7 қарашада өтетін Қазақстандағы маңызды оқиғаларға шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 7 қараша күні болатын маңызды оқиғаларға шолуды ұсынады.

АСТАНА. Сағат 9:00-де Ritz-Carlton Astana қонақүйінде «Аутизм. Мүмкіндіктер әлемі» атты ІІ халықаралық конференция өтеді.  Конференцияға Қазақстан, АҚШ және Канаданың білікті мамандары қатысып, аутизм дертіне шалдыққан адамдарға көмек берудің заманауи тәсілін талқылайды. Балалар және жасөспірімдер психиатрі, дәрігер Джейкоб Ворстман генетикалық зерттеулер туралы жан-жақты ақпарат береді. Ал «Маркус» аутизм орталығының дәрігері Валери Волкерт аутизм дертіне шалдыққан балаларға көмек көрсету, оларды тамақтандыру жолдарын айтады. Сонымен қатар, бірнеше білікті мамандар дәрігерлер мен ата-аналарға қажетті ақпарат береді.

Үкімет отырысы сағат 10.00-де болады. Күн тәртібінде мемлекеттік-жекешелік серіктестік, «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы мен су тасқынының алдын алу жұмыстары талқыланады. Үкімет отырысынан соң ҚР Білім және ғылым министрінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтеді.

Ертең сағат 10.00-де қалалық сотта бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты іс қаралады.

Сонымен қатар, сағат 10.00-де «Сарыарқа» велотрегінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» тақырыбында семинар-жиын өтеді.

«Жаңа әліпби - жаңғыру жолы» атты дөңгелек үстел отырысы сағат 11:00-де «Назарбаев орталығында» ұйымдастырылады. Латын әліпбиіне көшу сұрақтарын қоғам қайраткерлері, депутаттар, ғалым-лингвисттер, филологтар мен саясаткерлер, белді журналистер талқылайды.

Сағат 11:30-да Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР ІІМ Қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат Қоғамовтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтеді.

Сағат 12:00-де Мәжілісте «Мемлекеттік қызметтерді бәсекелестік ортаға беру сұрақтары бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  заң жобасы таныстырылады. Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов баяндама жасайды.

Сағат 15:00-де «ЭКСПО-2017» көрмесінің территориясынан туристік аймақ ашылуына байланысты «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ құрылымдық бөлімшелерінің директорлары баспасөз мәслихатын өткізеді.

Сағат 15:00-де «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың қатысуымен Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын оңтайландыру тақырыбында жиын өтеді. Брифингтен кейін сұрақтарға жауап беріледі.

Сағат 15:00-де Сенатта «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекстің жобасы ұсынылады.

Сағат 16:00-де Астана қаласының әкімдігінде Астана қаласының 20 жылдығына арналған үздік брендбук (BrandBook) байқауы туралы баспасөз мәслихаты өтеді. Шараға Астана қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Е.Е. Каналимов қатысады.

Ал сағат 19:00-де «Астана» концерт залында «Шабыт» шығармашыл жастардың ХХ халықаралық фестивалі салтанатты жабылады.

АЛМАТЫ. Ертең Алматыдағы InterContinental Almaty қонақүйінде «2025 стратегиясы: даму драйвері» атты «дөңгелек үстел» өтеді. Экономиканың әр саласында жүрген мамандар пікірталас ұйымдастырады. Шараға Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов және Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қатысады.

Ертең Ұлттық кітапханада тарихшы, этнограф, өлкетанушы Зейнолла Қайсеновтің туғанына 80 жыл толуына орай кездесу өтеді. Тарихшының «Найман шежіресі» (1998), «Найман шежіресі» екінші кітабы (2001), «Найман шежірелері мен рулар тарихы» (2014),  «Ұлан ауданының тарихи-әдеби очерктері» (2005), «Шығыс Қазақстан облысының тарихи очерктері» (2007), «1916 жыл шығыс өңіріндегі халық көтерілісі» (2016) кітаптары  студенттер мен оқушылар арасында жоғары сұранысқа ие.

Соңғы жаңалықтар