30 желтоқсан. ҚазАқпарат күнтізбесі: атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2017 жылғы 30 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.

30 желтоқсан. СЕНБІ 

Мадагаскарда Республика күні

1975 жылы 21 желтоқсанда Референдум Демократиялық Мадагаскар Республикасының Ата Заңын қабылдады. 30 желтоқсанда елде Республика күні аталып өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1995 жылы Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауылында Қазыбек биге ескерткіш орнатылды.

1998 жылы Қазақстан Республикасының «Импорт тауарларынан ішкі нарықты қорғау шаралары туралы» Заңы қабылданды.

1999 жылы Ақмола облысының Атбасар қаласында жазушы Ілияс Есенберлиннің мұражай-үйі ашылып, қаламгер тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

2005 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Осы Заңға сәйкес, мұсылман күнтізбесі бойынша аталып өтетін Құрбан айттың алғашқы күні және Православиенің Рождество мерекесі демалыс күндері болып бекітілді.

2007 жылы Талдықорғандағы Алматы облыстық iшкi iстер департаментiнде тарихи музей ашылды.

Музейден Жетiсу өңірінің iшкi iстер органдарын әр жылдарда басқарған адамдар мен ерлiк көрсеткен қызметкерлер жайында мағлұматтар алуға болады. Жәдiгерлер қатарында iшкi iстер саласы қызметкерлерiнiң әр кезеңдерде киген киiмдерi, Азамат және Ұлы Отан соғысы кезiнде пайдаланылған қару-жарақтар бар.

2009 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Елбасы сонымен қатар, «Біріккен Ұлттар Ұйымының Жол қозғалысы туралы конвенциясын ратификациялау туралы», «Біріккен Ұлттар Ұйымының Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенциясын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойды.

2009 жылы Алматыда «Тәуелсіздік бесігін тербеткен» атты деректі фильмінің тұсаукесері болып өтті.

Деректі фильм Алматы қаласына кешегі кезеңнен бүгінге дейінгі еңбегі сіңген тұлғаларымызға, бүгінде еліміздің ең ірі мегаполисіне айналған шаhардың шамшырағын жаққан қайраткерлердің тұлғалық тұрпаттарына арналған. Деректі фильмде Кенесары ханнан бастап, Алматы қаласының орнында болған Алмалы hәм Тойшыбек бекінісін жаудан қорғаған Тойшыбек, Байсейіт батырлардан бергі уақыттағы Алаш зиялыларының және Дінмұхаммед Қонаев сынды тұлғалардың, сонымен қатар, Алматы қаласын әр жылдары басқарып, із қалдырған азаматтар туралы сыр шертілген.

2011 жылы Д.Қонаевтың 100 жылдығына арналған фотоальбом жарыққа шықты. Фотоальбом отбасылық мұрағаттан материалдардан пайдаланған эксклюзивті басылым болды.

2013 жылы Ақтөбеде драма театрының саябағында қазақ әдебиетінің классигі - ҚР Халық жазушысы, драматург Тахауи Ахтановқа, халық ақыны, драматург Қуандық Шаңғытбаевқа  салтанатты түрде ескерткіш ашылды.

Қола ескерткіш екі фигураны біріктірді. Драматург Тахауи Ахтанов орындықта отырса, оның қасында досы, жерлесі ақын Қуандық Шаңғытбаев бейнеленді. Ескерткіш биіктігі 6,5 метр. Авторы жас болса да кәсіби ортада танылған мүсінші Жеңіс Жұбанқосов.

2015 жылы «Молодая гвардия» баспасынан әйгілі «Жизнь замечательных людей: биография продолжается» сериясынан «Нұрсұлтан Назарбаев» атты кітап шықты. Жаңа кітапта Қазақстан Президентінің саясатымен бірге оның отбасы, мектеп жылдары мен жұмыскер жастық шағы жайлы жазылған. Кітап Ресей және ТМД елдерімен бірге АҚШ конгресіне және Ұлыбритания, Германия, Италия, Испанияның кітапханаларына жіберілді.

2015 жылы Мемлекет басшысы «Қазпоштаның» «Аяз Атаға хат жаз» жобасын қолдады, оның аясында ниет білдірушілер балалар жазған хаттардың ішінен бірін таңдап, оның арманын орындады.

Нұрсұлтан Әбішұлы БҚО-дан Виктория Харлашинаның арманын орындады. Виктория «Doh Vinci» шығармашылығы үшін керек-жарақ сыйлауды сұраған еді. Президент те сурет салғанды жақсы көреді, сондықтан қыз баланың арманын қуана орындады.

1806 жылы Түркия Ресейге қарсы соғыс ашты. Бұл соғыс 1812 жылға дейін жалғасты.  

1916 жылы Венгрияда ел тарихындағы соңғы тәж кигізу рәсімі өтті. Шараны король Карл IV мен королева Зита үшін өткізді, ол Карл Франц Иосиф ретінде белгілі.

ЕСІМДЕР

74 жыл бұрын (1943) ақын ХАСЕНОВ Нұркенже Базарбайұлы дүниеге келді.

Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Ақынның алғашқы жыр жинағы 1969 жылы «Жазушы» баспасынан «Сырлы толқын» деген атпен жарық көрді. Сонан кейін, «Бір уыс топырақ», «Тығылмақ», «Ай-Таңсық» атты жинақтары шықты. Қаламгер көркем аударма саласында орыс және шет ел ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалады.


63 жыл бұрын (1954-2017) белгілі журналист, ҚР журналистика академиясының академигі КЕНЖАЛИН Жұмабек Омарұлы дүниеге келді.

Қостанай облысының Аманкелді ауданындағы Жданов атындағы колхозда туған. 1971 жылы Торғай облысы Арқалық ауданындағы Қайыңды орта мектебін бітірген соң, әскер қатарында қызмет етті, шаруашылықтарда жұмыс істеді. 1981 жылы Қазақ Мемлекеттік университетін тамамдаған соң, «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, 1986-1988 жылдары «Білім және еңбек» («Зерде») журналында жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы болды. 1990 жылдан «Халық кеңесі» газеті бас редакторының орынбасары, бірінші орынбасары, ал 1994 жылдың қаңтарына дейін осы басылымның бас редакторы қызметін атқарды. 1996-1997 жылдары «Ақиқат» журналының бас редакторы, 1997-1999 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды.

1999-2006 жылдары «Қазақ газеттері» жабық акционерлік қоғамының президенті, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы, 2006-2009 жылдары «Ақиқат» журналының Бас редакторы, 2009 жылдың ақпанынан «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры - редакторлар кеңесінің төрағасы болды.

«Желкілдеп өскен құрақтай», «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз», «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» деп аталатын деректі әңгімелер мен эсселер кітаптарының авторы.

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (1984), Қазақстан Республикасы Президент сыйлығының лауреаты (2006), ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған (2004). Қазақстан Журналистер Академиясының толық мүшесі - академигі (2001).

47 жыл бұрын (1970) жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы ҚҰРМАНҒАЛИЕВА Аида Дәденқызы дүниеге келді.

1993 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономикалық әдеуметтік жоспарлау мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 1993 жылдан - ҚР  Қаржы министрлігінің экономисі. 1997 жылдан - ҚР Қаржы министрлігі басқармасының бастығы, директордың орынбасары. 2002 жылдан - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Әлеуметтік сала шығыстарын жоспарлау департаментінің, әлеуметтік саланы дамыту департаментінің директоры. 2009 жылдың желтоқсанынан бері - ҚР денсаулық сақтау вице-министрі.

Қазіргі қызметінде 2017 жылдың ақпан айынан бастап.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» медальдарымен, ҚР Құрмет грамотасымен, ҚР Премьер-министрінің Алғыс хатымен марапатталған.

40 жыл бұрын (1977) Жамбыл облысы әкімінің орынбасары ЖАНКЕ Тимур Амантайұлы дүниеге келді.

1999 жылы Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін бітірген.

Еңбек тәжірибесі: Алматы қаласы туризм департаментінің бас маманы (1999-2001); Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің жетекші маманы, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы »АҚ бас менеджері, « ҚазМұнайТеңіз »Теңіз мұнай компаниясы» АҚ Бас директорының көмекшісі, «ҚазМұнайГаз-Сервис Компас» ЖШС Бас директорының орынбасары (2001-2008); «ҚазМұнайГаз-Сервис Компас» ЖШС бас директоры.

Қазіргі қызметінде 2014 жылдың қазан айынан бастап.

Соңғы жаңалықтар