7 проценттік ипотеканың ай сайынғы төлемақысы екі есеге төмен болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «7-20-25» бағдарламасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі сияқты арнайы ипотекалық қор құрылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Экономист Сапарбай Жубаевтың ойынша, бүгінде инфляцияның деңгейі 7 процент, ал Ұлттық банктің базалық ставкасы 9,5 процент болып тұрғанда екінші деңгейлі банктерге арзан ипотеканы берген тиімсіз.

«Меніңше, «7-20-25» бағдарламасы аясында бір триллион теңгенің ипотекалық қоры құрылады. Ол Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі сияқты мемлекеттік қаржы ұйымы ретінде жұмыс істейді. Ипотекалық компания дейміз бе, ипотекалық даму қоры дейміз бе, аталған ұйым кез келген банкпен жұмыс істей береді. Бірақ банктер тек орындаушы қызметін, яғни мемлекеттің бөліп берген қаржысын таратуды ғана іске асырады. Сол үшін азғандай өтемақысын алуы мүмкін», - деді С.Жубаев ҚазАқпарат тілшісін берген сұхбатында.

Оның айтуынша, бүгінде орташа есеппен бір ипотеканың айлық төлемақысы 100-120 мың теңгені құрап отыр. Ондай ақша бәрінің қалтасына шақ келе бермейді.

««7-20-25» бағдарламасы аясында ай сайынғы төлем екі есеге төмен болады. Мен өзім есептеп көрдім. Мәселен, 15 млн теңгенің ипотекасы болса, ай сайын бар болғаны 55-65 теңгені ғана төлейсің. Енді, 7 процентпен төлегенде алғашқы онжылдықта несиенің өзі өтелсе, кейінгі онжылдықта ол екі еселенеді. Бірақ ипотеканың мерзімі 25 жыл болғаннан кейін ол онша білінбейді. Сосын алдын ала төлеу де болатын шығар», - деп атап көрсетті С.Жубаев.

Айта кетейік, өткен аптада ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «7-20-25» бағдарламасын іске асыру тетіктерін әзірлеуді тапсырған болатын.  ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, арзан ипотека барлығына жетеді.  

Соңғы жаңалықтар