24 қараша - маңызды оқиғалар күнтізбесі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 24 қарашада елордасы - Астана қаласында және өңірлерде сан алуан шаралар өтеді. «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі маңызды оқиғалардың күнтізбесін ұсынады.

Таңғы сағат 9:00-де ҚР Ұлттық музейінде «Алаш» қозғалысының 100-жылдығына арналған «Алаш - Қазақстанның ұлттық бірлік идеясы» атты халықаралық конференция басталады.

Тура осы уақытта Астанадағы «Wyndham Garden Astana» қонақүйінде «Креативті Орталық Азия» форумы ұйымдастырылады. Оған Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстанның мамандары қатысады. Шара аясында Ұлыбритания сарапшылары да өз ойларын ортаға салмақ. Негізгі мақсат - Орталық Азияда креатиавті экономиканы, креативті мәдениетті қалыптастыру.

9:30-да «Rixos President» қонақ үйінде «KASE day in Astana» атты шара өтеді. Таңғы астың үстінде биржа басшылығы қазақстандық қор нарығының даму болашағын баяндап береді. Бұдан бөлек, KASE-тің жаңа жобалары, бизнес үшін жасалатын жаңа мүмкіндіктер жайы сөз болмақ.

Таңғы 9:30-да «Ритц Карлтон» отелінде де үлкен шара ұйымдастырылады. Халықаралық конференцияның тақырыбы - «Қазақстан Республикасындағы сот билігінің тәуелсіздігі және осы саладағы негізгі мәселелер».

10:00-де ҚР Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының елді мекендерін сапалы ауыз суымен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбында парламенттік тыңдаулар өтеді.

ҚР Жоғарғы сотта Сот төрелігі академиясы диспут-трибуна өткізбекші. Аталған шара да 10:00-де басталады.

Тура осы уақытта «ҚазЖол» қонақ үйінде «Қазақстан Республикасындағы балалар құқықтарын қорғау саласын тәуелсіз бақылау мен талдау» атты «дөңгелек үстелдің» отырысы өтеді. Аталған шараға барлық құзіретті мемлекеттік органдар қатысады.

10:45-те ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев дипломатиялық корпус үшін арнайы баспасөз мәслихатын өткізеді. Сол жерде ол дін саласындағы заң жобасы жайында кеңінен баяндап береді.

Ал ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова ЭКСПО-2017 көрмесі аясында ұйымдастырылған мәдени шаралар бойынша есеп бермекші. Оның баспасөз мәслихаты 11:00-ге жоспарланған.

15:00-де Орталық коммуникациялар қызметінде «Табиғи монополияларды реттеу мен бәсекелестікті қорғау» тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады. Оған ҚР Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері қатысады. Осы шарадан кейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау шаралары бойынша есеп бермек.

16:00-де Астана қалалық мәслихатында учаскелік инспекторлардың жұмысы бойынша тыңдаулар өтеді. Сол жерде қоғамдық тәртіпті сақтау мен қоғамдық қауіпсіздік мәселелері де талқыға салынады.

16:45-те ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында қоғамдық келісім мен бірлікке арналған республикалық ғылыми конкурстың жеңімпаздары марапатталады.

Ал кешкі сағат 17:00-де «Жастар» сарайында Халықаралық жемқорлықпен күрес күніне арналған салтанатты шара ұйымдастырылады.

Ел аймақтарында да бірқатар шаралар өтеді. Мәселен, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде еліміздің басқа да жоғары оқу орындарымен телекөпір ұйымдастыру жоспарланған. Негізгі мақсат - академиялық әділдік принциптерін насихаттау. Облыстық кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер конференциясын өткізеді. Ал Достық үйінде кәрістерді Қазақстанға депортациялаудың 80-жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылады.

Ал Ақтау қаласында «Талас» пен «Ембі» буксирлерін салтанатты қабылдау шарасы өтеді. Аталған буксирлер «Қазтеңізтрансфлоттың» тапсырысы бойынша Голландияда жасалған болатын. Үшінші буксир келесі жылда жеткізілмекші.

Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің кезекті отырысы өтеді. Ол жерде мемлекеттік сатып алулар саласындағы әкімшілік кедергілер мәселесі көтеріледі. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Сайрам ауданына сапар жасайды.

Ал Батыс Қазақстан облысына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова келеді деген жоспар бар. Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік - жыр-әнім» атты өнер фестивалі өтеді. Фестивальдің мақсаты - «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру, өскелең ұрпақтың Отанға, туған жерге, тілге, қазақ халқының рухани мұрасына деген сүйіспеншілігін арттырып, патриотизмге тәрбиелеу, еліміздің рухани құндылығы - төл өнерімізді насихаттау. Ақтөбе қаласының бас жоспарына сәйкес қоғамдық тыңдау да өтеді. Оған Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Еспанов, мәслихат депутаттары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысады. Ақтөбе агломирациясы аясында атқарылатын жаңа жобалар таныстырылады.

Ал Көкшетауда алғаш рет Әкелер форумы ұйымдастырылады.

Соңғы жаңалықтар