Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
Астана: -26 °С
Алматы: -5 °С
USD 335.38 EUR 394.07
RUB 5.67 CNY 50.67
Жаңалықтар

5 мыңға жуық азамат радикалды райларынан қайтты - Ержан Малғажыұлы

2017 жылғы 8 желтоқсан 12:16 626
Поделиться:
5 мыңға жуық азамат радикалды райларынан қайтты - Ержан Малғажыұлы

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2013-2017 жылдар аралығында қазақстандық 5 мыңға жуық азамат радикалды райларынан қайтты. Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан Қазақстан мұсылмандарының VIII құрылтайы барысында мәлім болды.

Еске салсақ, бүгінгі құрылтай барысында Қазақстанның 2018-2022 жылдар кезеңі аралығындағы бас мүфтиі болып Серікбай қажы Оразұлы сайланды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұрынғы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы өзі қызмет атқарған 2013-2017 жылдар аралығында іске асырылған жұмыстар жөнінде есеп берді.

Ержан Малғажыұлы атап өткендей, өткен төрт жылда атқарылған жұмыстар нәтижесінде жат ағымның арбауында жүрген 940 азамат ханафи мазхабын таңдап, қатарымызға қосылды. Сондай-ақ 4967 адам радикалды райларынан қайтқан.

«Біз 2014 жылы діни жолымыз бен бағдарымызды айқындайтын, мемлекет тұтастығының нығая түсуіне септігін тигізетін Діни басқарманың 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын қабылдадық. Діни қызметтің сапасын арттыруға арналған 4 бағытты бекіттік. Олар - көркем уағыз, жат ағымның жетегінде кеткен жастармен жұмыс, қайырымдылық іс-шаралар және халықты діни сауаттандыру.

Еліміздегі мұсылман қауымын бірлікке үндеп, өзге дін өкілдерімен бейбіт өмір сүруге шақыратын ҚМДБ-ның Тұғырнамасын бекіттік. Мазхаб пен наным-сенімде жікке бөлінбеуге шақыратын құжат өз жемісін беруде. Аталмыш Тұғырнама - Қазақстан Республикасы Конституциясының сенім бостандығы туралы ұстанымына, Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына, еліміздің 2050 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына, ҚМДБ-ның Жарғысына негізделіп әзірленген стратегиялық құжат», - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ мәлім етілгендей, мешіттегі жамағаттың ауызбіршілігін арттырып, бірегей құлшылық жасау тәртібін орнату мақсатында ҚМДБ мешіттерінің Ережесі қабылданды. 2015 жылы ақпанда елімізде тұңғыш рет «Ислам - бейбітшілік пен келісім діні» тақырыбында І республикалық имамдар форумы өтті. Шара аясында «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұғырнамасы», «Дін қызметкерінің этикасы», «Имамның тұлғалық келбеті», «Мұсылман келбеті» атты маңызды құжаттар қабылданды.

«ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің жаңа құрамы жасақталды. Кеңесте 17 ғалым жұмыс істейді. Оның 9-ы ғылым докторы, қалғаны магистрлер. Біз Діни басқарма қызметі аясында 2014-2015 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жарияладық. ҚМДБ жанынан діни білімі терең, тәжірибесі мол білікті дін ғалымдарының басын біріктірген ақпараттық насихат топтары құрылды. Олар халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жат ағымға кеткен жастарымыз дәстүрлі ханафи мазһабын таңдап, ортамызға оралуда. 2017 жылы атқарылған жұмыстар нәтижесінде жат ағымның арбауында жүрген 940 азамат ханафи мазхабын таңдап, қатарымызға қосылды. 2013-2017 жылдар аралығында жалпы саны 4967 адам радикалды райынан қайтты», -деді ол.

Айта кетсек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңсесі 2014 жылы Алматыдан Астана қаласына көшірілген болатын.

 

 

 


Басты сөздер: Аймақ, Алматы, Дін,
Бөлісіңіз:

Автор:

Гүлмира Ғосманәли

Пікір қалдыру
Онлайн қызметкерлер
Редактор
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059
Мұрағат