23-24 қыркүйек күндері өтетін маңызды оқиғаларға шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі оқырман қауымға 23 және 24 қыркүйек күндері Астанада өтетін маңызды шараларға шолуды ұсынады.

23 қыркүйек күні Астанада сағат 14.00-де Бейбітшілік және келісім сарайында тұңғыш «Balapan» балалар телеарнасының 7 жылдығына арналған «Самға, Балапан!» атты салтанатты шара өтеді.

Қазіргі кезде аталмыш телеарна балдырғандарға танымдық және қызғылықты жобалар ұсынып қана қоймай, сонымен қатар ата-аналарға балаларды оқыту мен тәрбиелеуде көмекші болып келеді.

Шара барысында түрлі аталымдар бойынша жеңімпаздар марапатталып, ол гала-концертке ұласады.

Айта кетейік, «Balapan» балалар телеарнасы 2010 жылы 7 қыркүйекте құрылып, «Qazaqstan» РТРК» АҚ құрамында жұмысын бастаған болатын.

Сағат 10.00-де «Сарыарқа» велотрегінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қызметкерлері арасында асық атудан турнир өткізіледі. Бұл жарыс ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Сағат 11.00-де «Comfort Hotel Astana» ғимаратында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жас отбасылардың «Отбасы - бақыт мекені» атты байқауы өтеді. Үш турдан тұратын байқауға еліміздің белгілі адамдары, мемлекеттік органдар өкілдері, Мәжіліс пен қалалық мәслихат депутаттары қазылық етеді.

Сағат 12.00-де қалалық саябақта мотокростан ҚР ашық чемпионаты өтеді.

Сағат 17.00-де «KeruenCity» ойын-сауық орталығында, «Меломан» дүкені аумағында Баян Мақсатқызының «Баян. Өзім жайлы ғана емес» атты кітабының таныстырылымы болады. Содан кейін Баян Мақсатқызының баспасөз мәслихаты, сағат 19.00-де оқырмандармен кездесуі өтеді.

Сағат 09.30-да Тәуелсіздік даңғылы, 54-мекенжайында Хакатон жасаушылардың форумы басталмақ. Оған қатысушылар 48 сағат бойы жалпықалалық әлеуметтік міндеттерді шешуге тырысады. Үздік жобалар WBAF 2018 кәсіпкерлер мен инвесторлардың Дүниежүзілік конференциясына жіберіліп, озып шыққандары стартаптардың «The Take Invest Summit» халықаралық конкурсына қатыса алады. Болашағы бар жобаларды Астана қаласының әкімдігі қолдайтын болады.

24 қыркүйек күні сағат 18.45-те Тәуелсіздік даңғылы 34-мекенжайында «Astana Innovations Challenge» аясында Хакатон қорытындыларына арналған баспасөз мәслихаты өтеді. Оның спикерлері: Астана қаласы инвестициялар және даму бойынша басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров,"Астана Innovations" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жаннат Дүбірова, БҰҰ даму бағдарламасынан Мұрат Нарқұлов.



 

Соңғы жаңалықтар