7 күнде «Сергектің» көмегімен 1300-ден астам бұзақылық анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұрланған велосипед, жартылай жалаңаш бұзақы  «Сергек» бейнебақылау камераларының арқасында анықталды. Күн сайын аталған бейнекамералар 200-ден астам түрлі қылмыс пен бұзақылықты анықтауға мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің медиа орталығы.

«15 қазанда ІІД Жедел басқару орталығының қызметкері Бөгенбай даңғылы бойында мас күйде жанжал шығарып жүрген белгісіз ер азаматты байқаған. Аталған жерге шұғыл түрде полицейлер жасағы бағытталды. Олар бұзақыны ұстап, полиция бөліміне жеткізді және  ҚР ӘҚБтК 440-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды», - делінген Астана қаласының ІІД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сондай-ақ, 16 қазанда таңғы сағат 6.00 шамасында бейнебақылау камерасы арқылы Республика-Кенесары даңғылының қиылысында велосипедті ұрлау фактісі тіркелген. Полиция жасағы 36 жастағы азаматты ұстады және әрі қарай талқылау үшін полиция бөлімшесіне жеткізді. Аталған факт ҚР ҚК 188-бабы бойынша (ұрлық) тіркелді. Тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Жалпы, «15 қазаннан бастап «Сергек»  бейнекамералары жүйесі арқылы  1371 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 20 факті - ұсақ бұзақылық, 135 факті -қоғамдық орындарда алкогольді сусындар ішу, 145 факті - қоғамдық орындарда адамдарды мазалау, 300-ден астам факті - жол жүрісі қағидасын бұзу және шамамен 700 фактіге жуық басқа да бұзушылықтар анықталды. Сондай-ақ, ЖБО бейнекамера арқылы 7 қылмыстық құқық бұзушылық, оның ішінде бұзақылық, бөтеннің мүлкін ұрлау, тонаудың бетін ашылды.

Соңғы жаңалықтар