22 қыркүйекте қандай маңызды шаралар өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі оқырман қауымға 22 қыркүйек күні өткізілетін шаралар легін таныстырады.

22 қыркүйек күні сағат 09:30-да Сенатта «Орта білім жүйесін заңнамалы түрде реттеу, мәселелер мен оның келешегі» атты Парламенттік тыңдаулар өтеді. Жиынға спикер ретінде ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, ҚР Парламент Сенатының ғылым және мәдени-әлеуметтік дамуы бойынша комитеттің төрағасы Бірғаным Әйтімова, Қазақстандағы, Қырғызстан мен Тәжікстандағы ЮНЕСКО-ның өкілі Криста Пиккат қатысады.

Сағат 10:00-13:00 аралығында «Жастар» сарайында жұмыс жәрмеңкесі ұйымдастырылады. QAZAQ BANKI, КазкоммерцБанк, Тұрғын үй Жинақ банкі, ІІД, Ұлттық ғылыми-медициналық орталық, Ұлттық музей, «GLB» ЖШС секілді 50-ге жуық жұмыс берушілер ниет білдіргендерге жұмыс ұсынады. Барлық жиыны 500-ге тарта жұмыс орынына адам тартылмақ.

Сағат 11:00-да КАЗГЮУ университетінде шет тілдерін үйрететін EF Education First халықаралық орталығы серіктесе ашқан атаулы аудиторияның тұсаукесері өтеді. Жаңа кабинет мультимедиялық жүйемен қамтылған. Онда студенттермен тәжірибелік сабақтар өткізілетін болады.

Сағат 12:20-да Орталық коммуникациялар қызметінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның Вице-президенті Мейіржан Алпысбайдың қатысуымен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады. Баспасөз мәслихатының тақырыбы - «Болашақ» бағдарламасы бойынша конкурстық іріктеудің жаңа кезеңі.

Сағат 15:00-де Қонаев көшесіндегі «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында «Бала дауысы арман қанатында!» атты музыкалық жинақтың тұсаукесері өтеді. Аталған жинақ композиторлар Айсұлу Тан мен  Арасанбай Естеновтің еңбегі болып табылады. Жинақтағы 16 музыкалық композиция мерекелерге арналып жазылған.

Сағат 17:00-де «Астана» (Конгресс-холл) концерт залында Қазақстан халқы тілдерінің XІX қалалық фестивалі ұйымдастырылады. Кеште Жүгінісовтер, Шахаризат Сейдахмет, Әсем Омар және өзге де эстарада жұлдыздары өнер көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар