24 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

None
None
АСТАНА. 24 сәуір. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2018 жылғы 24 сәуірге арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық жастар ынтымақтастығы күні. Демократиялық жастар дүниежүзілік федерациясының шешімімен жыл сайын 24 сәуір күні атап өтіледі. Алғаш рет 1957 жылы атап өтілді. Бұл дата 1955 жылы өткен Азия мен Африка елдерінің Бандунг конференциясының қорытынды отырысына орай белгіленді. Бұл күн мемлекеттік органдардың, қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарының назарын жастар проблемасына аударту  мақсатын тұтады.

 

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1990 жылы Қазақ КСР-інің «Қазақ КСР Президенті қызметін бекіту және Конституцияға (Негізгі заң) өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ Кеңес Социалистiк Республикасының Президенті туралы» Жарлығы қабылданды.

1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен Қазақстанның тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.

1990 жылы қазақ және орыс тілдерінде «Халық кеңесi» және «Советы Казахстана» газетінің алғашқы саны шықты.

1991 жылы Түркияда Қазақстан мәдениеті мен өнері күндері басталды. Осы іс-шара шеңберінде «Алтын тамырлар» атты көрме ашылды. Бұл көрме қазақ пен түрік халықтарының тарихи тамырластығын қамтыды.

1995 жылы жазушы Қасым Қайсеновке, ардагерлер Алексей Кулаков пен Мурдин Тайповке «Халық қаһарманы» атағы берілді.

1996 жылы Түркияда Абай күндерінің аясында Абайдың (1845-1904) шығармашылығына арналған мерекелік шаралар өтті. Анкарада салтанатты түрде жаңа мектеп ашылды, аталған мектепке қазақтың ұлы ақыны Абайдың есімі берілді. Түркиядағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен, онда Абайдың мұражайы ашылды.

1996 жылы Елбасы Н.Назарбаевқа елдегі ең жоғарғы лауазым белгілері - «Алтын Қыран» ордені, төсбелгісі және Президент байрағы тапсырылды.

2000 жылы Алматыда «Еуразия - 2000» экономикалық саммиті өз жұмысын бастады. Саммитте Орталық Азия және Кавказмаңы елдері басшылары интеграция, жаһандану мәселелерін, Еуразияның болашағын талқылады.

2001 жылы Алматыдағы «Атакент» іскерлік әріптестік орталығында «Ұлы Жібек жолымен» атты бірінші халықаралық кітап және полиграфия жәрмеңкесі ашылды.

2006 жылы Астанада «Таймас» баспа үйінен ат спорты мен жылқы шаруашылығының бүгінгі жай-күйіне арналған «Қазанат» атты кітап жарық көрді. Оның авторлары - еліміздегі ат спорты мен жылқы шаруашылығының білікті жанашырлары саналатын Кеңес Рақышев пен Сәдібек Түгел. Бес бөлімнен тұратын бұл кітап жылқының қадір-қасиеті турасында ел аузында айтылып келген аңыз-әңгімелермен бірге жылқы малының биологиялық ерекшеліктері мен тұқым түрлері, республикада аталған саланы өркендету мен ат спортын дамытудың нақты мүмкіндіктері жан-жақты сараланып көрсетілген.

2010 жылы Тараздағы Жеңіс саябағына Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момұшұлының есімі берілді. Бұл ұсынысты Батырдың 100 жылдық мерейтойына орай қалалық соғыс және еңбек ардагерлері жасады.

Бұл саябақ 1985 жылы қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің бастамасымен құрылған болатын. Саябақтың жаңа атауы қалалық мәслихаттың сессиясында бірауыздан бекітілді.

2012 жылы ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Ғалым Қаржасовтың «Көңіл пернесі» атты жеке көрмесі ашылды.

Оның туындылары Нью-Йорк, Варшава, Вроцлав, Берлин, Амстердам, Штутгард және Мюнхен мұражайларында сақтаулы. Суретшінің жеке көрмелері Павлодар, Қарағанды, Алматы, Омбы, Санкт-Петербор, Астана қалаларында өткізілді.

2012 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Россия 24» телеарнасына сұхбат берді.

Ресейлік журналистермен сұхбатында Елбасы халықаралық процестерге, Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатына қатысты көптеген сұрақтарға жауап қайтарды.

2012 жылы Мұхтар Әуезов қорының алғашқы  «Кемеңгер» Құрмет белгісіне белгілі қазақстандық ғалым, академик Мұрат Гильманов ие болды.

2013 жылы Қостанай облыстық шығармашылық үйінде суретші Майя Демееваның жеке көрмесі ашылды.

2013 жылы ТМД аумағындағы жалғыз неміс театры Орал сахнасында өнер көрсетті.

Б.Брехтің «Шығарып тастау және ереже» («Исключение и правило») шығармасы бойынша қойылған спектакль неміс тілінде жүріп, орысшаға синхронды аудармамен берілді. Бағдарламада балаларға арналған қос спектакль болды, оның бірі - ағайынды Гримдердің ертегісі бойынша сахналанған «Бремен музыканттары».

2013 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Харьков қаласындағы қазақстандықтардың қоғамдық бірлестігін ҚХА-ның қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен марапаттау шешімін қабылдады.

«Бірлік» медаліне  Мекке Қаражанов, Татьяна Крупа, Леонид Карцев ие болды.

2013 жылы Қытайда Қазақстандық студенттер қауымдастығы құрылды.

2014 жылы «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің Комиссары - ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев бастаған қазақстандық делегация Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Атқарушы комитет отырысында «ЭКСПО-2017» тіркеу құжаты бойынша есеп берді.

2014 жылы Елордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Астана EXPO-2017» көрме кешенінің құрылыс орнында капсула орнату рәсімі өтті.

Капсуланы орнатқан соң Елбасы көрме кешені құрылысының басталуына жол ашты. Оның жалпы аумағы  - 174 га, мұнда аумағы бір миллион шаршы метрден астам болатын нысандар бой көтермек.

2014 жылы Астанада Тәуелсіздік сарайында ХІІ Еуразиялық медиафорум жұмысын бастады.  

2015 жылы қазақстандық арнайы жасақ Иорданияда өткен «Warrior-2015» сайысында алғашқы кубокқа ие болды. ҚР Қорғаныс министрлігінің арнайы бөлімше командасы «Корольдік сынақтың» ең күрделі әрі басты кезеңінде үшінші орынға ие болды.

1800 жылы АҚШ конгресі кітапханасының негізі қаланды.  

1833 жылы АҚШ-та газдалған су патенттелді.

1992 жылы Югославия Федеративті Республикасы (Сербия мен Черногория) құрылды.


ЕСІМДЕР

135 жыл бұрын (1883-1939) Алаш қозғалысының қайраткері, биология, зоология, медицина салалары бойынша студент-шәкірттерге арнап алғаш оқулық жазған әмбебап ғалым, дәрігер, фольклоршы, педагог, тілші, қоғам қайраткері, профессор Халел ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ  дүниеге келді.

Атырау облысының Қызылқоға ауданында туған. Орал әскери-шынайы училищесін,  Петербор әскери-медициналық академиясын  бітірген. Студенттік өмірі саяси толқуларға толы кезеңмен тұстас келіп, оның саяси білімін жетілдіріп, қалып­тасуына әсер етті. Ол осы жылдары ел ішінде үгіт-насихат жүргізіп, жергілікті «Фикр» (Пікір), «Уральский листок» газеттеріне ма­қа­лалар жазып, саяси толқулардың мән-жайын халыққа түсіндіріп отырды. 1909 жылы академияны үздік дәрежелі дәрігер атағымен, Алтын медальмен бітіріп, офицер ретінде кесімді мерзімдегі әскери міндетін өтеуге жіберілген. Алдымен Пермь губерниясында, кейін 2-ші Түркістан, 2-ші Орал қазақ-орыс атқыштар батальонында әскери кіші дәрігерлік қызмет атқарды. 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінде «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік - сүзек», «Жұқпалы ауру хақында» сынды кәсіби, әлеу­мет­тік-саяси тақырыптарда мақалалар жариялап, өзіндік ой-пікірін білдіріп тұрған. Ғалымның «Как бороться с чумой среди киргизского народа» атты кітабы өз кезеңінде оба індетіне қарсы күрестің әдіс-тәсілдерін түгел қам­тыған еңбек болған. Ресейдегі Ақпан төң­керісінен кейін қазақ даласында облыстық, жалпы қазақ съездерін ұйымдастырып, өткізуге атсалысқан. Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсыл­мандар съезіне қатысып, І жалпықазақ съезінен Бүкілресейлік құрылтай жиналы­сына депутаттыққа кандидат ретінде ұсы­нылған. 1917 жылы ІІ жалпықазақ съезінде жарияланған Алашорда үкіметі - Ұлт кеңесі құрамына сайланған. Алаш қайраткерлерімен бірге бірінші кезекте халықты бүліншіліктен қорғайтын ұлттық әскер - халық мили­циясын жасақтауға, Алаш қорын құруға, елден алым-салық қаражат жинау ісіне күш салған. Уақытша үкіметтен билікті күшпен тартып алған большевиктердің үстемдігі нығайған тұста, Кеңес үкіметінің басшысы В.Ленинмен, Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.Сталинмен бетпе-бет келіссөздер жүргізген. 1920 жылы тамыздың 21-інде Түркістан рес­публикасы халық ағарту комиссариаты жанынан Түркістан халықтарының оқу-ағарту, мәдени және ғылыми мұқтаждарын өтеу үшін арнайы ұйымдастырылған Білім комиссия­сының мүшелігіне, кейін төрағалығына сайланған. Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушы болған. Орта Азия (Түркістан) университеті медицина факультетінің хирургиялық емхана­сында ординатор, Түркістан денсаулық сақтау халық комиссариаты алқасының мүшесі және емдеу-санитарлық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Орта Азия мемлекеттік баспа алқасының, кейін Қазақ мемлекеттік баспасы Шығыс бөлімінің меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік баспа басқармасы меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқара жүріп, отандық ғылымның дамуына да мол үлес қосқан. Оның «Табиғаттану», «Жануарлар», «Адамның тән тірлігі» (қазақша-орысша жаратылыстану сөздігі), «Оқушы­лардың денсаулығын сақтау», «Дене бітімі және оның жұмысы туралы әңгімелер», т.б. оқулықтар мен ғылыми еңбектер жазған. Сонымен қатар қазақ халқының тілі мен әдебиетіне, тарихына қатысты материалдар жинақтап, тілдің дыбыс жүйесінің өзекті мәселесі - сингармонизм заңын зерттеген. «Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы», «Шернияз шешен», «Алаш не сөз?», «Бұқарадағы Көгілташ медресесін салу туралы әпсана», «Тіллә-Қары мен Ширдор медреселерін салғызған Жалаңтөс батыр шежіресі», «Диуани лұғат ат-түрік», «Кенесарының соңғы күндері», «Қазақ әдебие­тінің тарихы» сияқты, т.б. ғылыми-теориялық еңбектер жазып қалдырған. «Мұрат ақын сөзі», «Исатай - Махамбет», «Аламан» жинақтарын шығарған. 1932 жылы Кеңес өкіметі ұйымдастырған қуғын-сүргін саясаты кезінде тұтқындалып, ОГПУ үштігінің шешімімен Воронеж қаласына 5 жылға жер аударылған. Онда жүріп Денсаулық сақтау және гигиена институтында бөлім меңгерушісі, балаларды ем­деу-сақтандыру амбулаториясы мең­герушісінің орынбасары болып қызмет істеген. 1938 жылы шілденің 26-ында жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып, әуелі Мәскеу, кейін Алматы түрмесінде отырды. 1939 жылы сәуірдің 24-інде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілді. Ғалымның ісі тек 1958 жылы ақпанның 28-інде Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер алқасында қайта қаралып, ол толығымен ақталды.

Ғалымға туған жері Атырау облысы Миялы кен­тінде ескерткіш қойылған. Атырау университетіне, Алматы және Атырау қалаларын­дағы көшелерге есімі берілген.

124 жыл бұрын (1894-1919) Ақмола  облысында Кеңес үкіметін орнатуға қатысушылардың бірі Бәкен СЕРІКБАЕВдүниеге келді.

 Ақмола (Астана) қаласында туған. Ақмола училищесін бітірген. 1917 жылы С.Сейфуллин ұйымдастырған «Жас қазақ» атты жастар ұйымының жұмысына қатысты. 1918 жылы Ақмола уездік Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. Сол жылы маусым айында ақ гвардияшылар бүлігі кезінде Ақмола кеңесінің басқа мүшелерімен бірге тұтқынға түсіп, атаман Анненковтың «Азап вагонына» қамалды. Ол Омбы лагерінде ақ гвардияшылардың қолынан қаза тапқан.   

93 жыл бұрын (1925-1991) кен ісі саласындағы қазақ ғалымы, техника ғылымының докторы, профессор, жер қойнауын ашық қазу саласының маманы Әсия Мұстафақызы МҰСТАФИНА дүниеге келді.

Қызылорда облысы Сырдария ауданында туған. Қазақ тау-кен металлургия институтын (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университет) бітірген.

Еңбек жолын КСРО Металлургия өнеркәсібі министрлігі Кемпірсай кен басқармасы техникалық бақылау бөлімі бастығының орынбасары қызметінен бастаған. 1954 жылы пайдалы қазбалар кен орындарын игеруде техникалық көмек көрсету үшін Қытай Халық Республикасына жіберіліп, ол жерде «Совкитайметалл» АҚ-ы басқармасының өндірістік-техникалық бөлімінде аға инженер болып қызмет атқарған. Елге келген соң Қазақ КСР Ғылым Академиясының Кен істері институтының кіші ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері, жер қойнауын ашық қазу зертханасының меңгерушісі және ғылыми кеңесшісі қызметтерін атқарған.

Негізгі ғылыми еңбектері кен ашу жұмыстарында жаппай қопару әдістерін қолдану, бұрғылау технологиясын жетілдіру, кенді ашық әдіспен қазу жүйелерін талдау және карьерлерді автоматтандырылған басқару жүйелері арқылы пайдалану мәселелеріне арналған.

Ә.Мұстафина жемісті ғылыми-ұйымдастырушылық қызметі үшін «Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 2002 жылы Қазақстан кен ғылымына қосқан зор үлесі үшін және Кен істері институтының дамуына сіңірген еңбегіне байланысты «Д.А.Қонаев атындағы Кен істері институтының құрметті ғылыми қызметкері» атағы берілді.

82 жыл бұрын (1936) Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының және Платиналы Тарлан сыйлығының иегері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың және М.Әуезов атындағы әдеби сыйлықтың иегері, Тарбағатай, Аягөз және Үржар аудандарының құрметті азаматы Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ  дүниеге келген.

Қытай Халық Республикасы, Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы, Шәуешек ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) филология факультетін тәмамдаған. 1965-1967 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби қызметкер, 1967-1976 жылдары - «Жазушы» баспасында редактор, 1976-1981 жылдары - Қазақстанның Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде жауапты қызметкер болған. 1980 жылдан бірыңғай шығармашылық жұмыста.

Қ.Жұмаділовтің алғашқы өлеңдері 1954 жылдан бастап жергілікті баспасөз бетінде жарық көрген. «Жамал» атты тырнақалды әңгімесі 1956 жылы Үрімжіде шығатын «Шұғыла» журналында жарияланды. 10 роман, 13 повесть, 50-ден аса әңгіме, көптеген мақала жазған, «Жас дәурен» өлеңдер жинағының, «Қаздар қайтып барады» әңгімелер жинағының, «Көкейкесті», «Атамекен», «Тағдыр» романдарының, «Дарабоз», «Соңғы көш» дилогияларының авторы.

«Дарабоз» романында даңқты қолбасшы - Қаракерей Қабанбайдың жорық жолдары баяндалады. Сондай-ақ романда 18-ғасырдағы қазақ халқының тыныс-тіршілігі эпикалық кең тыныспен көрсетіліп, Абылай ханның, қазақтың басқа да батырлары мен билерінің көркем бейнелері сомдалған. «Атамекен», «Тағдыр» тарихи романдарында шалғайда жүрген қазақ ұлтының ауыр тағдыры көрсетілген. 1998 жылы Қ.Жұмаділовтің соңғы жылдардағы көлемді шығармасы - «Таңғажайып дүние» ғұмырнамалық романы жарық көрді. 2008 жылы жазушының «Мәңгілік майдан» кітабы, ал 2010 жылы «Тозақ оты» повестер мен әңгімелері жарыққа шықты. Жазушының публицистикалық мақалалары «Қалың елім, қазағым» жинағында жарияланды. Қ.Жұмаділов шығармалары көптеген шетел тілдерінде, соның ішінде орыс, украин, беларусь, өзбек, ұйғыр, қырғыз тілдерінде басылып шыққан.

«Парасат» орденімен, ел мәдениеті дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін «Күлтегін» медалімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

79 жыл бұрын (1939) шығыстанушы, тарих ғылымының докторы, профессор Клара Шайсұлтанқызы ХАФИЗОВА  дүниеге келді.

Орал қаласында туған. Ташкент мемлекеттік университетін, КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының аспирантурасын бітірген. 1969-1990 жылдары  Қазақ КСР Ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының кіші ғылыми қызметкері, Ұйғыртану институтының аға ғылыми қызметкері болған. 1990-1994 жылдары - Қазақ мемлекеттік университеті қытай филологиясы кафедрасының меңгерушісі. 1995-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері, бөлім бастығы. 1998-2005 жылдары Қайнар университеті стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының директоры қызметін атқарған. 2005 жылдан Қайнар университеті Қазақ тарихы мен өркениеті институтының директоры болып істейді. К.Хафизова Қазақстандағы белгілі қытайтанушы ғалым. Зерттеу еңбектері, негізінен 14-19 ғасырлар арасындағы Орталық Азия мен Қытай, оның ішінде Цинь империясы мен қазақ хандары арасындағы байланыстарға арналған. Ғалым 1997-1998 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы тапсырмасымен қазақ шығыстанушылары арасында тұңғыш рет Қытайдың бірінші тарихи мұрағатында зерттеулер жүргізіп, күрделі еңбек жазды. 50- ден астам ғылыми еңбектің авторы.  

67 жыл бұрын (1951) Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Тіршілік қауіпсіздігі» кафедрасының профессоры, Халықаралық Экология, адам және табиғат қауіпсіздігі ғылым академиясының академигі, КСРО өнертапқышы, еңбек сіңірген ғылым қайраткері Ерқасын Балапанұлы ӨТЕПОВ  дүниеге келді.

Ақтөбе қаласында туған. Г.И.Носов атындағы Магнитогорск кен-металлургия институтын, Мәскеу болат және қорытпалар институты аспирантурасын, осы оқу орнының докторантурасын бітірген. 1974-1979 жылдары - «Ақтөбеауылмаш» зауытының инженер-технологы, аға шебері, ауысым бастығы. 1982-1989 жылдары - Владимир политехникалық институтының Муром филиалы ғылыми-зерттеу секторының аға инженері, аға оқытушысы, доценті. 1997-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы ЖАК Сарапшылар кеңесінің сарапшысы, төраға орынбасары. 2005-2008 жылдары - Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Тіршілік қауіпсіздігі» кафедрасының меңгерушісі. 2008 жылдың шілдесінен бастап - қазіргі қызметінде.

450-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 15 өнертабыстың, 20 монографияның және 10 оқу құралының авторы. Сонымен қатар оның басшылығымен 1 докторлық, 11 кандидаттық диссертация қорғалды.

Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Айрықша еңбегі үшін» медалімен, КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола медалімен, Халықаралық Экология, адам және табиғат қауіпсіздігі ғылым академиясының М.Ломоносов атындағы медалімен марапатталған.

60 жыл бұрын (1958) VI сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнәр Мұстахимқызы ЫҚСАНОВА  дүниеге келді.

1958 жылы 24 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысында туған.

1980 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономикалық факультетін аяқтаған. 1986 жылы аспирантураны бітіріп, сол кафедрада кандидаттық диссертацияны қорғады. Экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі бар.

1986-1994 жж. - Қазақ мемлекеттік университетінің, Қазақ ауыл шаруашылығы институтының оқытушысы. 1994-2011 жж. «Қазақстан теледидар және радиосы» ТРК-ның Президент кеңесшісі, вице-президенті; «ТАҢ» Телекомпаниясының вице-президенті; «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның референті, вице-президенті, Бас директоры, Директорлар Кеңесі төрағасының кеңесшісі, Директорлар Кеңесінің төрайымы, Басқарма төрайымы.

2012 жылғы қаңтар айынан бастап бесінші сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы.

2014 жылғы сәуір айында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы болып сайланды.Қазіргі қызметінде 2016 жылғы наурыздан бері.

«Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі.

«Кұрмет», «Парасат» ордендерімен, медальдармен марапатталған, БАҚ саласыңдағы ҚР Президенті сыйлығының лауреаты.

53 жыл бұрын (1965) Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі Еркін Тілеуқұлұлы ЖУАСБЕК дүниеге келді.

Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыбарақ ауылында дүниеге келді. Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтының театр факультетін бітірген. Еңбек жолын ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы  Әдебиет және өнер институтында аға лаборант болып бастады. 1990-1993 жж. - осы институттың аспирантурасында оқыды. 1994 ж. - театртану саласы бойынша кандидаттық диссертация қорғап, аталмыш институтта ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді.

1996-1997 жж.  - Қазақтың өнер мәселесі бойынша ғылыми Орталығына бөлім меңгеруші. 1997-1999 жж. - ҚР Білім және мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің театр және кино бөлімінің бастығы; 1999-2001 жж. - Республикалық Неміс драма театрының директоры; 2001 ж. - М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында әкімшілік директоры; 2004-2008жж. - ҚР Театр  қайраткерлері Одағының төрағасы. 2008 ж. желтоқсанынан-2013 ж. сәуіріне дейін Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрының директоры. 2013 ж. 1 сәуірінен  М.Әуезов атындағы Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі қызметіне тағайындалды.

2016 жылдық қараша айынан бастап Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі қызметіне тағайындалды.

Түрлі жинақтар мен мерзімді БАҚ беттерінде  50-ге жуық ғылыми мақаласы жарияланған. Драматургия жанрында табысты еңбек етіп келе жатқан Е. Жуасбектің «Үйлену»,   «Күлеміз бе, жылаймыз ба?», «Антивирус», т.б пьесалары республика  театрларында қойылды.

54 жыл бұрын (1964) ҚР Әскери сотының төрағасы АБДОЛЛА Сәкен Жүсіпахметұлы дүниеге келді.

1986 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

1986-1992 ж.ж. - Прокуратура  органдарында қызмет еткен. 1992-1993 ж.ж. - Шымкент облысы Әділет басқармасы бастығының орынбасары. 1993-1996 ж.ж. - Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы. 1996-2002 ж.ж. - Оңтүстік Қазақстан облысы, Алматы қаласы  Әділет басқармасының бастығы. 2002-2003 ж.ж. - «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот сараптама орталығы» ММ директоры. 2003-2004 ж.ж. - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот аппаратының басшысы. 2004-2007 ж.ж. - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы. 2007-2011 ж.ж. - Маңғыстау облыстық сотының төрағасы. 2011-2013 ж.ж - Астана қалалық сотының төрағасы.

2013 жылдың 12 желтоқсанынан - Қазақстан Республикасы  Әскери сотының төрағасы.

47 жыл бұрын (1971) «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы ЖЕТПІСБАЕВ Арман Шәріпбайұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Куйбышев ауылында туған.

1993 жылы Қазақ-химия технология институтын «өнеркәсіп және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша «инженер-құрылысшы» біліктілігін.

2002 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика институтын «қаржы және несие» мамандығы бойынша «экономист» біліктілігін игерген.

1992 жылдан бастап 1999 жылғы шілдеге дейін түрлі коммерциялық құрылымдарда жұмыс атқарған.

1999 жылдың шілдесінен 2000 жылдың сәуірі аралығы "Казкоммерцбанк" АҚ-ның Шымкент қаласының филиалы директорының орынбасары.

2002-2003 жылдары «Казкоммерцбанк» АҚ-ның Қызылорда қаласы филиалының директоры, «Қазкоммерцбанк» АҚ басқармасы төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.

2003-2005 жылдары «Корпорация ARNA» ААҚ-ның атқарушы директоры, кейін «Корпорация ARNA» ААҚ басқармасының төрағасы болып сайланды.

2005-2006 жылдары «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақ (АЭА) дирекциясы мемлекеттік мекемесінің директоры.

2006-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары.

2008 жылдың ақпан айынан бастап Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалды.

2012 жылдың 24 сәуірінде әкімдік қызметтен босады.

2015 жылдың желтоқсанында "Казатомпром" ұлттық компаниясының директоры болып тағайындалды.

Қазіргі қызметінде 2017 жылдың ақпанынан бастап.

null 46 жыл бұрын (1972) «Қазақ атом өнеркәсібі ҰАК» АҚ басқарма төрағасы ПІРМАТОВ Ғалымжан Олжаұлы дүниеге келді.

Новосибирск мемлекеттік университетін, Қазақстанның экономика және болжау менеджменті институтын, Atkinson Graduate School of Management, Willamette University бітірген.

Әр жылдары «Алтын-Тас» БК қаржы директоры, AIG Silk Road Capital Management компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры, «Халық банк» АҚ инвестициялық банкинг департаментінің директоры, ҚР экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті, «Cameco Kazakhstan» компаниясының президенті, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.

Қазіргі қызметінде 2017 жылдың тамызынан бастап.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар