68 ауылдың тұрғындары өзен суын ішуге мәжбүр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның 4 облысына қарасты 68 ауылдың тұрғындары өзенді ауыз су ретінде тұтынуға мәжбүр. 

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен парламенттік тыңдауда ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қолда бар позитивті нәтижелерге қарамастан  адам денсаулығына теріс әсер ететін бірқатар проблема бар. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарының 68 елді мекені бұлақтар мен шағын өзендерден тазартылмаған суды ауыз су ретінде пайдалануға мәжбүр. ОҚО, Қарағанды, Ақмола облыстарының кейбір елді мекендеріндегі су дайындау құрылғылары 20 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу көрмеген. Нәтижесінде оларда суды тазарту тиімділігі өте төмен. Ауыз су сапасы талап етілетін параметрлерге жетпейді», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, ластанған суды пайдалану жіті инфекциялық аурулардың туындауына себепкер болуы мүмкін. Сонымен қатар адамның негізгі өмірлік қызмет фнкцияларына да әсерін тигізеді.

«Ауылдық елді мекендерде әкімдіктер жанында сумен жабдықтау нысандарына қызмет көрсетуге арналған және барлық деңгейлерде өндірістік зертханалық бақылауды жүзеге асыратын ұйымдар құру жөніндегі министрліктің ұсыныстары «Ақ бұлақ» бағдарламасына енгізілген болатын. Бірақ, сумен жабдықтау нысандарын балансқа қабылдау және кейін оларға қызымет көрсету мәселесі іс жүзінде барлық аймақта өзекті болып қалуда»,-  деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі күні 120-дан астам су құбыры мен 600-ден астам орталықтандырылмаған сумен жабдықтау көзі ведомстволық қажеттіліктермен қамтамасыз етілмеген. 140-тан астам су құбыры өндірістік бақылаумен қамтылмаған.

Айта кетейік, ҚР Парламенті Мәжілісінде еліміздің елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне арналған парламенттік тыңдау өтті. Шараға Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Инвестициялар және даму министі Жеңіс Қасымбек, мүдделі мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар