алтын Эмель» деректі фильмі көрсетіледі.

Сағат 17.00-де «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы музейінде жас суретшілер орталығы және О.Таңсықбаев атындағы Алматы декоративті-қолданбалы өнер колледжімен бірлесіп ұйымдастырылған «Туған жер мұрасы» атты қолданбалы өнер көрмесі ашылады. Көрмеден өнер туындылары арқылы Қазақстанның мыңғасырлық тарихын танып-білуге болады. Сондай-ақ келушілер 80 жылдық тарихы бар О.Таңсықбаев атындағы Алматы декоративті-қолданбалы өнер колледжінің танымал түлектерінің туындыларымен де таныса алады. 

Соңғы жаңалықтар